Қолөнер – сырлы өнер
"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруда зор маңызы бар. Мәдени мұраны игеру халықтың тарихи жадының негізі, онсыз шынайы патриотизм болмайды. Ол жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу үшін айрықша маңызды". Н.НАЗАРБАЕВ
Қолөнерді қазақтың ежелден келе жат-қан дәстүрі десек, қателеспейміз. Атадан қалған өнерді өлтірмей, осы күнге дейін жалғастырып келе жатқан қолөнер шеберлері Қостанай өңірінде баршылық. Бірақ, саналы ғұмырын шеберлікке арнағандар қазір аз. Сондай қолөнер шеберлерлерінің бірі – Әнуар Закария дейтін ағамыз. Ол кісі Федоров ауданындағы Успенов ауылында тұрады. Біз әдейілеп іздеп барғанымызда, ол кісі жолаушылап кеткен екен. Бейсауат жүрген бізді шебердің жолдасы Алма Харнайқызы мен балалары қарсы алды. Олар бізді қолда бар Әнуар ағаның істеген қолөнер туындыларымен таныстырды. Көбісі сатылып кеткен. Біз тек қолөнершінің күміспен және бағалы тастармен әшекейлеп, мал терісінен өндіріліп шығарған құрымнан тіккен кемер белдік пен кісе белдігін, 8 өрім қамшысын, ағаш тостағандарын ғана көрдік.
Шағын ғана ауылда тұратын қарапайым қолөнер шебері аталмыш өнерінің арқасында көптің алғысына бөленіп келеді екен. Оны ауылдастары он саусағынан өнер тамған шебер, ағаш ұстасы деп те құрметтейді.
– Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша, ат әбзелдерінен ер-тұрман, жүгенмен қоса түрлі үй жиһаздарын жасайды, қамшы өреді. Ағаштан түйін түйген шебердің есімі көпке таныс болмаса да, өнерін бағалайтын, шеберлігін мойындайтын ауыл тұрғындары жетерлік, – дейді бізге Әнуар ағамыздың жары Алма апай.
Алма апай мен Әнуар ағамыз 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, оларға қазақи тәрбие беріп отырған өнегелі отбасы. Сонымен қатар, Алма апай "Күміс алқа" иегері. Бүгінгі таңда жан-жақтағы ұл-қыздарынан 7 немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі де өнерден құр-алақан емес. Қазақстанның демографиясына үлкен үлес қосып, ұлттық құндылықтарды балаларының бойына дарытқан осындай қазақи отбасының өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған ауылда түтін түтетіп, дәстүрді дәріптеп отырғаны бізді қатты қуантты.
Аялап өсірген ұл-қызын мағыналы өмір сүруге баулитын ата дәстүрді ұмытпайық, себебі, біздің қанда текті болып тәрбиеленудің ғажайып үлгісі бар. Төбемізге көтеріп әспеттейтін ұлттық өнеріміздің қайнары сарқылмасын.
Ақнұр МҰСАБАЕВА
Суретте: Алма Харнайқызы немересіне Әнуар шебердің қолынан шыққан кісе белдік туралы сөз қозғауда.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.