Дархан МЫҢБАЙ: «Ғылымның өзі беделге емес, дәлелге тоқтайды»
Айтары бар адамның әңгімесі
Кешегі мен бүгінгінің айшықты тұстарының жаңғырығы, нағыз қазақтың қасиетін көрсететін де – тарихи жəдігерлер. Халқымыз салт-дәстүрлерді, шежіремізді жұрттың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз ететін тұрмыс-тіршіліктің берік қағидасы ретінде ұстанған. Әр дәуірдегі ел мәдениетінің, мол мұрасының айқын белгісі – сол құндылықтарымызды келешек ұрпақ үшін қайтіп сақтамақ керек? Олардың руханиятқа деген маңызы қаншалықты? Бұл төңіректегі тақырыптарда ат үстінде жүрген азаматтар ешқашан да бейжай қарамаған. Осы және қоғамдағы басқа да мәселелер туралы сұрақтарымызға Астанадағы Ұлттық музейді басқарып отырған Дархан Мыңбай мырза жауап берді.
«Топырағын тапқан дән өнеді»
– Түлкібас топырағынан түлеген ауыл баласы сонау Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітірді. Тілшіліктің тіршілігі қалай басталды?
– Журналистік жолым атақты Каз ТАГ-та басталды. Сол кезде министрлік кабинеті жанындағы ақпараттық агенттік еді. Мен соның Мәскеулік тобында жұмыс істедім. Басты міндетіміз – бүкіл одаққа, шетелге ақпарат дайындайтынбыз. Елдегі мәдениет, өнер, саясат, экономика, ауылшаруашылық және спорт салаларын түгел қамтыдық. Соның арқасында одақтық басылымдарда біраз материалдарымыз шығып жүрді. Бірақ сол кезде өзіміздің тегімізді өте сирек беретін, тек қана «ТАСС тілшісі» деп жазылатын. Владимир Акимов, Александр Масленников деген тәлімгерлерім көпті үйретті. Жаспыз. Қосымша жалақы табайық деп әр түрлі баспаларда жұмыс істеген кездеріміз де болды. Кейін ҚР Жоғарғы кеңесінің редакциялық баспа бөлімінде жұмысқа тұрдым. Онда Зейнолла Серікқалиев және Баймырза Дәуренбековтерден тәлім алдым. Өз қиындықтары мен қызықтары есте ғой. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай және ешқандай мемлекеттік тапсырыс орындамай күн көрген болатынбыз. Редакция қызметкерлері өздері газет сатқан күндер де өтті ғой. Негізі газет – келер ұрпаққа зерде боларлық, үлкен рух беретін орта.
– Қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосу – тілшінің басты міндеті. Қазір журналистерге деген сұраныстың деңгейі қандай?
– Қазақстанда жылына пәленбай студент бітіріп шығады. Алайда, жергілікті баспасөзде сапалы маманға деген сұраныс өткір күйінде қалып отыр. Көбісі журналистикаға түсу оңай дейді де, кейін жұмыс таба алмай жүреді. Қаншама жас уақытын құр жібереді. Адам өзінің шынайы бағасын өзі ғана бере алады. Қолыңнан келмесе, бұл саланың шебіне шығып қажет емес. Мен былтыр Павлодар облыстық бас редакторлар клубы өткізген «Журналистиканың өзекті мәселелері және болашағы» атты халықаралық медиа-форумға қатыстым. Осы шара аясында аудандық редакциялар қызметкерлерімен болған кездесуде бұған тағы бір көзімді жеткіздім. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі журналистерге Үкімет тарапынан мұғалімдер мен дәрігерлерге көрсетілетіндей нақты көмек болса екен дейсің. Сапалық деңгейге келсек, бүгіндері журналистика нақтылықтан виртуалды сипатқа көшіп келеді. Ол дегеніңіз, интернет-журналистика бара-бара алдыңғы орынға шығып кетуі ғажап емес. Кез келген тілші әлемнің кез келген жерінен қалаған ақпаратын ала алады және оны өз материалына қолдана алады. Келісеміз. Бірақ бұл өз кезегінде тағы бір үлкен проблеманың тінін тарқатады: біліктілік пен жауапкершілік қайда қалады? Көшіріп басудан тәжірибе келмейді ғой. Ол тілші керісінше, өз білгенінен айырылады, себебі ғаламтордағы ақпарат оны өзіне тартып тұрады. Ғаламторды бір күнге өшіріп тастайықшы, газет-журнал уақтылы жарық көрмесі анық. Тағы да соған тіреліп қаламыз. Батыста біздегідей лекті маман даярлау емес, нақты тұлға шығаруға ден қояды. Осы үлгіні біздің ipi компаниялар қаперге алса, мамандарды сапалы да білікті eтіп шығаруға мұрындық болар еді.
Сан қуамыз деп, сапаға нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз ба?
– Сіз ғасыр мен ғасыр ауысып жатқан шақта ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінен бастап, талай мемлекеттік қызметтердің басы-қасында жүрдіңіз. ЖаҺанданудың негізгі үдерістері – экономикаландыру, электронды басқару, әмбебаптандыру сан мыңдаған жылдардан бері сақталып келе жатқан, атадан балаға мұраға қалдырылған бабалар аманаты – қалыптасқан ұлттық құндылықтардың табиғи дамуына тұсау болмай ма?
– Қалыптасқан құндылықтардың басында салт-дәстүр тұр. Оның ішіне барлығын кіргізуге болады. Ділінен айырылған халық, ол өз жолынан адасады. «Бүйту қажет, сөйткен дұрыс» дей бергенді ұнатпаймын. Өз арамызда болсын, ұжымда болсын, істе көрсетсек қана нәтиже шығады. Рас, электронды заман. Өзінің талаптары бар. Бірақ, экономикалық мәселелермен қатар өзіміздің дәстүрлерімізді барлық деңгейде ұлықтауымыз қажет. Нақтырақ айтсақ, ол тек ұлттық киім кию немесе ұлттық тағамдар ғана емес, қазақтың қанында бар қасиеттерден ада қалмау. Отбасылық құндылықтардан бастайықшы. Әлгі «керек-керектерден» теріп, бір мысал айтайын. Қазір Қазақстанда егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүріп жатыр, олардың көбінің дені сау, кейбірінің табысы жақсы балалары бар. Айналайындар-ау, «бастыны идіріп, тізеліні бүктірген» уақытта осындай болып па еді? Қай тарихтан оқыдыңыз? Міне, ең үлкен проблема! Қоғамда ата-анасынан жастайынан айырылғандар көбінесе өзгелердің жәрдемі мен қамқорлығына мұқтаж болып қалады. Тағдыр тауқыметіне ұшырап, жетімдіктің ауыртпалығын тартады. Ал жетімге қарайласып, қолынан келген көмегін көрсету мұсылман кісінің міндеті әрі Алланың мұсылманға жүктеген аманаты. Осы аманатқа адалдық танытып, жетімге керекті жәрдемін көрсеткен жан ризашылыққа кенелетін амал жасайды. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлап, «бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Тағы да айтам, ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмаған.
– Мектеп жасынан бері «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» деп үйрендік. Ішінде көп саласы бар халық дәстүрі институтын дамытудың нақты жолдары деп нені айта аласыз?
– Жалпы, түп негізіне үңілсек, дәстүр, ғұрып мәселесі ол бір музейдің не болмаса, бір ұжымның қолынан келетін іс емес, ол бүкіл қоғамның, әрбір отбасының жұмысы екенін ұмытпағанымыз абзал. Басты шешім – оларды еш жалықпай насихаттай беру. Дәстүр деген ат шаптыру, көкпар тарту, Наурыз тойлау ғана емес. Керек десеңіз, әр тұрғын, намысы бар азаматтың отбасында «қазақтың иісі» шығып тұрсын. Ең болмаса, өзіміздің кітап оқу дәстүрімізді нықтап қолға алайық. Жоғарыда айтқан жаңа заманның талаптарында кітап оқымау деген жоқ шығар. Ата ұрпақ кітапты киелі санаған. Кеңес заманында да кітап оқу басты міндеттерден түспеген. Бұл ойға қатысты бір керемет сөз бар: «Түбінде кітап оқыған адам компьютер меңгерген адамды басқарады». Осыны жеткіншектің жадына сақтасақ, нәтиженің оңдығына көз жеткіземіз.
– Халықтың рухани құндылықтармен жетілетіні, мәдени парасатпен елдік істерді жүйелейтіні сізге етене таныс. Кезінде Қазақстандағы кітап шығару ісіне басты жауапты адам болдыңыз. Қазіргі әдебиеттің қорында руханияттың қайнар көзі, дәстүрдің алтын арқауы – қалың оқырманға берері мол толыққанды туындылар, шыншыл шығармалар, атқан таңдай ақиқат дүниелердің көп емес екені тағы бар. Қалтам қалың деп кітап шығара берсек, өзіңіз айтқан кітап оқу дәстүрінің құны төмендемей ме?
– Әрбір халық мәдениетінің биіктігі мен ділінің беріктігі шығарған кітабымен, оның
мазмұнымен, көркемдігімен, сапасымен, сауаттылығымен өлшенетінін айтайын. Тарихымызды таратып, дәстүрімізді дәріптеп жазатын заманды аңсадық, дербестікке жетсек дедік. Сол мамыражай заман, міне, туды. Ел болып, еңсе тіктеп, сан алуан тақырыпта кітап шығаруға мүмкіндік алдық.
Өзім білетін бір деректі мысалға алсам, 2011 жылы елімізде жалпы таралымы 16 млн 300 мыңнан асатын 5324 кітап жарыққа шықты. Бұл көрсеткіш адам басына шаққанда жыл сайын мемлекетіміздің бір тұрғынына бір кітаптан келетінін көрсетіп тұр. Енді аталған меже жылдан-жылға өсіп келеді. Сан қуамыз деп, сапаға нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз ба деген заңды сұрақ алдымызда көлденең тұрады. Кітап бір күн оқылып, ертеңінде ескерусіз қалатын мерзімдік дүние емес. Ол – ұрпақтан ұрпаққа мирас болатын рухани жәдігер. Атақты «Александрия кітапханасы» мен «Отырар кітапханасын» аңыз етіп айтамыз. Сондай-ақ, Армениядағы Матенадаран қолжазбалар орталығында V ғасырдан бергі көне кітаптар сақтаулы тұр. Бұл мұралар армян халқының ұлттық мақтанышына айналған. Заман өзгерген сайын, әр ұрпақ ғимараттарды өз талғамына сай өзгерте беруі мүмкін. Ал ұрпаққа мұра боп жететіні – кітап, жәдігерлер. Соны ойлай келе, көп даярланып, ұзақ толғанып «Ұлы Тұранның ұлдары» атты кітап жазып, алдыңғы жылдары жарыққа шығардым. Сапалы кітап шығару да үлкен ілім. Тәуелсіздікке қол жеткен соң бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай жазу үшін көп нәрсені қайта ақтарып, жаңаша жүйелеуге тура келді. Соның арқасында бірталай әдебиетті қайта оқып шықтым. Ұрпақ алдында тындырған шаруам, қалдырған мұрам деп осы кітабымды айтар едім. Бұл еңбегім замандастарыма, тұстастарыма ғана емес, келер ұрпаққа арналады. Белгілі жазушылар Арасанбай Естенов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әбубәкір Қайран сияқты қаламгерлердің еңбектерін жоғары бағалаймын. Солардың ізін енді кім басады деп үмітпен қашанғы жүре береміз.
Көзіқарақты жұрт ұғынуы тиіс бір мәселе бар. Қаламгер жақсы жазылған кітабының міндетті түрде жарық көретініне, рухани құндылықтар қатарына енетініне кәміл сенімді болу керек. Ал жақсы кітап деген не? Оның талабы қандай?.. Жақсы кітап жұртшылыққа ой салып, дұрыс бағыт көрсетер, тәлім-тәрбиелік мәні терең, ақылдың кені, кісіліктің кілті болуға тиіс. Қазір кім пысық, сол кітап басқыш. Жасыратыны жоқ, бәзбіреулер дүниесін малданып, сапасы мен сауаты төмен оқулықтарын басып жариялауды үрдіске айналдырды. Жазуға икемі барлар облыс, мекеме басшыларынан жалынып-жалпайып кітабын шығартып, содан кейін «өткізіп бер» деп тағы да сол орындардың маңайын жағалап жүру әдетінен әлі де арыла алмай келеді. Тіпті әлгідей әдіспен кітабын шығарып алған кейбір жазушылар таныс-тамырлықпен кеден қызметкерлеріне, дәрігерлерге, теміржолшыларға әке-көкелеп өткізіп кететіні де айтылып жүр. Көзбен көргендердің айтуынша, ақырында әлгі кітаптар темір жол бекеттері мен аурухана бұрышында үйіліп, жосықсыз материалға айналады екен. Бұл мемлекет пен халық алдында обал емес пе?! Сонымен бірге сұранымы болмаса да, оқырманы табылмаса да бір шыққан кітапты қайта-қайта бастыру автордың өзі мен баспаның беделіне нұқсан келтіретін жайт болуы керек.
Тіпті, техникалық мәселелерді айтар едім. Ұсақ-түйектің бәрі де кітаптың сапасын ажыратады ғой. Суреттердің астына жазылатын мәтін біресе бірінші жақтан, енді бірде үшінші жақтан жазыла береді. Тегін, атын жазуда бірізділік жоқ. Әрине, әулетке, шектеулі тума-туысқа арналған альбом, естелік, мерейтойға арналған құттықтаулар жинағы, мемуар кітап өз алдына, жеке басылып шықса, жанрына сай болса әңгіме басқа болар еді. Оған тыйым салуға болмайды, тек әдептен озбай, орнымен, ұрпаққа лайық етіп шығарған абзал. Мен мұны кітаптың шын жанашыры ретінде айтып отырмын. Ақшасын берді екен деп, барлығын кітапқа тоғытып сапырылыстыра беру – баспагердің өзін, кәсібін сыйламауы, тіпті мәдениетсіздігі дер едік. Көпшіліктің кітапқа деген ынтасы саябырсып бара жатқанда, азды көбейтеді деген ықыласты оқырманды осындай сүреңсіз кітаптармен үркітіп аламыз. Олар «шығарылған кітаптардың сиқы мынау болса, жазушыларың анау болса, басқадан не үміт, не қайыр?» деп теріс айналып кетпей ме? Енді 30-40 жылдан кейін бүгінгі шығарылып жатқан кітап үшін ұлт ретінде, қоғам өкілі ретінде ұялмаймыз ба? Рас, кез келген істен елге, ортаға, өзіне пайда іздегені дұрыс шығар. Әйтпесе жағымпаздық, кісі жағалағыштық құртады бізді.
– Бәрімізге белгілі, әмме қазаққа есімдері таныс қарымды жазушылар ұлт намысы сынға түскен күрделі кезеңде, келешек үшін әдебиеттің көшін алға сүйреді. Ал қоғам қайтарткерлері, сарабдал саясаткерлер қазағы қауқарсыз қалғанда қаңғырып кетпеді. Қолдады. Қиындықтың күрмеуі шиыршықтанған шақта қарнын сипап кабинетінде отырған шенеунік аз-тын. Халқымен бірге болды. Алайда, осы қоғамның жағымпаздық, бақастық деген қотырлары кетпек емес. Осылар қашан «шіріп», құрып бітеді?
– Негізі, біздің нағыз қазақы дәстүрге әлгіндегідей мысықтілеу, кей сәттерде көзге бірден басылатын ашкөздік, қомағайлық деген жат. Бұл еліктеуден шыққан нәрсе. Мұны жеке бір құбылыс ретінде қарауға болмайды. Білімсіздіктен, надандықтан келген дер едім. Ол қазір біздің қоғамда белең алса, солардың сарқыншағы деп қана есептеймін. Әркім өзі үшін жауап берсін, біреудің санасын өзгертеміз деп талпынбайық. Қазір мықты қайраткерлер осыған ұрынып қалуда. Совет үкіметінің солдаттары ғой. Көбі сол арнамен тартады. Керісінше, жастарға дұрыс жол ашу қажет. Тәрбие – идеологияның бір сабағы. Тәрбиенің бір жолы – өнеге. Бөліп тастамау керек. Өнеге алатын тұлғаларды насихаттау арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсетейік. «Елім, жерім» деген қаншама аптал азаматтар болды. Өзіңіздің Тобыл-Торғай топырағында сан ғасырлар сақталған мәдениет бар. Мәдениетті қалыптастырған ардалар бар. «Топырағын тапқан дән өнеді» дейді біздің қазақ. Ыбырайдың ізі, Ахметтің табы бар өлке. Мысалы, кешегі Өзағаңдар (Өзбекәлі Жәнібеков – авт.) осы Торғайдың дамуына қаншама үлесін қосты.
– Торғайда болдыңыз ба?
– Әрине. Исі қазақтың дәстүрі қалыптасқан жер ғой. Әр қазақтың табаны Торғайға тиюі керек. Бұл ешқандай жерге бөлінгендік емес. Талай тұлғалардың еліне әлі де келемін деген жоспар бар.
– Жоғарыда Өзбекәлі Жәнібеков туралы айттыңыз. Ол кісі көзі тірісінде-ақ өз жұртынан рух сардары деген атақ алды емес пе? Негізі, сол қатарлы тұтас ұлттың жанашырлары көзге көріне бермес бір бүйірде, еңбектері ескерілмей, көлегейленіп тұр деп ойламайсыз ба?
– Рас, қазір халықтың Ілияс Омаров, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлттың шын мәнінде қамқоршысы болған тұлғаларды аңсайтыны бар. Халық пен биліктің көпірі болатын адамдар сирек. Нағыз тұлға деп соларды айтамын. Педагог, ғалым-этнограф, тарихшы Ө.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. Белгілі бір кезеңде өмір сүріп, жарық жалғаннан өткен соң да аңызға айналып жүре беретін ғажайып адамдар болады. Сондай асыл адамның бірі – Өзағаң.
Олардың елге көрсеткен қызметтері тарихта алтын әріптермен жазылып тұр. Мемлекет тарапынан да елеп-екшеліп жатыр. Түрлі іс-шаралар өткізіліп, өз дәрежесінде құрметтеп жүрміз. Жастар да осындай ұлы тұлғалармен мақтанса дейміз.
«Қара шаңырақ қоғамдық ойға қозғау салатын жер болуы тиіс»
– Енді қазіргі «сапырып отырған қазаныңызға» келейікші. Әр дəуірдегі мəдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір рухани орда – музей. Ұлттық музейге бір мәрте болса да жолы түскеннің кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні хақ. Ішіне кірмесек те, түрлі бейнежазбалар арқылы куә болып, тамсандық. Сол ордада кемеңгер көшбасшылары бар, еңбегімен, ерлігімен, өнерімен бүгінгі күнге жеткен халықтың тамыры терең тарихы сыр шертіп тұр. Жауапты жұмысқа келгеніңізге де көп болған жоқ. Нақты бір міндеттер бар ма?
– Қазақта «қара шаңырақ» деген ұғым бар ғой. Мағынасы тереңдегі сөз. Оны тектен-текке айта бермеуі керек. Қара шаңырақ қоғамдық ойға қозғау салатын жер болуы тиіс. Әйткен күнде, ол өз атына сай емес.
«Енші алып, қалың түркі тарасқанда,
Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» – деп жырлады Мағжан. Халықтың қолынан туған ең үздік дүниелер ешқашан бір отбасының немесе әулеттің дүниесі болып қалмақ емес. Керісінше ойлайтындар ата-бабасына ұлттық дәрежеде емес, пендешілік деңгейде қарап отырғанын түсінбей жүрген секілді. Жұрттың сандығы мен сөмкесінде, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасы сақтаған» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Ал шындығында, бетін аулақ қылсын, оның оттан-судан сақтандырылмағаны былай тұрсын, кез-келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жойыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Шамамен алғанда, 50-70 жылда жеке азаматтың қолындағы бұйым, зат жойылып отырады. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Қазақта «атаның көзі» деген керемет сөз бар. Сондықтан кез-келген мұра музейде сақталуы керек. Оны ешкім ұрламайды. Қазақтың тарихы ешкімнен кем емес. Соны дәлелдеу үшін қытай, испан, араб тілін енгіздік. Мамандарымыз бірнеше тілді меңгерген. Музейді әлемдік деңгейге шығару үшін Ресей, Вьетнам, Кореямен ынтымақтастыққа қол қойдық.
«Ұлттық музейге сый тарту» жобасы жақында Қостанайда өтті. Ұлттық музейде қостанайлық қандай жәдігерлермен толықты?
– Ғылымның өзі беделге емес, дәлелге тоқтайды. Дәлел үшін айғақты заттар керек. «Музей – адам жадының аккумуляторы» деген еді Мекемтас Мырзахметұлы. Солардың бірі – музейдің орталық залындағы құрыштан құйылған жұдырықтай ғана бейне «Тобыл ойшылы» деп аталады. Аспанға телміріп отырған адам мүсіні 1977 жылы Қостанай қаласының маңынан, Тобыл өзенінің оң жағалауынан табылған екен. Ғалымдардың пікірінше, ол «қола дәуіріндегі мүсіншінің қолынан шыққан, әлемдік өнердің үздік үлгісі». Бар зейіні аспанға ауған ер адамның алға қарай ұмсынған кесек басы, қолақпандай мұрыны көзге оттай басылады. Еріндерін жымқырған күйі жақтары қарысып қалған адам. Жұдырықтай бейнеден шығармашылық серпіліс алуға болады. Мұның құпиясы ашылмаған. Ең қызығы, мықты-мықты ғалымдар әлі зерттей алмай жатыр.
Қазіргі күнде музейдің жалпы көлемі – 74 мың шаршы метр, жыл өткен сайын мұның өзі де тар болып қалуы мүмкін. Өйткені расында да түрлі жәдігерлер жиналып та жатыр, тағы әрі қарай қосыла береді. Жалпы музейге тапсырудың бірнеше түрі бар, ол сыйға тарту, уақытша және тұрақты түрде өткізу. Аталмыш акциямыз жыл бойына жалғасады және біз оны басқа облыстарда да өткізсек деген ойымыз бар. Музейдегі экспонаттар қатарында сонау тас ғасырындағы материалдар мен қолдан жасалған бұйымдар, сақ-скиф кезеңіндегі мұралар, ұлтымыздың зергерлік заттары, Қазақ хандығынан бастап қазірге дейінгі құнды материалдар, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның көркеюі мен нығаюының куәсі боларлық жәдігерлер қойылған. Ел iшiнен Кенен Әзiрбаевтың белдiгi, Қасым Қайсеновтiң жәдiгерлерi табылды. Ал, Алматыда композитор Шәмшi Қалдаяқовтың ұлы Мұхтар вальс королiнiң күйсандығын саяжайда тұрған жерiнен тарту етiптi.
– Өз елінің мәдениетін және тарихын бағалайтын әрбір азамат музейге келіп, ондағы құнды мұралармен танысуы керек. Жасыратыны жоқ, бізде әлі музейге бару мәдениеті толық қалыптаспаған. Бұл ретте «көш жүре түзеледі» деп өз-өзімізді жұбатудың жөні жоқ секілді…
– Әлбетте. Көршілес Қытай елінде оқушылар жылына ең кемі бір рет музейге баруға тиісті екен. Қазір бұл бастаманы Ресей қолға алғалы жатыр. Рас, музейге келіп қайтқан баланың білімі артпаса, кемімейді.
Жалпы, Қазақстанда 230-дан астам музей бар. Музей қалыптастыру жөнінен еліміздің тәжірибесі мол. Оған жинақталған тарихи-мәдени құндылықтарды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Ғимарат және оның қор сақтау құрылымдары жәдігерлерді барынша дұрыс сақтауды қамтамасыз ететін арнаулы патенттелген материалдан салынған. Сақтау қорындағы тиісті ауа температурасына, ылғал мен жарыққа қатысты техникалық құрылғыларды кәсіби мамандар қадағалап отырады. Ежелден бүгінгі күнге дейінгі Отанымыздың бай тарихын түгендеу және оны ұрпақтан-ұрпаққа жарқыратып жеткізу, ұлттың тілі мен ділін жаңғырту міндеті Ұлттық музейге жүктелген.
Бізде мамандандырылған бірнеше музей ашқан дұрыс. Мысалы, спорт музейі жетіспейді. Оған қоярлық жәдігерлер өте көп. Тіпті, жылқыға да бір музей керек. Жылқы музейін асылтұқымды жылқы бағатын атбегілердің өзі-ақ жасап шығаратын еді. Құрылыс саласына арналған музей ашсақ та артық болмас. Бұл енді алдағы күннің шаруасы.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ