Ұлтын сүйген ұл

Мүсінші Хакімжан Наурызбаев туралы сыр-сұхбат
IMG_6445Редакциядағы бөлмемде  Сәулеш Қозыбаева-Қошановамен сұқбаттасып отырмын. Бұл кісі Манаш Қозыбаевтың туған қарындасы. Меңдіқара ауданында тұрады.  ҚР Халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев туралы газеттің өткен сандарында жарық көрген мақалаларды оқып, үн қосуға келіпті. Екеуара әңгіме төмендегідей өрбіді.
– Сәуле апай, Хакімжан Наурызбаев қазақтан шыққан тұңғыш мүсінші. Осындай  белгілі тұлға туралы сыр ақтарғаныңызға қарағанда, ол кісімен жиі араласқанға ұқсайсыз. Туыстықтарыңыз бар ма еді?
– Өзімде соны айтайын деп отырмын. Біз аталас туыспыз. Керейдің Матақай тармағына жатамыз. Оның ішінде Сей-тімбетпіз…
Қалқам, туыстың да туысы бар ғой, тіпті кейде ең жақын адамыңмен де олай араласпайтын кездер болады. Өзімнің туған ағаларым – Манашпен, Оразалымен қатар қойсам, Хакімжан ағайды мен ешқашан бөліп көрген емеспін. Ол кісіден жасым көп кіші болсам да, көп араластым. Қарындасым деп ылғи мәпелеп отыратын мені. Біздің Мәкеңді  де өзінің туған інісіндей көрді.
Өзі өнерге бала жасынан әуес болды. Тума талант қой. Ол кезде қазақта мү-сінші деген жоқ. Мектепте жүрген кезінде саздан оны-пұныны істей беретін көрінеді. Бір күні атам: "Бәлен жерде жарылмайтын балшық бар. Соны әкеп берейін", – депті. Содан көптеген шағын мүсіндер жасамай  ма, онысын басқарма алып кетеді. Кеңсенің терезесінің алдына Ворошиловтың, Кировтың. т.б., мүсіндерін жасап, кептіріп қояды екен. Бірде Оңдасынов келгенде әлгі мүсіндерді көзі шалып: "Мыналарды кім жасады?" – деп сұрайды. "Мұны осында бір бала жасады", – деп жауап қатыпты басқарма. "Ендеше, сол баланы маған алып келіңдерші", – дейді үлкен кісі. Содан баланы көрген соң: "Сен менімен кетесің. Оқуға жіберемін. Бұл жерде не бітіресің?" – депті әлгі кісі. Сонда Хакімжан ағай жалаңаяқ кетіпті ғой. Анасы жоқ, әкесі малдың соңында. Баласының талабын сезген әкесі оқысын, текке өлмесін деген шығар, Оңдасыновтың өзі сұрап келгесін жіберген екен. Алдымен Хакімжан  ағай  Алматыда оқып, Әбілхан Қастеевтің қасында жүрген. Бірақ Қастеев қылқаламның шебері, мұның көздегені басқа. Содан бертін келгесін оны Харьковке оқуға жіберген. Студент кезімде көп араластық. Бір үйде жаттық. Кейін мен бір-екі жыл оқығасын Қостанайға ауысып кеттім.
Осыдан бірер ай бұрын "Қостанай таңы" газетінен  Жанұзақ Аязбековтің ҚР  мәдениет қайраткері Тілеуберді Бинашевпен сұқбатын оқыдым. Ол кісі  шәкірті ретінде  Хакімжан ағаның есімін мектепке беру, бюст орнату сияқты мәселелерді көтерген екен. Бірақ, соның іске асуы маған  екі  талай  іс  сияқты  көрінеді.  "Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді", – деген  сөз бар ғой, мәселе көтерілсе де жоғарыдағылар "сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың" керін келтіре ме деген ой жаныма батады.
– Ол кісіні бала кезіңізден білетін бе едіңіз? Мүсіншімен жақын араласқан жылдарыңыз қай тұс?  
– Негізі, ағаны жақсы таныған кезім – ол кісінің оқу бітіріп, Алматыға келіп орналасқан кезі. Оған дейін  Харьковте жұмыс істеген ғой. Кудрявцева деген кісі дәріс берген.Сол кісі айтыпты: "Хакімжан, сен Қазақстанға несіне барасың, онда сені ешкім танымайды. Қазақтарда мүсінші (скульптор) деген түсінік жоқ. Осында жұмыс істеп жүре бер.Сен мұнда атақты адам боласың", – деп. Бірақ ол кісі ештеңеге қарамастан Алматыға келді. Бірақ, мұнда  танитын адамы да, пәтері де жоқ. Әйтеуір еліме қызмет етемін деп келгені анық.
Д.Қонаевтың тұсында үкімет басшылары барынша бағалады. Хакеңді көп тарықтырмай  Фурманов көшесінің бойынан тәуір пәтер берді. Ағай өзі салт басты болғандықтан  үй күтуші  жалдады. Тетя Лида деген биязы, орта жастағы орыс әйелі еді
Мен ол кезде студентпін. Манаштың оқуын бітіріп Қостанайға кеткен кезі. Ағай жұмысқа орналасып, пәтер алған соң әкесін  қолына  көшіріп  алды. Атамыз Есімқанды  ел іші Бітік деп атайды. Атам ұзын бойлы, дембелше келген ақсары кісі болатын. Көздері қысықтау болған соң жеңгелері атын атамай, Бітік қайнымыз деп кеткен көрінеді.
Екі ер кісі бір жерде. Атамның кейін алған кемпірі бар еді. Ол кісі қалаға үйренбеген, көп тұрмай кетіп қалды. Содан  екеуден-екеу қалады. Үлкен кісілердің жуатын кірлері болады. Атамның көңілін қимай өзім бірінші курста оқып жүрсем де сенбі,жексенбіде барамын. Ол кезде жатақханада адам көп, бір бөлмеде 30 шақты қыз жаттық. Ондайда: " Ой,қарағым сорлайсың, үйге жүр", – деп алып кетеді. Сөйтіп күн көрдік.
Атам елден  келген кезде ешкімді біл-мейді, танымайды. Сондықтан  мені ылғи іздеп, күтіп отыратын. Алматыда біздің елдің студенттері көп оқиды. Жастар ағайдың  үйіне жиі келіп тұрушы еді (Кейін көбісі белгілі қоғам қайраткерлері болды).  Хакімжан  ағаның бір жақсы қасиеті солардың ешбіреуін алаламайтын. Танысын-танымасын, бәрін бауыр көрді. Күндеқызық, Молдақай, Жақия, Қабдуали сияқты інілеріне бас-көз бола білді. Ешкімді жатсынған жоқ.
– Хакімжан Наурызбаев еңбекқорлығы жайлы не айтасыз? Білетіндер ол кісі шаршауды білмейтін еді дейді. Сіз енді көзін көрдіңіз ғой.
– Оның рас, қарағым. Жұмысқа берілгендігі сондай, ештеңемен санаспайды. Үйім бар-ау, бірдеңе керек-ау деп әсте ойламайтын. Бар ықыласы жұмыста.  Ол уақыт ағайдың шығармашылығы нағыз кемеліне келген шағы. Жұмысқа жанкештілікпен, бар ынтасымен кірісті. Көп уақыты эскиз жасаумен өтетін. Үйге кіріп тамақ ішеді де, шаруасын жалғастырады. Кейін Манаш Қостанайдан Алматыға кетті, Бірде Мәкең ағайдың жұмысы туралы былай дегені бар: "Біздің жұмыс істегеніміз бекер екен, жұмыстың ауыры – Хакімжандікі,  күніне бәлен рет баспалдаққа мініп-түсіп, шелек-шелек раствор тасиды да жатады. Бұл деген нағыз қара жұмыс қой. Ал тасқа жан бітіру үшін ми керек, бұл жағынан Хакең нағыз психолог!" Расында да, ол үшін асқан дарын болып туу керек шығар.
Күн ұзаққа солай дамыл көрмейді. Абай мүсініне үш-төрт жыл бойы эскиз жасады. Өзі соған ұзақ қарап отыратын. Шамасы көңілінен шыға қоймайтын болуы керек, келесі күні қайта өзгертеді. Не керек, бұл өзі бір бітпейтін тіршіліктей көрінетін. Түн баласы ұйқы көрмейді.  Жиі қалың ойдың құшағында  жүрді.
Ағай кеш, қырық жастан асып барып  үйленді. Жеңгеміз қырғыздың қызы, есімі – Арсан. ЖенПИ-ді бітірген. Парасатты, кісілігі мол, мінезі жұмсақ қадірлі адам еді. Күйеуін түсініп, қолынан келгенше  бар жағдайын жасады. Әттең, бертін келе ауруға шалдықты. Қашан көрсең де ісіп-кеуіп, жаны күйзелісте жүреді. Көп ұзамай  дүниеден  озды.  Жұбайы   қайтқанда ағай қатты қайғырды. Ол кезде жасы ұлғайыңқырап қалған-ды.
Кейін Мәриам Хакімжанованың мү-сінін сомдады. Сондай өзі  айтатын: "Мен бұл кісінің психологиясын тез түсіндім. Апайдың мүсінін жасау қиын болған жоқ", – деп. Одан соң  Ғабеңнің-Ғабит Мүсіреповтің мүсінін салды. Сол кезде ағай көп қиналды. Қолы бірден жүре қойған жоқ. Негізінен Ғабең кісіге ашыла қоймайтын, тәкаппарлау кісі ғой. Туабітті мінезі сол. Ол шеберханаға келіп отырады, бірақ жан баласымен ашылып, көп сөйлеспейді. Хакімжан ағай болса, жазушының образына ене  алмай жүреді екен. Жұмысы өнбейді. Бір күні Манашқа: "Ертең Ғабең екіден төртке дейін маған келеді. Сол кезде маған соғып кетші. Екеуің әңгімелесіп отырғанда мен ол кісінің бейнесін сомдауға тырысайын", – деп айтыпты. Көргенінен гөрі, түйсігіне, түсінігіне көп сенетін жан еді ғой Хакеңдер. Содан Мәкең келгеннен кейін ана кісі көңіл-деніп, екеуі шәй ішеді. Сол кезде Хакімжан ағай Ғабиттің мінез-құлқын дөп басып, мүсіндеп шығады.
Кеңсайдағы Ғабеңнің бейіті басындағы мүсінді  Хакімжан ағай жасаған.Тізе берсек бұл кісінің еңбегі орасан. Абайды, Шоқан Уәлихановты, Ғабитті, Сәбеңді, Кәмшат Дөненбаева, Оразалы Қозыбаевтың мүсіндері ерекше сомдалған. Ана бір жылдары Аманкелді ауданында "Батырлар аллеясы" ашылды. Сонда Батыр атындағы ауданда Социалистік Еңбек Ері атағын алған кісілердің мүсіндерін соқты. Сол жылы көп табыс тапты. Негізі, бұл кісі дүниеге қызықпайтын. Бар-жоққа аса мән бере бермейді.
– Сонда тапқан табысын қалай ұқсатушы еді?
– Жаңағы ақшасына таудың етегінен екі қабатты үй салғызды. Өзінің жеке шеберханасы да жоқ болатын. Шағын екі қабат үйдің бір үлкен бөлмесі  биік,  еңбек етуге лайықталып жасалды. Мүсіншінің біраз туындысы сол  жерде дүниеге келді. Басына балшық түспесін деп беретка киіп алатын. Раствор тасу үшін жұмыскер жалдайды. Әйтеуір, бар өмірі сонда өтті ғой. Ағаңның бір жанары жоқ. Бала кезінде  бір көзінен айрылып қалды. Бертінде Бауыржан  Момышұлының  мүсінін  жасап   жатқанда бір орыстың мүсіншісі: "Мен жасаймын. Сенің қолыңнан келе қояр ма екен.Бір көзің жоқ, істей алмайсың ғой", –депті. Мұқатқаны ғой. Ол кісі өзі шыдамды, салмақты болатұғын. Көп сөйлемейтін. Сонда Баукең шыдай алмай: "Оттапсың. Оның көзі көкірегінде. Ол сенен жақсы көреді", –депті. Ондай кісілер қазір жоқ.
Хакеңнің ең жақыны – кәсібі. Балшық,мүсін. Өз балаларынан да бір рақат көрген емес. Перзенттері үмітін ақтамады. Жаман әдеттерге үйір болды. Не керек, ағайға асыл болмады, масыл болды. Раушан деген қызы ғана қазір Хакімжан ағамның түтінін түтетіп отыр. Ауырған кезде қызмет еткен сол қызы.   
Бұл кісінің жанына жалау етер ешкімі болмады. Соңғы кезде мемлекет тарапынан да ешқандай қамқорлық көрсетілген жоқ. Ағай ішіндегісін көп жұртқа айта қоймайды. Томаға-тұйық қана жүрді.
– Елде бұл кісінің бірге туған туыстары жоқ па?
– Ағайдың алды-арты жалаңаш еді, аға-інілері жоқ. Екі қарындасы елде, біреуі – Күләш, Асқар Бектібаевтың әйелі, екіншісі – Бану апай да  ауылда. Көңілін тапқысы келіп жүретін жалғыз Манаш болатын.  Орекең қайтыс болып, ас беріп жатқанбыз. Жанында отырған Манашқа Хакең: "Сенің алдыңда кетсем армансызбын, мені де сен жөнелтесің, есіңде болсын" – деді. Онсыз да қара жамылып отырған көкем: "Аға, соны бүгін айтпаңызшы, онсыз да күйзеліп отырмын, жанымда жүре бер", – деді. Ағай ойланып қалды. Артынан бекер айттым-ау өзі қажып отырғанда деп өкінді. Бірақ, бір кем дүние,  ағай Манаштың да артында қалып қойды. Кейін ағайдың өзі қайтқанда дұрыстап жөнелтетін де адам болмады. Артында іздейтін баласы  жоқ.  Елде де оны керек қып жатқан бір адамды көрмедім. Негізі, Наурызбай, Ырғызбай бірге туады. Ырғызбайдың көзі ашық, баласы бар еді. Бірақ ол  ертерек қайтты. Сартай деген інісі бар-тын  осы Қостанайда. Ол да Хакімжан өлгенде  бар-ған жоқ-ау деймін. Содан Манаш ағамның үйіндегі жеңгеміз, мен, Сағымбай інім екеуі бар рәсімін жасап, соңғы сапарға шығарып салды.
Тірісінде де қызық көрмеді. Өлгенде де сол. Ең болмаса бір жерге бюстін орнатып қойса, мектепке атын берсе деген ой келеді кейде. Бірақ іздеушісі жоқ қой. Мәкеңнің көзі тірі болса, мүмкін бұлай болмас па еді. "Егер жағдайы жақсы болғанда әлі де еліне, халқына көптеген өлмес туынды жасап кетер еді", – деп ойлаймын қазір. Шіркін, дүние-ай!
Ағайдың есімін ел есіне қалдыру үшін бар жанын салып, шырылдап жүрген шәкірті Тілеуберді Бинашев мырзаға көп рахмет! Енді ат үстінде жүрген азаматтар атсалысар деген үміттеміз.
–Тұщымды әңгімеңізге рахмет, апай. Әлгінде Сіз айтқан мәселелерді ел ағаларының еншісіне қалдырайық. Бәлкім бірі болмаса, бірі ойласар. Шын мәнінде, Хакімжан Наурызбаевтай дара тұлғаның  есімін ұмыт қалдыру елдігімізге  үлкен сын.                                                                                 
         Сұхбаттасқан Айбек КӘДІРҰЛЫ.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓