Нәрестелерге – Президенттен тосынсый

Қазақстанда  Тәуелсіздік күні нәрестелі болған ата-аналарға "Сүйінші" сыйлық бокстары табысталып жатыр. Тосынсый Тобыл-Торғай өңіріне де жетті.
Қазақстанда Тәуелсіздік күні туған 2 мыңнан астам балаға мерекенің 30 жылдығына орай естелік baby-бокстар үлестірілуде. Қостанай облысында 16 және 17 желтоқсанда 77 сәби дүниеге келді. Бүгін сәбилерге baby-бокстарды жеткізу басталды. 
 "Сүйінші" сыйлық қораптарына ең қажетті заттар, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау ашықхаты бар. 
 "Сіз бұл әлемге біздің еліміз үшін ерекше сәтте келдіңіз – бұл күндері біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Сіз бақытты жұлдыздың астында дүниеге келдіңіз деп айта аласыз, сондықтан ол сіздің бүкіл өмір жолыңызды жарқырата берсін!" – делінген Президенттің құттықтауында. 
 Сондай-ақ, Baby-бокстарда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығарылған естелік монета және жаңа туған нәрестенің алғашқы құжаты – баланың туу туралы куәлігі бар. 
 "16 және 17 желтоқсанда туған нәрестелерге арналған құжаттарды алуға өтініштерді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері перзентханаларда қабылдап, АХАТ органдарына жіберілді. Қостанай облысында барлығы 77 сәби мен олардың ата-аналарына baby-бокс табысталады", – деді "Азаматтарға арналған үкімет "МК" КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Шыңғыс Әшірбеков. 
"Біз 30-дан астам baby-боксты Қостанай қаласына жеткіздік, қалғандары Қостанай облысының ауылдары мен қалаларына жіберілді. Сыйлықтар қысқа мерзімде тиісті мекенжайына жеткізіледі", – деп сендірді "Қазпошта" АҚ Қостанай филиалының орынбасары Қайрат Сағадиев. 
Айта кетейік, Сүйінші-бокстарды ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, ҚР Ұлттық Банкі, ЦентрКредит Банкі және "Қазпошта" АҚ-тың жәрдемімен жүзеге асырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓