Саяхаты түрмемен аяқталды

Рудный қаласында дүкенді тонап, сатушыны майып қылған Ресей Федерациясының азаматы 6 жылға бас еркінен айырылды.рф
Іс материалдарына сәйкес, 29 жастағы РФ азаматы Павел Комиссаров Рудныйға келіп, барлық ақшасын жұмсап жіберген. Қалтасының "тесілуі" оны қылмыс жасауға итермелейді. Ол барлығын жоспарлап алады: алдын ала жиналмалы пышақ дайындап, жеңсіз күртеден бетперде жасаған. 
Павел "шаруаға" 6 мамыр күні кіріседі. Таң алдында екі танысымен қыдырып келіп, біреуін қасына ертіп "Успех" дүкеніне кіреді. Нысанның тонауға ыңғайлы екеніне көзі жеткен ол қасындағы досын шығарып салып, қаскүнем әрекетін іске асыру үшін қайтып айналып келеді. Тыста бетпердесін киіп алып, дүкеннің есігін іштен жауып кіреді. Жәбірленуші шабуылдан қорғану үшін қылмыскерге бос жәшік лақтырған. Комиссаров қарсылыққа жауап ретінде қалтасынан бәкісін алып шығып, азаматшаның қолына, бетіне, денесіне соққылар жасайды.
Осы уақытта дүкеннің қосалқы бөлмесінен екінші сатушы азамат көшеге жүгіріп шығып, көмек сұрап айқайлайды. Қылмыскер істің насырға шабарын түсініп, табанын жалтыратқан.
Ауыр жарақат алған жәбірленуші жансақтау бөліміне жатқызылған. Оған ұзақ уақыт ем қабылдауға тура келді. Ақыр аяғында азаматшаның денсаулығына көп нұқсан тиді: көру сезімі бұзылған, бетінің сол жақ бөлігінің жаны кеткен, сондай-ақ, сол жақ қолының саусақтары қозғалысқа келмейді.
Рудный қалалық сотының үкімі бойынша, Павел Комиссаров ҚР ҚК 192-бабына сәйкес 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
"Сонымен қатар, сот жәбірленушінің пайдасына материалдық шығын мен моральдық зардап есебінде одан 2 млн теңге өндіріп беру шешімін шығарды", – делінеді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓