Берекесі тарқамаған Бидайық
Кезінде өрісінде төрт түлік мал өрген Бидайық совхозында 100-ден астам үй болатын. Сол уақытта атағы дүркіреп тұрған егінді совхоздың бірі еді. Қамбалы астықтың ордасына айналған бұл елді мекенде таңертең күн шығысымен табынды сиыр, отар-отар қойлар жыпырлаған қоғадай өріске кетіп бара жатса, механиктер мен инженерлер комбайн, трактор тағы да басқа техникаларын от алдырып, егін себу науқанына қызу дайындық үстінде болатын. Ал қазір ол дәурен келмеске кеткендей. Совхоз тарап, Бидайық ауылы атанды. Ондағы тұрғындардың жартысынан көбі қала мен басқа елді мекендерге қоныс аударды. Бас- аяғы жиырма шақты үй қалды. Түтіні түзу шығып, қазаны оттан түспеген берекелі ауылдың бірлігін сақтап қалған Қайрат Сайранұлы кешегі кеңес кезінде айналысқан егін шаруашылығынан бірде-бір қол үзген емес. Керісінше, жер көлемінің ауқымын кеңейтіп, жылдан-жылға дамыту үстінде. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істеп, мал шаруашылығын қайта ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Көршіге қарап бой түзейтін қасиет қанымызда бары рас. Ауыл азаматтары былтырғы жылдан бері мал тұқымын асылдандыру мақсатында “Сыбаға” бағдарламасына қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Бұл, біріншіден, ел мерейі, екіншіден, ауылдың алға қарай қайта қадам басып келе жатқанын байқатады. Шүкір, өзге шағын ауылдарға қарағанда көш ілгері. Еңбекқор азаматтардың бары қуантады. Осы ауылда қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы бар. Оның іргетасы 1992 жылы қаланған. Арада 10 жыл уақыт өткеннен кейін Құрманғазы Жанділдин күрделі жөндеу жұмыстарына қол ұшын беріп, жомарттық танытқан. Биыл баба атындағы мұражай мен кесенені “Әділет” ЖШС жетекшісі Аңсаған Бақбергенұлы қайта жаңартып, сыртын заманауи кірпіштермен көзге қанық көрінетіндей етіп өргізген. Мұражай мен кесененің ара қашықтығы – 70-80 метр. Осы аралықты төсеніш тастармен жалғаған. Тарихи мұражай мен кесененің маңайын гүлдендіріп, көшет ағаштарын отырғызу – ауыл тұрғыны, шырақшы Нағашыбай Бірмәновтың мойнында. Нәтижелі еңбегінің арқасында “Халық қозғалысының 100 жылдығына” арналған төсбелгімен марапатталды.
-Біздің ауыл – тарихи жер. Сондықтан болар, жаз айларында сырттан келетін келімді-кетімді кісілер көп. Бабамыздың кесенесіне табынып, дұға қылады. Мұражайын аралап, тұлға жайлы деректерден мағлұматтар алады. Бір айыбы, ішінде электр жарығы жоқ. Бағанның басынан сым келіп тұр. Бірақ электр есептегіш құрал болмағандықтан, рұқсат етпей отыр. Ауыл әкімдігі мен Торғай мұражайлар кешенін тарапынан қолдау көрсетсе деген ұсынысым бар. Өз қаражатыма алайын десем, 10 жылдан бері ақысыз жұмыс істеп келемін. Әрине, бабамыз үшін еңбегімді сатпаймын. Менің де бала-шағам бар. Оның үстіне, жаз айларында отырғызған көшеттер мен гүлдерді суаруға техникасы бар азаматтарды жалдап, тасып құямын. Соның арқасында осыдан үш жыл бұрын отырғызған 9 түп ағаштың биіктігі кісі бойынан асты. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, күз айы болса да гүлдердің өзі әлі қураған жоқ. Күтім, еңбектің арқасы… Жұбайым мұғалім. Балаларым мектепте оқиды. Өзім қолымдағы азын-аулақ малымды бағып күнелтудемін. Жұмыссыздық есебінен еңбекақы төлесе жаман болмас еді. Тазалық айларында мұражай мен кесененің жан-жағын тазалап, шардақтарын сырлап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын үнемі назарда ұстап отырамын, – дейді шырақшы Нағашыбай Аралұлы.
Арнайы ауылға барған соң Міржақып бабамыздың кесенесіне соғып, тағзым етуді жөн санадық. Құран бағыштадық. Кесененің жөндеу жұмыстары сапалы жасалыпты, мәрмәр тастармен өрнектелген. Төбе күмбезінің өзі күнге шағылысып, әртүрлі түстермен ерекшеленіп тұрады. Баба кесенесі ауылдың қақ ортасына орналасқан.
Суретте сырт пішіні шағын болғанмен, ішіне кірсеңіз екі қабатты мұражай. Жоғарғы қабатында Міржақып бабамыздың замандастарымен, отбасымен түскен және өзінің естелік қабырға суреттері, тұс киіздері мен тұтынған көне заттары бар.
Ал мынау бес жұлдызды – дүние бабамыздың Соловецк лагеріндегі қабірінің басына қойған белгісі. Мұны ұрпақтары 1992 жылы арулап әкеліп, мұражайға ескерткіш ретінде тапсырған.
Үйлері азайып, халқы көшіп кеткенмен, бірлігі тарқамаған Бидайық ауылының бүгінгі жай-күйі осындай.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы