31 жастағы жүкті әйел көз жұмды
Туыс-туғандарының айтуынша, марқұм Оксана Гладкова қазан айының басында өзін бірқалыпты сезінген. Жүктіліктің бес айы ойдағыша өткен. Алайда ағымдағы айдың 2-нен бастап кенеттен денсаулығы сыр беріп, жақындары жедел жәрдем шақырады. Сөздерінше, дәрігерлер бригадасы жеделдік танытпай, бір сағаттан соң жеткен.
Қаралы әкесі "Оксанаға бар болғаны дәрі берді, сол ғана…" дейді. Нақ осы жайт келесі күні шақыртқанда да қайталанған.
-Олар қызымды дүйсенбі күні түнде алып кетті. Түнгі сағат 2-де алып кетіп, 12 сағат бойы анда-мында жүгіртіп діңкелеткен, бір ауруханадан екіншісіне сүйрейді. Нақты ешқандай алдын алу шарасын қабылдамаған, бұндай жағдайда дереу шешімге келулері керек еді ғой, жүрдім-бардым қарағандары қынжылтады, – дейді Оксананың әкесі В.Чернов.
Ақыр аяғында Оксана облыстық ауруханаға жатқызылады. 4 қазанда ақ халаттылар оның құрсағындағы баланың өлі екенін айтып, диагноз қояды. Кесарево арқылы ота жасалып, кейін жансақтау бөліміне ауыстыруға тура келген. Келесі күні, 5 қазанда Оксана көз жұмды.
-Алдын ала диагнозды алға тартқан дәрігерлер ағза отаға төтеп бере алмағанын, бүйрек жұмысы бұзылғанын айтқан. Алайда басты кінә – медициналық көмектің уақытылы көрсетілмегендігінде. Жедел жәрдемді бірнеше мәрте шақырған. Алғашқы шақырту 2 қазанда болған еді, өлім 5-де тіркелді, яғни үш күн құр бекер әуремен өткен. Ол болса алғашқы жүктілік мәселесі бойынша тіркеуде тұрды, медициналық картада барлығы көрсетулі тұр, бірақ бұған ешкім мән қоймаған,-дейді отбасының жақыны И.Васильев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар аталмыш оқиғаға қатысты тексеріс, сараптама жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Дәрігерлер кінәсінің бар-жоғы тексеріс қорытындысы бойынша анықталмақ. Ал марқұмның туыс-туғандары облыстық прокуратураға және ІІД-не арыз беріп қойған.
"Алау" материалдары бойынша