Жас сарбаздар әскерге аттанды

Батыр бабаларымыз тұлпарының тұяғымен сызған қастерлі шекараны, ұрпағына аманат еткен ұлан байтақ жерді көзінің қарашығындай қорғау – әр азаматтың ең басты парызы мен міндеті. Осыны басшылыққа алып, күзгі әскерге шақыру науқанындағы сынақтардан сүрінбей өткен ұландардың алғашқы легі Отан алдындағы борышын өтеуге әзір. Кеше Рудныйдың «Орбита» ойын-сауық орталығында жас сарбаздарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға әкімдік пен қорғаныс бөлімінің басшылары, соғыс ардагерлері, әскерилердің ата-аналары мен туыстары да шақырылды.арм
Әскерге аттанып бара жатқандар осы кезге дейін біреуі бір отбасының тұңғышы, енді бірі үйдің еркесі болған. Енді олар ата-ана, туған-туыспен бір жыл көріспейді. Дегенмен жаужүрек ұлдардың көзінде ешқандай өкініш пен қорқыныш жоқ. Керісінше, бойларын мақтаныш сезімі кернеп тұр. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина жастарды өміріндегі айтулы оқиғаларымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.арми
– Сіздер әскерде жүріп, Рудный қаласын тек қана жақсы қырынан танытасыздар деп сенемін. Бір жағынан, әскери өмір сіздерді шынықтырады, темірдей тәртіпке үйретіп, болашақта зор мүмкіндіктер ашады. Біз сіздерді асыға күтеміз. Отан алдындағы абыройлы міндетті ойдағыдай атқарып, аман-есен оралуларыңызға тілектеспін, – деді ол.
Күзгі әскерге шақыру барысында 100-ге тарта рудныйлық азамат таңдап алынып, олар аэромобилді, шекара, әуе және теңіз әскерлері мен ҚР Ұлттық гвардиясына жіберілмек. Әзірге олардың алғашқы легі, тепсе темір үзетін 25 жігіт сақадай сай тұр.армия
Салтанатты шара барысында соғыс ардагері Константин Брезговин, қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Павел Бурцев пен «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы сарбаздарға ақ жол тіледі. Ал жергілікті шығармашыл ұжымдар болса, ән мен биден шашу шашып, кештің сәнін келтіре түсті. Айта кетейік, көктемгі әскерге шақырту барысында 84 жігіт әскерге аттанған болатын. Қазірдің өзінде олардың көбі келісім-шартпен қалуды жоспарлап отыр.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓