Суицид – жанды мәселе
«Жыл сайын 350-ден астам адам өз–өзіне қол жұмсап, 500-ден астам адам өз өмірін үзу үшін әрекет жасайды», – дейді облыс прокуроры М.Қайбжанов. Мұны ол Қостанай облысының прокуратурасында өткен алқа отырысында айтты.
Жиында 2016 жыл қорытындысы жасалып, алдағы кезеңге мақсаттар қойылды. Бүгінгі таңда прокуратура жаңаша сапалы жұмыс деңгейіне өтті. Бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады, олардың оң нәтижелері көп күттірген жоқ.
Облыс прокуратурасының алқа отырысында соңғы жылдары ересектер мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі алаңдаушылық тудыртқандығы айтылды. Жыл сайын 350-ден астам өз-өздерін өлтіріп, 500-ден астам адам сол үшін әрекет жасаған. Бұл мәселені шешу үшін облыс прокуратурасы «Өмір сүру керек» атты жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл жобаның мақсаты – әртүрлі жастағы облыс тұрғындарының арасындағы суицидтердің алдын алу. Осы жобаға қатысушылардың біріккен жұмысы өмір сүру жағдайын жақсартуға мұқтаж адамдарды анықтап, оларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталды.
Деректер базасы құрылды, қазіргі уақытта оған 300-ден астам адам кіреді. Оларға, жұмысқа орналастырудан бастап, жеке психологиялық көмек көрсетуге дейін қолдау жасалады.
Алқа отырысында облыс прокуроры М.Қайбжанов: «Қазіргі уақытта 16 адам жұмысқа орналастырылды, 86 азаматқа медициналық көмек көрсетілді, оның 55-і маскүнемдіктен емдеуге жіберілді, психолог көмегімен 176 адам қамтылды», – деді.
Жоба аясында елу шақты педагог-психолог, он шақты психиатр бос лауазымдары толтырылды. Оларға оқу ұйымдастырылып, әдістемелік көмек көрсетілді.
Облыс прокуратурасының базасында суицидті насихаттайтын интернет ресурстарына мониторинг жасау ұйымдастырылды, сондай 13 сайтқа тыйым салынды.
«Біздің талпыныстарымыз өз нәтижесін берді. Өткен жылы суицидтер саны 11%, ал жасөспірімдер арасында 12% төмендеді. Жобаны жүзеге асыру жалғастырылуда», – деп түйіндеді облыс прокуроры М.Қайбжанов.