Қамшы өрген қазақ
Қамшы – қазақтың рухы. Мәдени-тұрмысымызда да мәні зор, алар орны орасан. Қамшының түрі де, қасиеті де көп. Бұның қыр-сырына біздің ата-бабамыз бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен.
Сондықтан болар, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы қойған. Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің "мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен" деген тілеуі екен.
Қамшы тек қазақ халқына тән нәрсе. Ал қамшыгерлік қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан ұлттық өнердің бір түрі. Бұрындары әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар жәй өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талап-талғаммен қырлап, жұмырлап, бұрап, бір сөзбен айтқанда көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген.
Мінеки, ата-бабамыздан жалғасқан осынау қасиетті өнер бүгінде біздің Соналыдай қазақ ауылында да сақталыпты. Қамшы өретін қазақтың есімі – Эдуард Бекмағанбетов. Ол – бұл өнермен біраз жылдан бері машықтанып келеді. Өзі ғана айналысып қоймай,оны жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап жүр. Яғни, бабадан қалған өнерімізді кейінгі болашағымыз жалғастыру үшін барын салмақ.
– Ауылдағы адамдар былғарыдан жасал-ған қаншама сыртқы киімдерді керек қылмай, сыртқа сырып тастайды. Мен соларды сұрап алып, өзімше кәдеге жаратамын. Яғни, қамшының басын содан өріп, сабын ағаштан жасаймын. Бұған қоса үстел, орындық, пышақ және оның қабын жасауды әдетке айналдырғанмын – дейді әңгіме барысында ол.
Жалпы, қамшыгер қамшы өруді ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ұлттық өнер болғандықтан қолға алыпты. Бүгінге дейін әзірлеген қамшыларын қолқа салғандарға таратып, көптің алғысын арқалап жүр.
– Қамшы өру өнері ата-бабалардан мұра болып, мына бізге жеткен. Енді оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз, – дейді соналылық қамшыгер.
Руслан Әлкеев,
Сарыкөл ауданы.