Кішкентай ханшайым
Қостанайлық Айдана Омарованың есімі облыс аумағына етене таныс. Кішкентай ханшайым бала күнінен сән байқауларына қатысып, топ жарып жүр. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, еліміздің мәртебесін арттыруға үлес қосуда. Ол не бары 5 жасында сән байқауына қатысқан. Қазіргі уақытта Айдананың жетістіктерін мақтана айтуға болатындай.
– Бірде жергілікті телеарнадан балалардың сән байқауы өтетіні туралы хабарландыру көрдім. Талантты әрі көрікті бүлдіршіндердің арасында менің Айданамның үздік шығатынына сендім. Осылайша, алғашқы қадамымызды бастадық, – деді анасы Сәуле Омарова.
Айдана Омарова 7 жасында «Little Miss&Mister Continent 2011» байқауында бақ сынап, «Ертегі кейіпкерінің ең үздік костюмі» аталымында жеңімпаз атанды. Аталған сайыс Түркияның Анталия қаласында 2011 жылы өткен болатын. Халықаралық дәрежедегі байқауға 17 мемлекет қатысты. Сонымен қатар «Кішкентай ханшайым» республикалық байқауында Гран-при алды. Көпшіліктің көзайымына айналған кішкентай қыз Сочидегі «Кинотаврик» балалар фестиваліне шақырту алды. Былтырғы жазда Болгариядағы «Әлем ханшайымы» сайысында қазылар алқасынаың мүшесі болды. Себебі аталған байқауға 2013 жылы қатысып, жеңімпаз атанған болатын.
– «Әлем ханшайымы» – сән мен сұлулықтың байқауы деп бағалау әбестік болар. Себебі онда сыртқы келбет, жүріс-тұрыс, киіну мәдениеті, талант сынға түседі. Яғни қатысушы келбетті әрі өнерлі болуы керек. Сұлулық дегеніміздің өзі сыртқы әдемілік пен ішкі жан-дүниенің көркемдігі емес пе! Айдана шығармашылыққа жақын. Төрт жасынан вокал, би үйірмелеріне қатысады, – деді Сәуле Омарова.
Сұлулық сайыстарында алдыңғы шептен көрініп жүрген Айдана еліміздің мақтанышы болып отыр. Кішкентай қыз аз уақыттың ішінде мол табысқа қол жеткізсе де есейгенде басқа саланы таңдағысы келеді. Дипломат, елші болуды армандайды. Ол қазір қаламыздағы М.Горький атындағы мектеп-гимназияның 4-сыныбында оқиды.