Жорға жүріс

Тусанның таңертең құрыс-тұрысын жазып, жорға жүріспен шұғылданғанына екі  айдан асты. Көбіне таңғы сағат алтыда тысқа шығады. Үйлердің қапталындағы мектептің қасында стадион бар.  Аумағы – 400 метр.  Сондағы арнайы  айналма жолмен жүреді.  Жүретін, жүгіретіндердің  дені орта жастан асқандар,  жүгіретіндер – бірен-саран жастар ғана.
Бұрын аңғара бермеген екен, күн өткен сайын стадионның әр тұсынан ит жетектеп, серуендетіп жүргендерді  жиі көретін болды. Бір күні өзі құралыптас бір жігіт сабалақ ақ жүнді итінің қарғыбауынан ұстап, соңынан еріп бара жатқанын көрді. Екінші бір күні жігіт пен қыз тұрқы мысықтай ғана, бірақ тарамыс арық, терісі тықыр, бурыл түсті, жапырақтай салпаң құлағы, оймақтай көзі бар күшікті  ойнатып жүргенін көрді.  Әуестігі ұстап жастардан тұқымын сұрап еді «Той» деп дүңк етті. Күшік емес, иттің тұқым-тұрқы солай аталады екен. «Той  терьер» – деді көршісі Василий. «Такса», – деді тағы біреу, күрең итін еркелетіп тұрып.  Үшінші күні бірден оң және сол қапталдан да әр бұтаға айналсоқтаған иттерді, анадайдан бақылап жүрген әйел-еркектерді көрді. Бірақ сол иттердің ішінде қазақысы жоқ, дені еуро…
…Тусан тегін білмейді. Балалар үйінде өсті. Есі кіргенде шыққан тегін іздеп көріп еді, ешкім ештеңе білмейтін болып шықты. Тәуелсіздіктің алдында ғана әке-шешесі көлік апатынан опат болып, бауырына алар туыс табылмай, 5 жасар жастағы Тусанды  жамағайындар жетімханаға өткізіп жіберген көрінеді. Артынан тірі пенде іздеп келмепті. Жо-жоқ, тіріден іздеп келген бар. Ол – иті Құтжол. Жетімхананы айналсоқтап мұны іздеп кетпей екі күн есік алдында түнеді де, Тусан терезеден телміре  кемсеңдегені болмаса, Құтжолына тәрбиеші жібермеді.  Ақыры үшінші күні  Құтжол  бұдан күдер үзіп  қарасын батырды.
Тусан  балалар үйінде ержетті,оқуға түсті, үздік бітірді. Міне  5 жылдан бері білдей қызметкер. Пәтері бар. Бірақ бас құрауға көңілі соқпайды. Қара басы жалғыздыққа әбден үйренген. Қыз-келіншектермен  ойын-сауыққа барғанымен ешқайсысын үйіне қондырған емес. Бұған салса әйел заты мұның тұрмысынан алыс жүрсе… Балалар үйіндегі  «тетя Машадан» көрген қорлығы бүкіл ғұмырына жетеді.  Әсіресе, әйелдердің  шаңқылдаған, салғыласқан даусын естісе жаны түршігеді…
Тусан үшін отбасы тұрмысы: кір-қоң, көрпе-төсек, ­үй-ішін жинау түк қиындығы жоқ шаруа. Бәрін де  өзі жасайды, өзі істейді. Асықса тұрмыстық қызмет бар, тапсырыс берсе болғаны, ұқсатып дайындап бере қояды. Ал, тамаққа келгенде алдына жан салмайтын аспаз. Үлгермесе  ғана супермаркеттен алдыра қояды.
Таңертеңгі  жорға жүріс кезіндегі көрініс көпке дейін көз алдынан кетпей жүр. Ит жетектегендер де шетінен үлкен-кішісі бар оқыған-тоқыған,  қызметкер жібі  түзу адамдар екені байқалады. Ал, жетектегі иттердің қай-қайсының да абалап үріп, шектен шыға бейбастық жасағанын әл-әзір көрген жоқ.  Керісінше ит атаулы атын атаса болғаны қалт тұра қалатын, иесінің айтқанын түсіне қоятын ­сыңайлы.
Кешкі ас үстінде газет оқып отырып көзі түскені: «Қытайда жасы 71-дегі  Ван Джунву қария бар жиған-тергенін  бала кезінен өсірген итіне – 80 мың юань (шамамен 12 мың доллар) мұра ғып  қалдырыпты. «Мен соңғы уақытта көп ауырып жүрмін. Менің жанымда жүрген тірі серігім – итім ғана» депті».
Бүгін үнемі есік алдындағы орындықта отыратын  сексеннен асқан кемпір мен шалды көрген. Қасынан жанай өте бере құйрығын бұлғаңдатқан қасқа итінің қолтығын  сипап отырған шал: «Ертең біз кетсек,  зиратқа іздеп барса осы  Борька барады,  ал екі аяқтылардан қайыр жоқ», – дегенін  анық естіді.
Тусан түнде түс көрді. Түсінде Құтжолы мұның есігін тырмалап жатыр екен… Таңертең тұра сала әдеттегі  жорға жүріске асықты. Сонда ит жетектегендердің бірімен мықтап сөйлеспек.  Қолайына жақса, бұл да  басқаны қойып,  бір ит асырап көрмек…
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓