Тәрбиеге көп уақыт бөлінуі тиіс
Үкімет отырысы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жұмыс берушілерге Еңбек кодексін қатаң сақтаудың қажеттігін, «ата-аналарға балаларын тәрбиелеуге жағдай жасап, оларды уақтылы, сағат 18:00-ден кейін үйлеріне жіберудің» қажеттігін айтты. Е.Сағадиев көптеген ата-аналардың өздерінің жұмыстарының кесірінен балаларына қажетті тәрбиені бере алмайтындығын айтып өтті, деп хабарлайды 24 kz. «Балаларды тәрбиелеуге деген ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі төмендейді. Себебі, ата-аналар үнемі жұмыста болады да, балаларын тәрбиелеуге мүлдем уақыттары қалмайды. Олардың ішінде көптеген мемлекеттік қызметкерлер де бар. Біз, жұмыс берушілер ата-аналарды уақтылы, сағат 18:00-ден кейін үйлеріне жіберіп тұруы керек деп есептейміз. Мұндай практика өте қажет», – деді Е.Сағадиев. Министр жұмыс берушілердің Еңбек кодексіндегі ережелерді дұрыс сақтау керектігіне ерекше назар аударды, себебі, ата-аналардың жұмыста кідіруінің балаларға келіп тиетін үлкен әлеуметтік құны бар екендігін айтты. «Ата-аналардың жұмыста кідіруінің балаларға келіп тиетін үлкен әлеуметтік құны бар. Бала тәрбиесі мен бүгін талқыға салынып отырған мәселелерді шешудегі ата-ана – біздің бүгінгі таңда өте төмен деңгейдегі ең салмақты әрі тиімді ресурсымыз. Біз Еңбек кодексін бұрынғыдан да қатаңырақ ұстануды бастау керек деп есептейміз. Бұндай жағдайда ата-аналар үйлеріндегі балаларына ертерек келіп, оларды тәрбиелеу үдерісіне белсенді араласа бастайды. Және де бақылауды мемлекеттік органдардан бастаған жөн. Балалардың бақылаусыз уақыт өткізуі түрлі бейәлеуметтік әрекеттерге әкелетіні барлықтарыңызға мәлім», – деді Е.Сағадиев. ҚР БҒМ мәліметі бойынша, бүгінгі таңда ата-ана жиналысына ата-аналардың жалпы санының тек 10-12%-ы ғана қатысады. «Қазіргі кезде ата-ана жиналысына ата-аналардың жалпы санының тек 10-12%-ы ғана қатысады. Біздің есеп бойынша, 11 жылда ата-аналардың 50%-ы мектептерге келмеген», – деді Е.Сағадиев. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.