Адам өлтіруге тапсырыс берген
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, қасақана адам өлтіруге дайындалды деп айыпталған 54 жастағы Арқалық қаласының тұрғыны Қ.-ға қатысты қылмыстық іс сотта қаралады.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, сотталушы Ч. есімді жігітпен 2002 жылдан бері азаматтық некеде тұрып жатқан. Ал, 2013 жылы ол Ж.-мен танысып, көңіл жарастырған. Осы себепті отбасында келіспеушілік пайда болып, жұбайын қызғанған Ч. оны және жұбайының анасын ұрып-соғуды, ішімдік ішуді әдетке айналдырады. Осындай кезекті кикілжің нәтижесінде соққы алған сотталушы азаматшаның анасы аурухана тап болған. Бұл жайтты Қ. кешіре алмайды, ал Ч. ішімдік ішіп, тапқан табысын құмар ойынға жұмсауды жиілетеді.
Ағымдағы жылдың мамыр айында сотталушы өзінің танысы В.-мен кездесіп, жұбайын өлтіруге тапсырыс бергісі келетіндігін айтады. Алайда, В. бұл сөзге мән бермеген. Кейін ішімдік ішіп отырған В. өзінің танысына әйелдің өтініші туралы әңгімелейді.
Әйелдің тапсырысына қызығушылық танытқан А. маусым айында онымен танысады. Кездесу барысында Қ. жұбайын өлтірген адамға 70 000 теңге беретіндігін айтады. Ал, А. Арқалық қалалық ішкі істер бөліміне хабарлайды.
Тәртіп сақшылары Ч.-ның кісі қолынан қаза болғандығының дәлелі ретінде тапсырысты орындаушы А.-ға қанға былғанған оның бас киімі мен ұялы телефонын ұстатады. Тапсырысының орындалғанына сенген әйел А.-ға ақша төлеуі кезінде тұтқындалған.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ