Қоймасы астыққа толды
Әулиекөл ауданында егін ору науқаны аяқталды.Өңір диқандары биыл көктемде 256 мың гектар алқапқа дән сіңірген болатын. Оның ішінде тек қана бидай 212,3 мың гектарға себілген. 4,6 мың гектарға майлы дақылдар өсірілді.Биылғы жаз маусымы шаруаларға едәуір қиындық келтіргені мәлім. Әсіресе, маусым, шілде айларында толассыз жауған жаңбырдың кесірінен бірқатар алқаптың егіні ауруға шалдықты. Соған қарамастан аудан диқандары мол астық жинап алды.
Өңірдегі "Диев" агрофирмасы, «Қайсар-Агро» ЖШС, «Агроком Лэнд» ЖШС мол өнімге қол жеткізді. Шағын шаруа қожалықтарының ішінде де осындай көрсеткішке иелері аз емес. Мәселен, «Гинаят Хасенов» және «Марат Хасенов» шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі 3792 гектардан 5688 тонна астық жинап алды. Бұларда астық шығымдылығы 15 центнерден асады.Аудандағы ірі астық өндірушілердің бірі – «Әулие би» ЖШС меншігіндегі 12,533 гектардың 11 мың 213 гектарына жыл сайын түрлі дәнді дақылдар сіңіреді. Оның ішінде бидайдан бөлек арпа, сұлы бар.
Үстіміздегі жылы шаруашылық егін орағын дер кезінде жинап алды. Гектар берекелілігі орташа есеппен алғанда 11,10 центнерден айналады. Жаман көрсеткіш емес. Бірақ, кейбір жылдары диқандар бұдан да мол өнім алатын. Оның үстіне биылғы жаз жауынды-шашынды болды.
-Екі апта бойы егінге орақ сала алмадық, Алқап су. Әйтпесе, орақ науқанын ұзатпас едік,-дейді «Әулие би» ЖШС директорының орынбасары Әділхан Мұстафаев.
Бұл жолғы астық жинауға алты «Вектор», бір «Акрос» және төрт бірдей «Джон-Дир» комбаиндары қатыстырылды.
-Өздеріңізге мәлім, бұл комбаиндардың қуаттылығы бұрынғы кеңестік техникаларға қарағанда екі-үш есе жоғары. Мұндай техникамен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Кабинасы таза, ішінде қанша бидай орғаның компьютер арқылы көрсетіліп тұрады,-дейді тәжірбиелі механизатор Қайыржан Қисықов.
Қайыржан серіктестікте он екі жылдан бері еңбек етеді. Табысы жақсы. Тек бұл ғана емес, науқандық жұмыстарға қатысқан елу шақты механизатордың бәрі бес жүз мың теңгеден кем таппайды. Жұмыстары тұрақты. Сондықтан, кейбір жастар құсап қалаға қарай жөңкілмейді. Ауылда тұрып-ақ жақсы өмір сүруге болатынын дәлелдеген азаматтар, бұлар.
-Бәріміз портфель ұстап кетсек, мына қыруар шаруаны кім істейді?- деп әзілдейді өздері. Олары рас енді. Ауыл жастары қысы-жазы бос сеңделіс дегенді білмейді. Дала жұмыстары аяқталған соң да жұмыс басты жігіттер қарап отырмайды. Қыстай техника біткенді жамап-жасқайды. Сөйтіп, келесі көктемге дейін қолдағы арлық құрал-сайманды әзірлеп қояды.
-Биыл аудан диқандары 256,7 мың гектардың астығын шашпай-төкпей жинап алды. Көптеген шаруашылықтарды өнім шығымы орташа есеппен алғанда 14-15 центнерге жетті. Жаңа астықтың сапасы тәп-тәуір. Мәселен, бидайдың қамырлылығы 20-25%-ке тең. Диқандар бұл жолы ертеңгі күннің қамын алдын-ала жасап алды. Ауданға қажетті 27,0 мың тонна тұқым қоры 100% дайын,-дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Қисықов.Үстіміздегі жылы әулиекөлдіктерге көктемгі дала жұмыстарын өткізу үшін «Тобыл» ӘКК-нің кепілдігімен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ 330,9 млн.теңге несие берген еді. Бұл қаржы бүгінгі таңда толық игерілді. Қазіргі таңда шаруашылықтар 41,2 млн.теңгесін өтеген. «Алынған несиені кешіктірмей өтеуге тырысамыз. Ол үшін аудандағы 23 шаруашылықпен алдын-ала келісім-шарт жасалған»,-дейді аудан басшылары.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген автор.
Әулиекөл ауданы.