Кариманың жетістіктері
Сарыкөл орта мектебінің озат оқушысы Карима Рекенова кішкентайынан ән салғанды сүйеді. Әсіресе, халық әндерін.
Әншілік өнер нағашы жұртынан дарыса керек. Өйткені, нағашы ағасы Олжас ән айтқанда алдына жан салмайды, талай бәйгелерді олжалап та жүр. Соған қарағанда, Кариманың да көтерілер биіктері әлі алда. Дегенмен де, осы уақытқа дейін қай бәйгеде болмасын, қатарлас талантты құрбы-құрдастарымен үзеңгілес өнер көрсетіп, кейде оза шауып, мәреге бірінші болып келіп жүр. Мәселен, биыл Қарағандыда өткен "Тұлға – 2014" kz халықаралық жарыста өнер мектебі оркестрінің сүйемелдеуімен "Ақерке – Ақжайық" әнін айтып, 1-орынды иеленді. Сондай-ақ, жеке вокал жағынан "Дудар-ай" әнін әуелетіп, 2-ші тұғырға тұрақтады. Бұл – Кариманың жетістіктерінің бір парасы.
– Ән айтуға бала кезден ғашық болдым. Әсіресе, халық әндерін және Қазақстанның белгілі әншісі Қарақат Әбілдинаның әуендерін әуелеткенді жанымдай жақсы көремін. Мектепке келген соң музыка пәнінің мұғалімі Маржангүл Тайжанова апайымнан ән айтудың қыр-сырын үйрендім. Әлі де үйрену үстіндемін. Сондай-ақ, әнге әуестігім 2011 жылы өнер мектебінің вокал бөліміне жетеледі. Онда мені талантты тәлімгер Әсия Қожагелдина апайым жылы шыраймен қарсы алды. Бүгінде осы екі мұғалімге айтар алғысым шексіз, – дейді лүпілдеген бала жүректі Карима Рекенова.
Мінеки, осындай жетістіктерге жетіп келе жатқан Каримадай жас әнші Жастар күніне арналған облыстық еркін шығармашылық фестивалдің іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, "Қазақ елі" әнін нақышына келтіре шырқап қайтты. Аудан атынан барған бұл әнші қызымыз мектепішілік, аудандық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
Кариманың асқақ арманы – консерваторияға оқуға түсу, әйгілі әнші атанып, қазақ елін, қазақ әндерін бүкіл әлемге паш ету.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы