Мен сізге еліктеймін
Меңдіқара ауданындағы Балалар мен жастар шығармашылығы үйінде "Мөлдір бастау" атты үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмеге Айнұр Ражанова жетекшілік етеді. Біз оқырмандардың назарына үйірме мүшелерінің жазған іңкәр шығармаларын ұсынып отырмыз.
Ұстаз есімі кімге болса да ыстық. "Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау" деген нақыл сөз бар. Шынында да ұстаз үйретсем, көрсетсем деп бар уақытын балаға бөледі.
Мен бүгін қолыма қалам алып, өзімдей шәкірттердің сүйікті ұстазы бола білген Ражанова Айнұр Қонысбайқызы туралы ойымды бөліссем деймін. Апайым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол күнделікті сабақты жүргізе отырып, оқушының бойындағы талабын танып, шыңдауға күш салады. Бұлай дейтінім, Айнұр Қонысбайқызы бойымдағы қасиеттерді аша білді. Ұстазымның айтуы бойынша, өлеңді оқуда зор талабым байқалады екен. Өзімше қысылып, ұялатын, ешкімге ұқсамайтын дауысымды керісінше мақтан ететіндей дәрежеге жеттім. Осылайша, апайыммен жүргізген жұмыстарым нәтижелі болып, былтырғы оқу жылында дәстүрлі "Мағжан оқулары" байқауында ақын шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқуда үздік көрініп, аудан мектебі оқушыларының арасында І орынды жеңіп алдым. Бұл менің мектеп өміріндегі қол жеткізген жетістігім.
Сонымен қоса, сынып жетекшім мендегі көшбасшылық қасиетті байқап, сынып әкімі ретінде тағайындап, мол сенім артатынын байқатты. Маған ғана емес, сыныптағы әрбір оқушының титтей де болса жақсы бір қасиетін, бойындағы жылт еткен бір сәулені көрсе соны ары қарай жағуға ұмтылады.
Мен осы ұстазыммен әлі де биік шыңды бағындыра аламын деген ойдамын. Болашақта өз ана тілімнің бұлағынан сусындатқан ұстазымдай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болсам деген үлкен арманым бар.
Жұлдызай Орынәлі,
9 сынып оқушысы.