“Ана тілі – қасиетім, ардағым”
Осындай атаумен бүгін Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Қостанай облысының 80 жылдығы мен Қазақстан халқы Тілдері күніне арналған мерекелік шара өтті. Мемлекеттік тілді насихаттау, ұлтаралық келісімді нығайту, этникалық топтардың тілін дамыту және сақтау, үш тілде білім беруді ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған шараға басқарма басшылары, мемлекеттік қызметшілер, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар мен “Тілдарын” клубының мүшелері қатысты.
Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Тіл – халқымыздың қазынасы, сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолымыздың шежіресі. Мерекелік шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары С.Карплюк те Елбасының тіл саясатын жүзеге асыру – барша қазақстандықтың борышы екендігін айтып өтті.
-Мемлекеттік тіл саясаты – бұл өңірде іске асып жатқан негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Жыл сайын өңірде тілдерді оқыту орталықтарының да қатары артып келеді. Бүгінде өңірдің Қостанай, Рудный, Денисов, Қарабалық, Қамысты, Таран, Федоров сияқты елді-мекендерінде тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істеуде. Тіл саясатын жүзеге асыруда өңірдегі ұлттық этно-мәдени орталықтар да зор еңбек сіңіруде. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Сондықтан, тілдер мекересі де бұл барша елге ортақ, жалпыхалықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және ұлтаралық татулықты нығайту – бұл бәрімізге ортақ міндет, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Карплюк.
Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлттың өкілдері мекен етіп жатыр. Олардың барлығының да бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруі Елбасымыздың көрегенді саясатының арқасы екені даусыз. Мерекелік шарада сөз алған өзге ұлт өкілдерінің де Елбасыға, елімізге деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігінің, қазақ ұлтына, оның тіліне деген құрметінің куәсі болдық.
-Ұлтым орыс болса да, отбасымызда бәріміз қазақ тілінде сөйлесеміз. Өзім облыстық Тілдерді дамыту басқармасының жанынан құрылған “Тілдарын” клубының белсенді мүшесімін. Аталған клубтың негізгі мақсаты – қоғамдық ортада, қызмет көрсету орындарында қазақ тілінде сөйлеуді дағдыға айналдыру болып табылады. Біздің клуб мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарды. “Тілдарын” клубының мүшелері қазақ тілінде сөйлегенде ешкім де таң қалмайды. Себебі, бұл жас қазақстандық патриоттың нормасы. Біз рухымызбен мықтымыз, алға қойған мақсаттарымызға жете аламыз, өйткені бір үлкен және тату отбасында тұрамыз. Біз Қазақ елін мақтан етеміз, осы елде туғанымыз үшін қуанамыз, – дейді ҚМПИ-ның 3 курс студенті Ольга Тихова.
Мерекелік шара барысында тілді дамыту саласына елеулі үлес қосқан бір топ қызметкерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қарлығаш ОСПАНОВА.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай