Өңір басшысы сенбілікке шықты
Бүгін облыс орталығы Қостанайда сенбілік қарқынды жүріп жатыр. Мұны біз шаһардағы әр көше бойында ерсілі-қарсылы жүрген тұрғындардың қимылынан нақ байқадық.
Сондай-ақ, өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың өзі облыстық һәм қалалық әкімдіктің бір топ адамдарын бастап, Қостанай-2 мөлтек ауданына келді. «Агромашхолдинг» кәсіпорны мен Н.Назарбаев зияткерлік мектебі арасындағы алаңқайда әкім мен оның орынбасарлары тал егіп, тазалық шараларын өткізді. Былтырғы қыстан қалған кейбір шіріген шөп, ағаш жапырақтары тырмаланып, жиналды.
– Мұндай ұжымдық бірлескен шараларды аптасына бір рет өткізіп тұру дәстүрге айналған жөн,- деп облыс әкімі тал егудің қамына кірісіп, сөзін одан әрі жалғай түсті:
–Өмір сүріп отырған ортаңның табиғаты әсем, суы мөлдір, ауасы таза болғанға не жетеді?! Міне, бүгін барлығымыз жаппай сенбілікке шығып, ағаш отырғызып, лас-қоқыстан қоршаған ортаны тазартудамыз. Көріп тұрғандарыңыздай көктемнің құрғақ қатты желі қоқыс жәшіктеріндегі ұсақ-түйек қалдықтарды ұшырып, шашып бізге «жұмыс» тауып беруде. Соларды жинап, тазалау сенбілікке шыққан әр адамның міндеті,- деді.
Біздер – журналистер қауымы: «Бұл алаңқайда түбі не болмақ? Қандай ағаш отырғызып жатырсыздар» деп сауал қойғанымызда Н.Садуақасов қайың, шырша тектес ағаш түрлерін егіп жатқанын, болашақта бұл маңай аумағы кең үлкен саябаққа айналатынын, халықтың серуендейтін жері болатынын әңгімеледі.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.