“Қазақ” пен Нәзипа
Биыл 2 ақпанда «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толады. «Қостанай таңы» да осы «Қазақ» газетінің ұрпақтарының бірі.
Нәзипа Құлжанованың «Қазақ» газетіне оқу-ағарту, мәдениет мәселелері жайында хабар-ошар жазып тұрғаны белгілі. 1914 жылы қазақтың тұңғыш жорналшы қызының «Қазақ» газетіне деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Автор бұл шығармасын «Қазақ» газетінің екі жасқа толғанынан бастап, газет таралымының 3 мыңнан асқанын, елді ұйқысынан оятып, халыққа өмірден тиісті сыбағасын алуға жол сілтегенін, дәрігерлер, заң қызметкерлері, инженерлер өз қызметтерінен білгендерін, шаруалар басынан кешірген жақсылық-жамандықтарын, көрген қорлық-зорлықтарын жазып жатқанын баян етеді. «Қысқасын айтқанда, – дейді Н.Құлжанова – ойдағы, қырдағы, алыстағы ақылдасып, сөйлесіп, кең даланың кеңесі құрылған сияқты болды».
Әдемі, орнымен қолданылған теңеу. Осы «Кең даланың кеңесі» дегендегі дыбыс үндестіктері де мақалаға өң бере түскен.
Одан әрі жетісіне бір рет шығатын газеттің бетінен халыққа қажетті ой-пікірлердің бәріне орын беріліп келе жатқанын сөз етіп: «Осылардың бәрі де – Ай мен Күндей. Алаш ұлына бірдей түсінікті ана тілімен сөйледі. Күні кеше мәдениет заманындағы пікірлерді, істерді мәдениеттен тысқары жатқан қазақ тілімен айтуға болмайды деп ойлаушы едік», – деп оның баспасөздің жоқтығынан туындаған жаңылыстық екенін түсіндіре отырып, мұның бәрі қазақ оқығандарының көбі орысша, татарша білім алып, қазақ дыбысын дұрыс жаза алмағандығынан екенін айтады.
«Бізде әр түрлі пікір бар. Мәселен, қазақтарда философия болмаған деген пікір де қалыптасқан. Мұны жазбаша түрде ғылыми еңбектердің болмағанынан деп түсіну керек [Бәйтенова «Ойлаудың ұлттық ерекшелігі» // Қазақ әдебиеті, 19. 02. 2010], – деп философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Бәйтенова атап көрсеткендей, ертеде ғұмыр кешкен қандастарымыздың тапқан жаңалықтары мен философиялық ойларының, қазба байлықтарымыздың, тарихымыздың, басқа да мәдени, әдеби ұлттық мұраларымыздың қағазға түспей қалуы, оны орыс зерттеушілерінің білсе де, білмеген болып жария етпеуі, көп жағдайда «бізде ештеңе болмағанға» себеп екені талай айтылып та, жазылып та жүр. Нәзипа апамыз соны тап басып «газетіміздің жоқтығынан» дейді. Өте орынды, дәл, қисынды айтылған ой-пікір.
Мақала мен өлең жер мен көктей екі басқа дүние. Дегенмен, Нәзипа апамыздың бұл ой-пікірлерін – тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырып «Ар» деп аталатын поэмамда былайша бердім:
«Адамның көркейеді жаны ақылмен,
Керілді, қазағым-ай, қанатың кең.
Бірдей бар Алашыма Ай мен Күндей,
Байырғы сөйледің сен Ана тілмен.
Беттерің толы бүгін отты өлеңге,
Не жетсін көркейгенге, көктегенге?!
Сенбейтін болды енді бар адамзат
Қазақта мәдениет жоқ дегенге.
Елімнің халі қандай болар еді,
«Қазағым», сен мейірім төкпегенде?!
Көктегі күн жадырап күлімдеді,
Жайнатқан сенің «Қазақ» үнің бе еді?!
«Мәдени, жоқ әдеби сөз қазақта»,-
Деп бекер тілімізден түңілгені,
Оятып еш алаңсыз жатқан елді,
Аялап, көкке өрлетті тілім мені!
Болғанда басқа тілдер ойлы, көркем,
Оқып көр, Ана тілің сорлы ма екен?!
Баспасөз, ғылым, білім жоқтығынан
Тіліміз көрген бұл бір қорлық екен!».
Бұл – Н. Құлжанованың бір ғасыр бұрын айтқан ой-пікірлерінің құнын жоймағаны, уәжі (логикасының) мықтылығы! «Қазақ небір түйінді дауларды шешкенде фактіден гөрі уәжге тоқтаған» [Кішібеков Д. Ойлаудың ұлттық ерекшелігі. «Қазақ әдебиеті», 19.02. 2010].
«Газет арқасында халқымыздың даласында болған игі істердің шет жағасы көріне бастады. Қазақтың қаншасы әлі газет оқымақ түгіл, атын да білмейді. Басқа патшалар түгіл, Ресейдегі басқа жұрттар түгіл хатта өз облысы түгіл, өз уезінен басқа жерде қалай тіршілік етіп, қандай өмір кешіп отырғанын білмейтін бауырларымыз қаншама!»
Бұл кемшілік – газет оқымағандықтан. Автор оны ашып айтпаса да оқушы түсінері анық! Мұндай олқылық қазір де баршылық. Облысымызда қанша қазақ тұрады, солардың қаншасы облыстағы ана тілімізде шығатын жалғыз газет «Қостанай таңына» жазылады? Жазылғандарынан жазылмағандары әлдеқайда көп екені анық!
«Жас «Қазақтың» қадамы қайырлы болып, аяғын тік басып кетуі, газеттің өз сөзімен қарағанда жұртымыздың көзі ашық, көкірегі саңылаулы адамдардың жеткілікті екендігін көрсетеді».
Ресей «Қазақтар оқымаған, жабайы, надан халық, оларға мәдениет, өркениет әкеліп, адам еткен біз» деуінен таймай келді. Автор соны меңзеген сияқты.
«Газет керек деушілер де, ол үшін пұл шығарамыз деушілер де көптен-ақ білінуші еді. Бірақ белсеніп, қолға алып істеп кетуші жоқ еді, істеуші шығып еді, жолдас та, көмек табылды. Кейі пұлын, кейі қаламмен, әркім қолынан келгенше көтермелеп көмегінде болды. Қазақ баласы «Қазақ» газетінде жазылғандай, білмеймін деуге арланатынын замандар болмағы көзге елестей бастады. Мен қазақ әйелі болғандығымнан «Қазақ» газетінің берекелі жұмысын әрі апаруға екінші жылға аяқ басқанына қуаныш айтып, аз ақшамен ауданды ұлттың игілігіне іс бастаушыға, оған жолдас, тілектес болып, көтермелеп, көмегінде болған барша бауырларыма көңіл ризалығын білдіріп, «Тәңір жарылқасын» айтуды борышым деп білем».
Қазір баспасөз саласында қызмет атқарып жүргендерден басқа ұлт жұмысына, газетке жазылуға халықты үндейтін адам кемде-кем шығар?! Жоғарыда айтқанымыздай, оған жұрттың атсалысып, жанашырлық танытып жатқандары түгіл, жазылушылар қатары да тым аз.
Неге ойласпаймыз? «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп Ахаң – ұлтымызыдың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санында нақтылай айтып кетті емес пе?!
«Ардақты жас «Қазақ!» Ұйықтағанды оятып, уланғанның бетін түртіп, мүдделі жол көрсетіп, көсемдік етіп, ұлтының таң жұлдызы, шолпаны болсын деп тілеймін. Жаңа тума «Азамат» серіктестігі, алаш азаматтарының басын қосып, ұйымдық үлгісі болып «Қазақты» көркейтуге, онымен бірге қазақ даласын, даланың күллі баласын, үрім бұтақ, нәсілін көркейтуге себепкер болсын деп тілеймін!»
Бұл – газетке, газетке ғана емес, бар қазақ халқына жанашырлық, автордың әр сөзінен аналық мейрімі, ісінен қайрымдылығы сезіледі.
«Азамат» серіктестігі – баспасөздің уақытылы шығып тұруына көмек көрсету мақсатында ашылған. Оған 1913 жылы Нәзипа Құлжанова да мүше болып кірген. «Азамат» серіктестігін ашушылар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов сөзімен жеткізер болсақ, серіктестікке «жарна салушы азаматтар жүз сомнан жұрт үшін көп ортасына салады. Пайдасы болса, пайдасын көппен бірдей алармын деп. Залал болса, залалға көппен бірдей қалармын деп. «Азамат» серіктестігіне осылай ойлауға жарайтын адамдар кіреді һәм серіктестікке жарайды. Олай ойлай алмайтындар кірмей-ақ қойсын. Бұл серіктестік көпес серіктестігі емес, кәсіпші серіктестігі емес, «Азамат» серіктестігі. Бұған кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен де серіктес болу қажет» [«Қазақ» газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.-79 б.].
Н. Құлжанова одан әрі де халықты бүгежектеп, тайсақтауды тастап, жақ-жақ болып таласуды қойып, бірігіп, ұлтымыздың рухы, байлығы, күші арта түсуіне жұмылуға шақырады.
Мақала соңын «Ескі рәсім салған ауырлықты иелеп, азбастан еркектің серіктестігіне жарап, жақсылық-жамандықты бірге атқарып келе жатқан ақылды, ақ көңіл, көнбіс, көңілшек қазақ әйелдері еркекпен қатар білім білсе, ерлер ұлт үшін жүрген жерінде олар да қалмай қатарында жүріп іс істеуге жарар. Сондықтан жұрттың теңдікке жетуін көздеген ардақты бауырларым, сол жұрттың анасы әйелдердің де ерлерден қалмай, қатарында жұрт ісін етерлік дәрежеге жету жағында ескерусіз қалдырмаңдар», [«Қазақ» газеті, 1914. 30 наурыз], – деп жанашырлық үмітпен, жанашыр игі тілекпен түйіндейді.
Серікбай Оспанұлы