Қос батырға – темір тұлпар
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанайдан шыққан қос боксшыға темір тұлпар кілтін ұстатты. Тобыл-Торғай жұрты биылғы өткен Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит пен қола медаль иегері Иван Дычкоға құрмет көрсетті. Рудныйлық спортшы И.Дычко дүбірлі додадан елге оралған кезде, өңір басшысы А.Мұхамбетов даңқты жерлесімізге пәтер кілтін ұсынып, кейін боксшы Левит екеуіне көлік сыйлауға уәде еткен-ді. Айтқандай облыс әкімі дәл бүгін уәдесінде тұрды. Қостанай облысы, Федоров ауданында дүниеге келген Василий Левит пен Рудный қаласының тумасы Иван Дычко жерлестері сыйға тартқан Jac маркалы көлігіне ие болды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Левит чемпионның спорттық шеберлігіне, ақтық сында көрсеткен азаматтығына тәнті екенін жеткізді.
-Қостанайдан шыққан қос боксшының ерлігін барша қазақстандықтар аңыз қылып айтып жүр. Бүгін қаламызға келген Елбасы Н.Назарбаев мырза да сіздердің ел спортына қосқан зор үлестеріңізді тілге тиек етті. Қазіргі таңда еліміздегі бір талай жасөспірімнің спортқа деген қызығушылығын арттырып келесіздер. Әрдайым осылай биіктен көріне беріңіздер!-деді А.Мұхамбетов.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ