ТОБЫЛ БОЙЫН ДУМАНҒА БӨЛЕГЕН «Домбыра-думан» фестивалі мәресіне жетті
Өңіріміздегі баспасөздің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газеті бастама болған айтулышара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қостанай облысының 80 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқу орны болып құрылғанының 45 жылдығына арналғанын айта кету керек.
Бұл жолғы шараның маңызы ерекше және ауқымы да кең. Маңызын ерекше деп отырғанымыз, «Домбыра-думан» фестивалі Қазақ КСР Ішкі істер министрі қызметін атқарған Шырақбек Қабылбаевтың қазіргі уақытта Қостанай академиясының мұражайына қойылған домбырасының құрметіне арналып отыр. Газетіміздің 23 қыркүйек күні шыққан санындағы «Мұхтардан жеткен мұра» мақаласында осы домбыра жайында кеңінен айтылғанын естеріңізге сала кетейік.
Мерекелік шараға Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Рудный индустриалдық институтының студенттері мен ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, ҚР ІІМ Малғаждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының, ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары қатысты.
«Күй» және «Дәстүрлі ән» номинациялары бойынша өткен байқауға күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айтбай Мұздахановтөраға болып, ақын, ғалым ағаларымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Серікбай Оспанұлы мен Нағышыбай Мұқатов, әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Молдағалиев, күйші, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Шәкіровтер қазылық жасады. Ал шараға бірқатар қадірлі меймандардың да шақырылғанын да айту керек.
Республикалық «Домбыра-думан» фестивалінің «Күй» номинациясы бойынша «Шырақбек Қабылбаев» атындағы бас жүлде Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенті Амангелді Өмірзақовқа тапсырылды.
Ал ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтыныңөкілі Олжас Сұрағанов «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп,«Жәнібек Кәрменов»атындағы сыйлықты иеленді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.