САЙРАН БҰҚАНОВ: “Кей азаматтардың түлкібұлаң тірлігі жанға батады”

Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді". Еңбегімен еліне үлгі бола білген тұлғалардың бірі деп Сайран Бұқановты айта аламыз. Бақыт кілтін еңбектен іздеген ел ағасы халық қамы үшін бірталай белесті бағындырып үлгерді. Рас, шаруашылықты оның ыстығы мен суығына төзе білетін, қажырлы еңбектің адамдары ғана дөңгелетіп әкете алады. Қазақстан Еңбек Ерінің  жастарға берер кеңесі қандай? Ауыл қазағының мінезі өзгерді ме? Бүгінгі кейіпкер Сайран Балкенұлы осы төңіректегі және басқа да сұрақтарға жауап берді.IMG_1714
 
Бақ батамен қонады
 
– Ауыл шаруашылығын айнымас кәсібіңізге айналдырып, оның қыр-сырын бүге-шігесіне дейін танып-білдіңіз. Қазіргі еңбек адамы кім? Ол қалай қалыптасады?
– Еңбек – өмір кілті, бақыттың тұтқасы. Еңбек етпеген адам өзінің бар адамдық қасиетінен айырылуы мүмкін және онсыз бір адым да алға ілгерілей алмайды. Өз басым ерінбей еңбек етіп жүрген жанның бәрін еңбек адамы деп білемін. Тек қызметінің қадірі қандай және оның парқын білмек керек. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын адамдарға деген құрметім ерек. Біз, міне, қаршадайымыздан сондай еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе, еш қажымайтын. Менің пірім – әкем Балкен. Ол көзінің дұрыс көрмеуіне байланысты соғысқа бармай қалды. Әлі есімде: ертелі-кеш колхоз, совхоздың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің  шаруасына  білек  сыбана кірісіп кететін. "Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкем құрыды" деген сөзін өз басым естіген емеспін. Анам да әр қазақтың келіні секілді ерте тұрып, сиырын сауып, оны өріске айдап, бала-шағасының ас-суын беріп, сосын өзі дала жұмыстарына кетіп бара жататын жаулығы ағараңдап. Мен сол кезде тоғыз жаста ғана едім. Бірақ, ол уақыттағының бәрі жадымда сайрап тұр. Біз Ұзын-көл ауданының бұрынғы К.Маркс ауылында тұрдық. Кейін ауыл ақсақалдары әкемді бүкіл ауылды асыраған деп айтып отыратын.
Социализмнен капитализмге секірдік. Сонымен бірге адамға, адам еңбегіне қатысты көзқарасымыз да жаңа түр тапқан секілді. Әйтеуір бала-шағасын жаутаңдатпай, нанын  тауып  беріп жүрген әке-шешеге алғыс айтып, барға тәубе дейтін болдық. Сөздің турасына көшсек, бүгіндері әркім өзі үшін жасап жатқан тірлігінің арқасында мемлекетіміздің тірегі болып тұрған сияқты. Алайда, мұндай "қанағатшылықты" қойып, жалқаулықтың шекпенін шешіп тастауымыз керек. Бізде нағыз еңбек адамының келбеті қалыптасуы тиіс. Мәселен, дәрігер, заң қызметкері, теміржолшы, әкім, журналист, шопан, саудагер. Кім болса да өз ісін кәсіби деңгейде жоғары меңгерсін, не болмаса өз саласында жатпай-тұрмай қызмет істесін. Әйткен күнде, қазіргі заманның жаңаша талаптары басқаны қабылдамайды. Еңбек бағаланады, тек сену керек, не нәрсенің болса да сапасы артады. Сүйіп істеген жұмыс ешқашан шаршатпайды. Сын сағаттарда салиқалы қадам жасай білу – биік мақсаттарға шығудың жолы. Түптеп келгенде, бәрі адамның өз қолында.  IMG_1581– Қазір ауыл жұрты қалаға ұмтылып жатыр. Жақсы үрдіс шығар. Бірақ, осы көштің кесірінен ауылдар қаңырап қалмай ма? Ал, ауылдың бос қалуы даланың "тақырлануы" емес пе?
– 1994-95 жылдар-тын. Ауылда жұмыс жоқ. Жарық өшкен. Нан пiсiрер ұн таппаған адамдар кебек тартып жей бастаған кез. Ата-анамыз балаларын бір-біріне таяныш ете жүріп, ер жеткізді, қатардан қалдырмауға тырысып, ерте жұмысқа жегілді. Міне, ауылда мүмкіндіктің жоғы деп осы кезеңді айтуға болар еді. Әйтсе де, күнкөріс үшін мүмкіндікті қолдан жасады емес пе?! Кеңестік кезеңде қазақ ауылдарын орыстандыру саясаты жүрді. Бірақ, бұл ашықтан-ашық айтылмайтын. Сөйтті екен деп, "Қазақстанда тек қазақтар қалсын немесе бәріміз тек қазақ тілінде сөйлейік" деген біржақты пайым жасамайық.
Тоқсаныншы жылдары жалақысыз жұмыс істедік, бюджетте дым жоқ. Жаңа нарық, егіс алқаптары қысқарды. Жұмыскерлер аз болды. Қолдағы малын "бартердің" құрбандығына беріп, тәжірибелі малшылар құрығын ұстап қалды. Төрт-бес қойын бір-екі қап ұнға айырбастап, аз-мұз тапқанын балалардың мектепке баратын киім-кешегіне жаратты. Жаппай жұмыссыздық жайлаған ауыл тұрғындары кәсіп іздеп қалаға ағылды. Ел ішінде бей-берекет көші-қон үдерісі белең алды. Аз уақыттың ішінде мәдениеті дамыған, инфрақұрылымы қалыптасқан кеңшарлар мен ауылдар қаңырап, ақтылы мал мекені болған жасыл жайлаулар тусырап қалды. Осы ретте бір айтарым, кей ақын-жазушыларға айтар базынам бар. Олар "ауылды сағындым, ауыл гүлденсін" деп ұрандайды. Том-том туындыларын жарыққа шығарып, түрлі марапаттарға ие болып жатыр. Шүкір, мықты-мықты жазушыларымыз, ақындарымыз жетерлік. Бәрі болмаса да, бір-екеуі ауылына барып, алтын қазық абызы болып неге отырмасқа? Жастар сонда көп нәрсе үйренер еді ғой. Рас, ауылда неше түрлі мүмкіндіктер барын елеместен, ескерместен жұрт біткен қалаға ағылуда. Мұның астарына үңіле берудің қажеті шамалы. Әркім өзінің көзірін қайдан тапса да, адал еңбегімен тапсын деймін. Бәрі өз орнына келеді.
– Ауылдан кеткендер қалаға келіп, зауыт-фабрикаға жұмысқа тұрса, мақұл дерсіз. Бірақ, көбі олай емес қой. Бірі дүкеннің күзетшісі, одан қалса, сатушы болып жұмысқа тұрады. Сондағы жалданып жүріп тапқан ақысы 30-40 мың теңгенің айналасы. Оның тең жартысын жалдамалы үйіне төлейді. Ішіп-жемі, киер киімі бар дегендей…
– Бұл енді тұрмыс тақырыбы. Егер қолыңнан келе ме, іс атқар. Мейлің, ауылда бол, қалада жүр. Ең бастысы, сандалып, бос жүрмей, елге пайдаң тисін. Ол үшін жағдайың жақсы болу керек. Осы тұста идеологияға бір жанасып қаламыз. Баспасөзден, теледидардан жақсылап тұрып көрсете беру қажет. Өз басым кәсіпорынға жастарды тарту мәселесіне жіті көңіл бөлемін. "Анау жоқ, мынау азға" сала бермейік, соңғы жылдары оқуларын аяқтағаннан кейін туған ауылына оралып, еңбек етіп жатқан жастардың қарасы көбейген. Жалпы, жұмыс істеймін деген азаматқа ауылда да жұмыс табылады. Өздерін көрсеткені кәсібінің нәсібін тауып, күнкөрістің ғана емес, келешектің айқын жолын салуы әбден мүмкін. Қай аймақты алсақ та, өзіне тән бірсыдырғы мәселелердің болуы мүмкін. Бүгіндері көбіміздің көкейіміздегі мәселе – жас өрендерінің болашағы. Олар қайтсе жақсы өмір сүреді? Әрине, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін білімді жастар керек-ақ. Бірақ, жастар өздерінің болашақ мамандықтарының қажеттілігі мен ол арқылы өзін, отбасын қамтамасыз ету мәселесін де алдын-ала ойлағаны жөн деп ойлаймын. Сонымен қатар, дұрыс таңдалған мамандықты осы туып-өскен өңірінің кәдесіне жаратуға да әбден болады.
– Ал, өзіңізге "бәрін тастап, қала орталығына кетіп қаламын" деген ой келмеді ме? "Қарқында" қаққан қадаңыздың мықтылығы неде?
– Табандылық керек. Біздің көпшілігіміздің қате-лігіміз деуге болар, бір нәр-сені бастаймыз, алғашқы қиындықтар кездессе, қол-ды бір сілтеп, бәрін орта жолда тастап кетеміз. Қиындық пен кедергілерге әзір болу керек. Мұның бәрі – табысқа жету жолындағы сатылар. Өмірдің заңы да сол ғой, бастайсың, сүрінесің, тұрасың, жіберген қателіктеріңнен сабақ аласың, тәжірибе жинайсың, содан жолың ашылады. Шындығында қандай да бір табысқа, жетістікке  жеткенде, біз тек қара күшімізбен емес, адамдардың арқасында жетеміз. IMG_1655Мемлекет тоқсаныншы жылдары жер туралы үлкен реформа жасады. Әркім жекеге кетті. Совхоз бөлінді. Мен де сол кезде жеке шаруашылық ашып, бөлініп шыққым келді. Алайда, ауыл үлкендері келіп, бірігуге ниет білдірді. Басшылыққа мені қойды. Сенеканың "Өзің үшін өмір сүремін десең, өзге үшін өмір сүр" дегені бар. Қысылтаяң тұс, қытымыр кезеңде халықпен бірге болуым керектігін түсіндім. Әрине, бастапқыда көп қиналдық. Уақыт өте  келе барлығы жақсы арнаға бұрылды. Ісіміз өрге басты. Мені осында ұстап тұрған да сол халқымның сенімі, маған артқан үміті шығар деп ойлаймын. Сөйтіп, өкпені қысқан өтпелі кезеңдегі "өз күніңді өзің көрдің" кебін де көрдік. Адам дер уақытта дұрыс шешім қабылдай білсе, сонда жемісті жолдың ашық болатынын ұқтым. Ауыл еңбеккерлерінің міндеті нан мен ет өндіру ғана емес, өздері тұрып өмір сүріп жатқан ауылдың әлеуметтік саласын да дамыту. Келешегі жоқ деп ауылды жою –қазақтың рухын жою. Таза қазақтың өсімін беріп отырған да ауыл. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің көмегімен біздің Меңдіқара ауданында салынған көптеген мәдениет үйлері, мектептер, спорт залдары өзінің жарақтануы жағынан қаладағылардан кем түспейді. Міне, маған бұдан артық ештеңенің керегі жоқ.
 
"Әркімнің көңіліне – бір аяқ ас"
 
– Жасыратын не бар, қазақ қауымы бүгінде көре алмастық пен күншілдіктен алдына жан салмайды. Шүкіршілігіміз азайып бара жатыр. Мұны жаһанданудан, басқалардан көретін түгі де жоқ. Адамзат баласының тегі бір. Қазақта бар пендешілік әр халықта да бар. Дегенмен, сықасып тұрған себепсіз сылтаулардан арылу үшін не істеу керек?
– Бір мысал айтайын. Кезекті бір сапармен Канадада болдым. Әдеттегідей шаруа адамдарымен, кәсіпкерлермен жүздесуге бардық. Бір фермердің үйіне тоқтадық. Әлгінің фермасы жақсы дамыған екен. Қуатты техникалары, түрлі ұшақтары, автокөліктері тізіліп тұр. Айтайын дегенім, қаншама қымбат құрылғылар, техникалар еш қоршаусыз, ашықтан-ашық жатыр. Мен таңғалдым. "Неге былай қараусыз тастадыңыздар, біреу-міреу ұрлап кетсе ше?" деп едім: – "Оны кім алады дейсіз" , – деп жайбарақат жауап қата салды. Кейін білсем, ол жақта көбінде солай, бөгденің затына тиісу, ұрлық деген мүлдем жоқ. Санаға жат. Ал, біздің олардан қай жеріміз кем? Ата-әжелеріміз жас кезден үйретпеп пе еді? Тіпті, қазір кей орта буын өкілдерінің барымтаға барып қалатыны өтірік емес.  Сондықтан мұндайға асты-үсті қарамау қажет. Өзімізден бастайық. Негізі, мұның бәрін Ұлы Абай айтып кетті ғой. Көреалмаушылық пен күншілдіктен тыс мақтаншақтық қасиет те жонарқадан түспей тұр. Бірақ мақтанудың арғы жағы бүкіл халықтың қуыс кеуде бөспелігіне апарса, ондай халықтың болашағы тұманды. Тура жүру керек. Сену қажет. Бізде жасқаншақтық та бар. Бір бастамаға иек артамыз, оны ары қарай дамытпаймыз. Қорқамыз ба, әлде басқа ма, білмеймін. Ештеңеден сескенбеу, үрейленбеу үшін адам өзіне-өзі сенуі қажет. Ал мұндай сенім оның ақыл-ойына, біліміне, тағы басқа жақсы қасиеттеріне негізделеді. Білімсіз, ақылсыз адам – жалтақ адам. Дегенмен, өзіне сенімді, өзгелерден бұрын өзімдікі дұрыс, "мен" деп көкірек қағып, алға қарай ұмтылатындар да қоғам дамуына үлес қоспайды. Сол себепті, саралау, өз-өзіңе баға беру – бірінші сатыдағы мәселе. Әлемдегі өзге халықтар сияқты, қазақ халқының өзіне тән бірегей қасиеттері бар. Әрине, оның қатарына мінезіміздегі ашықтық, төзімділік және дәстүрлілік жатады. Кез келген қазақ ұлтының өкілінен осы қасиеттерді кездестіреміз. Ол дала немесе қала тұрғыны болсын, қазаққа тән үлкенді құрметтеу, кішіге ізет білдіру сияқты мінездерді байқатады. Қазақты ішінен білмейтін сырт көзге оның сабырлылығы, сөзге тоқтамы енжарлық болып көрінуі мүмкін. Себебі, біздің ұлттың кішілері үлкеннің жолын кеспейді, қайта оның сөзіне құлақ асып, ой-өрісі одан асып тұрса да, қарапайымдылықты  сақтай  біледі. Ашық, бетке айтып, төске шапқаннан гөрі астарлап жеткізуге жастайынан дағдыланады. Үлкенге құрмет көрсету дәстүрі отбасылық тәрбиемен қатар, қазақтың бірегейлігін ашатын көрсеткіш. Қазаққа кішкентай жақсылық жасалса, ішімізді аламысық тырнап, қызғаныштан өртеніп кете жаздаймыз. Жұмыр басты пенде болғасын "Әркімнің көңіліне – бір аяқ ас" дегендей, әркімге халық баға береді. Жақсы-жаман істеріңді елеп-екшеп, талғам таразысына салатын сыншы да – халық. Халық – көреген.
– Жапондар теңселмелі жерде тұрып та дәстүр-салтына берік. Іргеміздегі өзбек бауырлар ала шапанын үстінен тастамайды, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Жер шегінде жүрсе де, өз тілінде сөйлегенді мәртебе көреді. Бізге Ұлттық құндылықтарды қайтіп сақтамақ керек?
– Ұлттық құндылықтарды сақтау үшін ешкімге еліктемейік, бөтеннен жақсыны ғана үйренейік, көмегі зор. Айтарым осы. Менің сүйікті ақыным, тілдің нағыз жанашыры Мұхтар Шаханов Парламентте жүргенде мына өлеңін оқыды:
"Так хотелось нам
Присоединиться
К водопроводу Запада,
Но, к огорчению,
Мы подключились
К его канализации".
Міне, батыстың құбырына тап болдық дейді. Қазіргі батыстық мәдениет ықпалы және жаһандану үдерісі де жастардың мінез-құлқының өзгеруіне ықпалын тигізуде. Біздің халық өте мықты халық. Оны бірнеше мысалдармен дәлелдеп беруге болады. Елiктеп-солықтағыштығымыз, өзгенiң жылтырағын көрсек, жерден жетi қоян тауып алғандай, еш ойланбастан оны қазақ топырағына көшiрiп әкеле салатындығымыз – біздің ең басты кемшіліктеріміздің бірі. Адам басқа елдiң салт-санасын емес, өз халқының жақсысын асырып, жария етуi керек.  Қазір  қазақтың  рухы  мықты болу үшін ол өз мәдениетінен, өз ұлттық белгісінің бірі ұлттық киімінен, ұлттық тағамынан ажырап қалмауы керек. Қазір қазақтарға "өркениеттілік" ұлттық намыстан басталатынын түсіндіруге кірісуіміз керек. Бабаларымыз қазақтың елдігі мен ұлттық болмысын жоғалтпау үшін ақырына дейін аянбай алысып-тартысып жүріп құрбан болды. Сондықтан да біз оларға мың мәрте қарыздармыз. Алаш зиялыларының алдына қойған мұраты, көздегені – қазақтың мүддесі, қазақтың арманы болды. Аллаға шүкір, біз ата салттан аттап кете қойған жоқпыз. Бізге заманауи білім-ғылымды, технологияны өзгеден үйренуге болады. Шетелдерден тек керегін алайық. Сұрыптайық. Мәселен, қазір біз далалық жұмыстарға Канадада, АҚШ-та, Аргентинада шығарылған машиналар мен егіс кешендерін пайдаланып отырғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Оның несі жаман? Өзімізде жоқты үйренсек, оның еш сөкеті жоқ. IMG_1841
– Көрiнiп тұрған кемшiлiктi көзге айтуға жоқпыз. Тегін ақыл айтушылар мен ескерту жасаушылар кеңірдектен келіп-ақ тұр. Қазақ қоғамына берерін сығып бермесе де, сыбаға дәметіп отыратын көкелеріміз жоқ емес. Іске келгенде көбі басқаша сайрайды. Бұл қалай?
– Өзгерген заман емес, адам екенiн естен шығармағанымыз абзал. Ар мен ұят – бәрінің кілті. Біреуге көмектескен екенсің, ол бәрібір қайтады. Алла көріп тұр. Менiң тұсымда, рас, бүгiнгiдей молшылық болмады. Бірақ, қолдан келсе, мына бес күндік ғұмырда адам адамға көмектессін. Бізді солай тәрбиеледі. Оқып жүргенде, ауылға әжемді көру үшін келетінмін. Үйге келіп, бала болып бір асыр салып ойнағың келеді. Бірақ, әжем үйге келісімен "анау көршіге көрін, мына жақтағы ағаңа сәлем бер, әлгі атаңмен амандас" деп отырады. Ылғи осылай-тын. Әрине, мен бұдан жаман болмадым. Әжемнің не үшін айтқанын да кейін түсіндім. Әкелеріміз өткен-кеткенді айтып, өздерінің өмір жолдарына тоқталып отыратын. Жалпы, ақыл айтатын кім? Әрине, көргені-білгені мол қариялар. Қай қазақтың баласы үлкеннің алдына түсіпті? Ешқайсысы. Біздің "Қарқында" қария түгіл, қазақтардың өзі аз екен. Қазір, шүкір, ауылдың жартысы – өзіміз. Бұл  ретте,  мен тұрғындарды "сен – анаусың, сен – басқасың" деп бөлмеймін. Тіпті, қазір әр үйге "Қостанай таңына" жазылыңдар деп отырамын. Неге? Себебі, олар қазақша оқысын. Болашақ – біздікі. Бірлік – басты ұстаным.  
Екінші сұраққа келсек, ел өмірінде орын алып жатқан елеулі өзгерістер мен күнделікті мәселелер мені алаңдатпай қоймайды. Жиын-тойларда көп боламыз. Кейбір бауырларымыздың жағымпаздыққа, тәкәппарлыққа салынып бара жатқанын байқаймын. Қазір біз де ақсақал жасына келдік. Әлбетте, әлгі азаматтардың түлкібұлаң тірлігі жанға батады. Пенде болған соң, түрлі нәрселерге тап боламыз ғой. Бірақ, бәрі орнына келеді. Қазір адамдар сауатты. Жағдай орнығады. Тағы да айтам, сену керек. Мысалы, біздің механизаторлардың орта жасы қырықта. Қаладан келіп жатқан жастар бар. Осы әңгімелер туралы оларға үнемі айтып отырамын. 
– Таяуда ел Президенті елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы жөнінде кеңес өткізді. Комиссияның қорытындысы сарапқа салынды. Талқылау нәтижесі бойынша мемлекет басшысы Жер кодексіне енгізілген түзетулерге жарияланған мораторий мерзімін 5 жылға  ұзарту  туралы шешім қабылдады. Сіз аты аталған комиссияның мүшесі болдыңыз. Қоғамға қозғау салып, пікірталас тудырған талқы турасындағы жеке пікіріңіз қандай?        
– Комиссия аймақтарды аралады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Түрлі тетіктерді талқылады. Мен өзім ауылданмын, халық арасында жүремін. Ауылда той болса да, қаза болса да, әңгіменің бәрі – жер. Жалпы, отырысқа қатысқан барлық адамдар сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Мен бір жағынан, халықтың "шетелдіктерге жер сатылады" деген қаңқу сөзге дүрлігуін түсінемін. Өйткені, жерге өте жауапты қарайтын халықпыз. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жеткілікті жүргізілмегендіктен де алаңдаушылық болғаны рас.  Жер  қатынастарына  ешқандай тәуекел жасауға болмайды. Яғни, түпкі нәтижесі туралы ойлап, келісіп пішпей, асығыстықпен шешілген шешім өкінішке қалдырады. Менің ойымша, жер игерусіз, бос жатпауы керек. Ал, ол үшін не істеген жөн? Жерімізді саудаға салмай-ақ, тиімсіз деп танылып, иесіз қалған жерлерге инвестиция тарту керек. Бұл бағытта заңдарымыз бен жалға берудің тәр-тібін қатаңдата отырып, Заң іс жүзіне асырылу кезінде кездесуі ықтимал барлық тәуекелдер, қауіптерді ескерсек дейміз. Өзім өмір бойы ауылда, жерден нә-пақа теріп келе жатқан адаммын. Сондықтан, жерге байланысты қандай да мәселе маған етене таныс. Жер жайдан-жай жата берсе құнары кетеді. Өзіміздің азаматтар сол  жерді  керекке жаратса дейсің. Ол да жоқ. Менің ойымша, шетелдік инвесторларға жалға беруден қорықпау керек. Қайта, қуанайық. Бәсекелестік болады. Мысал үшін, мен басқарып отырған шаруашылық мұны толықтай қолдайды. Тағы бір мәселе, шетелдік инвесторларға жұмысшылардың басым көпшілігін жергілікті жерден алуды міндеттеу керек деп есептеймін. Сонда ауыл жастарының жұмыссыздығы шешілуі әбден мүмкін. Жер иесі жергілікті халықты жұмыспен қамтып, тұрақты жалақы төлеп тұрса және басқа да әлеуметтік жағдайларын шешсе, ешқандай түсініспеушілік болмайтыны анық.
      
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

5 Responses

  1. Ғабит айтты:

    Шынымды айтсам, Сайран ағамыз ұлтшыл емес. Ол нағыз азамат болса, қазағым десе, қаражаты бар, неменеге Харьковты Қарқынға өзгертпейді. Осыны әлі түсінбеймін.

  2. Марат Сагындык айтты:

    Баги, құрдас, сенің фотоларың мықты гой. дарынды жігіт. Мықты фаторграфтардың бірісің.

  3. Үміт Ғайсина айтты:

    Түлкібұлаң деген не? Түсінбедім… Адам басқа елдiң салт-санасын емес, өз халқының жақсысын асырып, жария етуi керек.  Қазір  қазақтың  рухы  мықты болу үшін ол өз мәдениетінен, өз ұлттық белгісінің бірі ұлттық киімінен, ұлттық тағамынан ажырап қалмауы керек. Қазір қазақтарға "өркениеттілік" ұлттық намыстан басталатынын түсіндіруге кірісуіміз керек. 
     

  4. Маржан айтты:

    Сайран Балкенұлы-нағыз іскер азамат. Осындай кісілер жүрген жерін гүлдендіріп, құт -берекені ұйыта біледі.Дүние төрі мен дипломаттығына тәнті болдым. Әдетте, іскер адамдар есепке ғана жақсы, ал дүние төрлері шамалы деп ойлайтыным бар.Сұхбат жақсы екен.

  5. Мақсат айтты:

    Жақсы ойлар айтылыпты. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓