Арда өлеңнің ақжалы
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, Махамбет сыйлығының иегері, қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлының 70 жасқа толған мерейтойының құрметіне арналған “Сұлу жырдың сұңқары” атты шығармашылық кеш өтті.

Жыр кешінде сөз алған аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин мерейтой иесін Торғай жұртшылығының атынан құттықтап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов аудан ардагерлерінің ізгі ниет-тілегін жеткізіп, отбасының атынан ағамызға шапан кигізіп, Жанна апамызға камзол және қолына алтын жүзік салды.
Ауданның құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов ағалық алғысын білдіріп, қазақтың салт-дәстүрін жаңғырытып, жоралғысын жасап, арда ақынға ат мінгізіп, өзінің “Дала – дәулет, ауыл – құт” атты авторлық кітабын сыйға тартты. Қабжәлел қажы Әлібекұлы, Бақыт Мизамбеков, ақынның туған жерінен келген Ақшығанақ ауылының әкімі Бақытжан Торбаев, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ақынның ауылдас інісі Рауыл Ахметжанов кеш иесінің адам баласына жасаған жақсылықтары мен өлең өлкесіндегі бірбеткейлігін айтып, көпшілікпен ой бөлісті. Сондай-ақ, ол кісілер де ақынға тән сый-сияпаттарын жасады. Ал еңбек ардагері Рақым Рыскелдин тебіренген тілегін өлең жолдарымен жолдады. Ы.Алтынсарин және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептердің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы туған жерге деген сағынышын жалынды жырларымен өрбітті. Осы кеште ақынның сөзіне жазылған әсем әндер де көп шырқалды.



Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы