“Тобыл” – “Тараз”: 3-1 (БЕЙНЕБАЯН)
Ел біріншілігінің 27 турында екінші алтылықтың үздігі "Тобыл" өз алаңында "Тараз" футбол командасын қабылдады. Төреші ысқырығы естілісімен, қонақ команда есеп ашып үлгерді. Қарсылас сапынан көзге түскен – Андрей Яковлев. Осыдан кейін тараздықтар түгелдей қорғанысқа көшті. Келесі сәтте Сергей Хижниченко жүз пайыздық мүмкіндікке ие болса да, қақпашыдан айласын асыра алмады. Бірінші тайм аяқталуына он минут қалғанда Дәуренбек Тәжімбет есепті еселейтін еді, абырой болғанда, қостанайлық қақпашы өз орнынан табылды. Ал, "Тобыл" бұл шабуылға голмен жауап қайтарды. 40 минутта Денис Главина сол қапталмен допты ала жүріп, 30 метрден жақын тоғыздықты дәл көздеді. Есеп – 1:1!
Екінші тайм қостанайлықтардың басымдығымен басталды. Алдымен, Сергей Хижниченко жақын тұстан гол соға алмады. 53 минутта Д.Главина қарсыластардың айып алаңына еніп, қорғаушының тосқауылына тап болды. Төреші тараздық қорғаушы Данилюкті жазалап, пенальти белгіледі. 11 метрліктен Т.Шимкович қателескен жоқ. "Тобыл" алға шыққаннан соң да шабуылын тоқтатпады. Д.Савич алаңнан кетіп, оның орнына Ш.Асильдаров шықты. Ойынға тыңнан қосылған Асильдаров есепті еселей түсті.