Оралман қандастарды не алаңдатады?

Рудный қалалық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы базасында шетелден қоныс аударған қандастардың қатысуымен семинар-кездесу өтті. Олар көкейтесті мәселелерін ортаға салды.оралман
Шара қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізіліп отыр. Жобаға "Оралмандардың қоғамдағы әлеуметтік интеграциясына бағытталған шараларды ұйымдастыру" атты тақырып қойылған. Мақсат – олардың мұң-мұқтажын тыңдап, кеңес беру. Жыл бұрын таяу шетелдерден кеншілер қаласына қоныс аударған қандастардың азаматтық алу, жәрдемақы рәсімдеу, жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамтылу төңірегіндегі өзекті сауалдарына жауап беру үшін мамандар шақыртылған. Атап айтқанда, олардың қатарында ХҚКО, ішкі саясат бөлімі, көші-қон полициясы, жұмыспен қамту орталығы өкілдері болды.
Жыл басынан бері, көші-қон полициясының мәліметінше, Рудныйда 800-ден астам қандас ҚР азаматтығын алған. Олардың көбі – Өзбекстаннан көшіп келгендер. Бұрынырақта Қазақстанның толық құқылы азаматы болу үшін елде 4 жыл өмір сүруі міндет-тін, осы жылдың басынан бастап бұл шарт оңтайландырылды. Дей тұрғанмен Өзбекстаннан қоныс аударған оралмандарды алаңдатар мәселелер қатары әлі көп. Жиынға қатысқан көбінің әлі күнге дейін екі азаматтығы бар. Ал олардың Өзбекстан азаматтығынан шығуы үшін Алматыдағы елшілігіне баруы керек. Оңтүстік астанаға бару, ол жақта белгілі бір уақыт тұралау аз қаражат талап етпейді. Егер оралмандар отбасының көп балалы, үлкен әулетті екенін ескерсек, бұл шаруаны тындыру қалталарына ауыр соққы болады. Олар мұндай "қосмекенді" жағдайда жүргендіктен, баспана және қаржы мәселесінің күрмеуі шешілмей отыр, табысы тәуір жұмысқа орналасу да қиынға түседі. Ендеше, дипломы бола тұра жұмысқа қабылданбаса, қайтпек керек? Балалар жәрдемақысын қалай рәсімдесе болады? Осы және өзге де түйткілдер жиында алға тартылды. Мамандар мүмкіндігінше кеңес беріп, шешімін оңай табар жолдарды нұсқады, дегенмен, өкінішке қарай, көп нәрсе олардың қолында тұрған жоқ…
            Оралмандардың қоғамдағы әлеуметтік интеграциясы жобасының үйлестірушілері алаң көңіл ағайынға мүгедектер қоғамы жанында осы жылдың аяғына дейін қоғамдық қабылдау жұмыс істейтінін айтты. Алдағы уақытта да оралмандар осында жүгініп, мамандардан кеңес ала алады.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓