Жезқазғандық жиһанкез Қостанайға жетті
Сапарын наурызда Ұлытау ауылынан бастаған 72 жастағы марафоншы Сәрсенбай Қотырашев елдің 17 аймағын жаяу аралап шықпақ.
Ол Жаңаарқа ауданының тумасы. Елді жаяу аралаудағы мақсаты – Ұлытауды, ұлт сусыны қымызды насихат ету және қазақстандық қолөнершілердің деректер базасын құру. Ол бүгінге дейін 5 мың шақырымды артта қалдырған. Мейманды алғашқы болып меңдіқаралық журналистер күтіп алды.
«Сәрсенбай ағамыз осы жолда 6 жұп аяқ киім тоздырып, қажет заттары тиелген арбасына 9 дөңгелек тағыпты. Ол кісіні көптеген қазақстандық ыстық ықыласпен қарсы алып, қонақ етіп, қаржылай көмек көрсетеді екен. Арбасын жөндеп беріп, ақысына естелік суретке түсетіндер көп. Біз де осы үрдісті жалғастырдық», – дейді аудандық «Меңдіқара үні» газетінің бас редакторы Абай Шаяхметов.
Қазақстандық «Форрест Гамп» мұншалық алыс жолға шығуды алты жыл бұрын жоспарлапты. Алайда бұл ойын жүзеге асырудың сәті биыл ғана түсті. Зайыбының өмірден озуы, сондай-ақ пандемия кедергі жасаған. Қазір тәулік бойы балаларымен және немерелерімен байланыс ұстап отыр.
Ақсақал жаяу сапарын қазан айында аяқтамақ.
Суреттерді түсірген Абай Шаяхметов