Аманкелдідегі ақындар айтысы
Аманкелді ауданында өтіп жатқан ұлы мерекенің шымылдырығы ақындар айтысымен ашылды. «Елдік пен Ерлік даласы» атты айтысқа ақындарды алаштың ардақтысы, айтыстың ақтаңгеріне айналған Айбек Қалиев өзі бастап келді. Айтысқа республика көлеміне танымал жерлес 12 ақын қатынасты. Айбек Қалиев, Бүркітбай Бекетов, Мамай Ізтілеу, Азамат Мәлжанбай, Марғұлан Оспанов, Батырлан Сағынтаев, Байбатыр Ахметбеков, Ғалымгерей Кенжеғозин, Тоба Өтепбаев, Айбар Рағатов, сонымен қатар ақын апаларымыз Бағила Балмашева мен Салтанат Өтелбаева сынды шайырлар өнер көрсетті.
Айтыс мақсаты – ерлікті, елдікті, еркіндікті жырлау болғандықтан, ақындарда арындап, қамшы басқан қарагердей адуындап, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, тарихты тереңінен қозғап отырды. Ел жайы да назардан тыс қалған жоқ. Аманкелді ауданы жыл санап көркейіп, жана нысандар бой көтеріп келе жатқанын ақындар жырына қосты. 100 жылдық мерейтой қарсаңына жоғары дәрежеде дайындалғанын да сөз етті. Ақындардың осынау нәрлі де, мәнді сөздеріне ұпай көтеріп, әділ бағасын айтыс төрағасы Ғұмар Ахметчин, Әлпия Орманшина, Хамитбек Мұсабаев, Жұма-Назар Сомжүрек сынды аға-апаларымыз беріп отырды.Айтыс қарауға келгендердің қарасы аз болмады. Ақындардың жалынды шумақтарына көрермендер қиқу салып, шабыттарын шапалақпен шақыра білді. Бірінші кезекті аяқтаған соң ақтық сында Айбек Қалиев пен Азамат Мәлжанбай, Салтанат Өтелбаева мен Марғұлан Оспанов бақ сынасты. Осы төртеудін айтысынан кейін әділ қазылар өз араларында келісіп шешім шығарды. Нәтижесінде, Бас бәйге алаштың ардақты ақыны Айбек Қалиевке бұйырды. Бірінші орынды Салтанат Өтелбаева еншіледі. Екінші орынды Азамат Мәлжанбай алса, үшінші орын Марғұлан Оспанов пен Батырған Сағынтаевқа бұйырды.
Сералы Мырзабай,
ҚМУ-дың журналистика мамандығының 3- курс студенті