Экологияны қорғауға үлес қос
Рудный қаласының №2 гимназиясында «Батарейканы тапсыр да, кірпіні құтқар!», «Бума қағаз» деген атаумен кең ауқымды экологиялық акция өтті. Жастардың ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл шараға қаламыздың барлық білім ордаларының оқушылары қатысып, қоршаған ортаның жағдайына немқұрайлы қарамайтындықтарын іс жүзінде дәлелдеді.
Кеншілер қаласының экологиясын қорғауға мықтап кіріскен белсенді ұйымның бұл әрекетіне «Жарайсың!» дегің келеді. Бұдан бұрын да олар Тобыл өзенінің жағалауын күл-қоқыс, шөп-шалаңнан тазартып, Железорудная стансасы мен Сарыбай кенішінің аумағына ағаштың түр-түрін отырғызған болатын. Бүгін, міне, кезек күнделікті қолданылатын қуат көздеріне де келіп жетті.
Акцияның ашылу салтанатында орталықтың жетекшісі Максим Фролов:
– Бүгінгі шараның қала өмірінде алатын орны ерекше. Себебі біз күн сайын тұрмыстық қалдықтармен бірге кәдімгі батарейкаларды да қоқысқа төгіп жатамыз. Бұл экологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Бармақтай ғана батарейка 20 шаршы метр топырақты немесе 400 литр суды ластайды. Бұл табиғаттағы бір кірпінің өмір сүру ортасы екенін ұмытпайық, – дей келе жиылған жастар белсенділікке шақырды.
Шара барысында мектеп пен колледж оқушылары өздерімен бірге әкелген батарейкаларды арнайы жәшіктерге салса, бума-бума қағаздарды өлшеп, орталықтың еріктілеріне тапсырып жатты.
Әзірге жастар 100 килограммдай ескі газет-журналдарын тапсырып, осы арқылы табиғаттағы 1 ағашты кесуден құтқарды. Акцияға қолдау көрсетушілердің қатарында «ССКӨБ» АҚ да бар.
– Біз жастардың осындай бастамаларына алғыс айтамыз және кез келген көмекті көрсетуге әрдайым дайынбыз. Ортақ үйіміз – Рудныйдың экологиясын қаз-қалпында сақтап, оның ластануына жол бермеу – баршаға ортақ іс деп ойлаймын. Акциядан жинаған батарейкаларды арнайы әдістермен көзін жойып, макулатураны өткізуден түскен қаржыға әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың оқушыларына мектепке қажетті жабдықтарын алып береміз, – дейді кен алыбының экологы Асхат Түгелбаев.
Қыркүйектің 30-на дейін жалғасатын акцияға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін істен шыққан қуат көздері мен макулатураны жақын маңдағы мектептің әкімшілігіне апарып тапсыру шарт. Экология – бір күннің, бір адамның ісі емес. Сондықтан оны қорғауға қоғам болып атсалысайық, ағайын!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ