Ел үмітін ақтап келді
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Астана қаласының көшірілгенінің 20 жылдығына орай Елордамызда «Туған жерім» атты балалар шығармашылығының ХІІІ республикалық сайысы мәресіне жетті. «Балалық шақтан көзқарас» көрмесі аясында ұйымдастырылған шараға Тобыл өңірінен қатысқан Томирис Ғазымжанова жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты. Жас қылқалам шеберлерін марапаттау салтанатына Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Амангелдиева, «Байта» қайырымдылық қоры мен шығармашылық бастаулар директоры С.Махат, ЮНЕСКО-ның Астана қаласындағы балалар шығармашылық мектеп-клубының директоры Г.Исенова арнайы қатысты.Жалпы, республикалық байқау Астанадағы Назарбаев орталығында өткенін айта кету керек. Ал жерлесіміз Томирис аталған жарысқа облыстағы 400 жас өреннің арасынан суырылып шығып, республикаға жолдама алған екен. Қостанайдағы физика-математика лицейінің 6 сынып оқушысы 5 жасынан бастап қолына қылқалам алып, сурет салуды бастаған. Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған Томиристің ата-анасы Нұрлан мен Гүлшат әрқайсысының дұрыс жолды таңдаған үлкен маман болғандарын қалайда. – Біз Томиристің ерте жастан сурет салуға құмар болғанын байқап, қаладағы сурет мектебіне оқуға бердік. Оның республикалық байқауға жолдама алғанын зор жеңіс деп қуандық. Ал ол жақтан үшінші орын иеленуі облысымыз үшін үлкен абырой. Бұл қызымыздың алғаш қатысып отырған конкурсы. Әрі тырнақалды туындысы патриоттық тақырыпқа арналғанын да жақсылыққа баладық, – деді анасы Гүлшат Сабықова.
Айта кетейік, Астанада 8 желтоқсанда басталған «Балалық шақтан көзқарас» көрме жобасы бір айға созылады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ