Өркениет көшінен қалмайтын мамандық

Кейде өзіме: "Мен не үшін журналист мамандығын таңдадым?" деп сұрақ қоямын. Таныстарымның басым көпшілігі бұл салада жұмыс табу қиын, келешекте қажеттілігі де болмай қалуы мүмкін деп ойлайды. Осы күдік уақыт өте келе мені де мазалап, көңілдегі күмән қоюлана түскендей болды. Ал бала кезде теледидар экранынан тілшілерді, жүргізушілерді көргенде сөйлеу мәнеріне, адамдардан сұхбат алу шеберлігіне қызығатынмын. Ең бастысы, әрине, олардың елге танымалдығы, көпшіліктің құрмет тұтатыны еліктіретін. Журналист болған адамның өмірі тап бір ертегі немесе кинодағыдай елестейтін. Мектепті тәмамдағанда осы балалық қызығушылық алға қойған арман-мақсатқа айналды.
Осы мамандық бойынша оқуға түсіп, білім ала бастағанда журналистиканың қызығынан қиындығы көп, ауыр мамандық екенін ұқтым. Экраннан көрсетілетін әдемі дүниенің артында қаншама төккен тер, ізденіс, күйзеліс жатады. Журналистка – шығармашылық. Ал шығармашылық қашанда жүйкеге салмақ түсіреді. Ойдың ұшқырлығын, терең білімді қажет етеді. Ең қиыны – қай тарапқа да бұра тартпай, ақпараттың ақиқатына жетуге тырысу. Топан судай тасыған ақпаратты игеріп, жүйелеудің өзі оңай емес.
"Журналистиканың болашағы жоқ" деп күмәнданатындар оны уақыт өте келе әлеуметтік желі алмастырады деген пікірде. Бір кездері менің де көңіліме осындай күмән кірген. Қазір ойлап отырсам, әлеуметтік желі қолданушыларының бәрі ақпарат таратушы болғанымен, кәсіби журналист емес. Сондықтан, жоғарыда айтқанымдай, ақпаратты жүйелеп, ақиқатын табу, бұқараға бұрмаламай дұрыс жеткізу желі тұтынушылардың бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Міне, осы тұста кәсіби маманның көмегі керек. Дұрыс, шынайы ақпаратты тек ресми ақпарат құралдары ғана бере алады. Сонымен қатар, қазір барлық кәсіби тілшінің, ресми БАҚ-тардың әлеуметтік желілерде парақшалары, жеке сайттары бар. Сондықтан ғаламтор БАҚ-ты нарықтан ысыра алмайды, журналистика замана ағымымен қатар қадам басады. Ал қай мамандықты да шебер меңгерген адам жерде қалмайды. Сол себепті барынша жақсы оқып, өзімнен кейінгілердің де осы мамандыққа қызығушылығын тудыратындай журналист болуға ұмтыламын.
 
Айжан Асқарбек,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ
Журналистика мамандығының 2-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓