Сауатсыз дәрігер жауапсыз қалмайды
Журырда Қостанай сотында 8 жастағы баланың денсаулығына залал келтіру фактісі бойынша азаматтық іс қаралады. Баланың анасы соттан денсаулыққа келтірілген залал үшін жеке емханадан моральдық шығынды өндіріп беруді сұрайды.
Өткен жылдың 7-тамызында Қостанай тұрғыны баласын сүндетке отырғызу мақсатынмен жеке емханаға жүгінген. Қызмет құны – 20 000 теңге. Баланың қандай да бір дәрі-дәрмекке аллергиясы бар не жоқтығын сұрамаған медицина қызметкерлері медициналық қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасаған. Сүндеттеу отасы жалпы анестезия арқылы лазерлік жолмен жасалды.
Шағымданушының сөзінше, бірнеше күн бойы ісік басылмаған соң қайта емханаға жолыққанда дәрігер дөрекілік танытып, баланы немқұрайлы қарап, ата-ананың өздерінің кінәлі екендіктерін айтқан.
12-тамыз күні облыстық балалар ауруханасына қайта барғанда бала ауруханаға жатқызылады. Ал, ЖШС-не лицензиясыз жұмыс істеу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Бүгінде баланың денсаулығы қалпына келе қоймаған. Бірнеше мәрте жасалған анестезия салдарынан ой-өрісінің дамуында кемшіліктер бар. Ал, оның анасы жүйке неврозына шалдыққан.
Талап шағымында азаматша жеке емханадан 20 000 теңге материалдық және 5 млн. теңге моральдық шығынды өндіруді сұрайды.
Қостанай облыстық баспасөз қызметі