Аманкелдідегі дүбірлі той жалғасуда
Бүгін – 1916 жылғы халық қозғалысының 100 жылдығына арналған тойдың екінші күні. Аманкелді ауданында өтіп жатқан осынау дүбірлі думан республикалық ақындар айтысымен басталғанын айта кетейік. Бас жүлдені танымал айтыскер Айбек Қалиев иеленді.
«Мәңгілік Ел мұраты: Тарих пен тағылым» атты ғылыми конференция жұмысына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан арнайы тойға шақырылған қонақтар, ауданның зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, барлығы 200 адам қатысты. Конференцияны Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов жүргізіп отырды.
«1916 жылғы халықтық қозғалысты тарихи тұрғыда зерделеу мәселелері» тақырыбында профессор, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы баяндама жасады. Ол сөзінде халық қозғалысын қазақ тарихындағы ең үлкен қасіретті жыл екендігін айтты.Тарих ғылымдарының докторы, Аманкелді Имановтың ұрпағы Батырлан Рамазанұлына да аудан орталығына ат басын тіреп, халық қозғалысына байланысты шыққан кітап туралы аз-кем мағлұмат берді.
Мерекелеу шаралары ат бәйгесі, қазақ күресімен жалғасады. Аманкелді ауданындағы думан жайында алдағы уақытта да ақпарат бере отырамыз.