«Домбыра-думанның» ауқымы артпақ

Облыстағы баспасөздің қарашаңырағы «Қостанай таңы» газеті бастамашы болған «Домбыра-думан» шарасы алдағы уақытта ауқымын бұрынғыдан да арттырмақ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен облысымыздың 80 жылдығы құрметіне ҚР Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясымен бірлесіп, республикалық «Домбыра-думан» фестивалін өткізбек. Шара биылғы академияның 45 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр.мини
Халқымыздың баға жетпес қазынасы – домбыраны кейінгі жастарға кеңінен дәріптеу мен өскелең ұрпақтың асыл мұрамызға деген ынтасын арттыру – басты мақсат. «Домбыра-думан» қазақтың қара домбырасының шанағынан шыққан күмбірлеген күй, жас талап иелерінің көмейінен әуелеген ән, жүрекке қонымды жырынан көңілді ортаға айналатыны анық.
Сонымен қатар фестиваль «Бір домбыраның тарихы» деген тақырыпқа негізделмек. Кезінде Қазақ КСР-нің Ішкі істер министрі қызметін атқарған Шырақбек Қабылбаевтың халық мұрасына жақын, өнер иелерімен қоян-қолтық араласқан тұлға болғандығы дәстүрлі шара барысында кеңінен айтылады.
 Фестивальге өңіріміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, басқа аймақтардың да студенттері қатысады. Байқау «дәстүрлі ән» және «күй» номинациялары бойынша өтеді. Оған есімдері елге белгілі өнерпаздар, ақын-жазушылар төрелік етпек. Ал топтан суырылып шығып, үздік танылғандар бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен  марапатталатынын айта кеткен жөн.
Айтулы шара алдағы 23 қыркүйек күні сағат 11.00-де облыстық филармонияда өтеді.       
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓