Мешіттің есігі жабылса да, сауаптың есігі жабылған жоқ
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Мерейлі жылға орай Мүфтияттың Төралқа кеңесі «30 игі шара» акциясын өткізуді бекіткен болатын. Бұл науқанның басым бөлігі қайырымдылық қадамдарға бағытталған. Елде басталған пандемия салдарынан төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланса да, ол сауапты да салауатты бастамаға кедергі болған жоқ.
Игілікті іс біздің өңірімізде де кең қарқынмен жүзеге асырылып жатыр. Әулиекөл және Науырзым аудандарындағы көпір құрылысы мен бұлақ көзін ашу – акцияның бір парасы ғана. Екі өңірдегі ел игілігіне берілген қайырлы жұмыстарға куә болып қайттық. Ал ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы құрметті қонақ ретінде арнайы келіп, құттықтауын жеткізді. Нысандардың ашылу салтанаты көпшілік жиынсыз, тек жергілікті аудандардың басшылары, дін өкілдерінің қатысуымен өткенін айта кетейік.
Әулиекөл ауданы орталығындағы арық үстіне салынған өткелдің әбден тозығы жетіп, ескіріп қалған екен. Биыл облыстық мешіттің бас имамы бастап, аудан әкімдігі қолдап ауыл жұртшылығын байланыстырып тұрған жаңа көпір салу жұмысы қолға алынды. Оған Ғабит Мұқанов бастаған елдің кәсіпкер азаматтары демеушілік көрсеткен екен.
Аудан әкімі Ерлан Теменовтің айтуынша, ауылда осы текті тағы бір көпір салынып жатыр. Ол да көпке ұзамай ел игілігіне берілмекші. Жаңадан салынып жатқан Әмит ишан мешітінің сырты қоршалды. Құсмұрын ауылында жергілікті азаматтардың демеушілігімен салынып жатқан Алла үйі де қысқа дейін аяқталып қалады. Ал жалпы, әулиелі өңірге күні кеше 8 тыныс алу аппараты жеткізілсе, алдағы уақыт аурухана тағы 3 концентратормен толықпақ. Мұның бәрі қайырымды іске жұмылған жұртшылықтың шынайы ықыласы.
Киелі Науырзым елі табиғатының көріктілігімен қатар, жерінің асты-үсті суға толы мекен. Әрісін айтпағанда, күре жолдың екі жағында ішсең шөліңді қандырар бұлақ аз емес. Аудан орталығына барар жолдың шетіндегі Киев ауылының тұсында ағып жатқан бұлақ бұған дейін шөп басып, қараусыз жатқан. Оның көзін ашып, басында отырып демалатын орын керек-ақ еді.
Аймақтағы дін басшыларының ұсынысымен бұл мәселе де шешімін тапты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Талғат Кәрбозов мұндай игілікті істердің әлі де жалғаса беретінін жеткізді. Ал ел ақсақалы Жаңабай Ысмайылов жиналғандарға ақ бастасын берді.
Жолдан қайнарға қарай түсетін жерге бетоннан баспалдақ төселген. Ал судың басына құдық қойылған, ыдысыңызды батырып жіберіп тіршілік нәрін алып іше бересіз. Осы науқанға «Шолақсай-1» ЖШС құрылтайшысы, ел ағасы Өмірзақ Ихтиляпов демеушілік көрсетіп отыр.
– Биыл ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-танымдық кітаптар шығарып, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Алтын Орданың 750 жылдығына халықаралық конференциялар өткізу, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген дін қайраткерлерінің есімдерін мешіттерге беру жоспарланды. Жетім балаларға, мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсету, елдімекендердің ауыз су, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ауылдардағы мешіттерді күрделі жөндеуден өткізу қатарлы қайырымдылық шаралары жүзеге асырылуда. Пайғамбарымыз екі дүниеде де қайыры бар пайдалы дүниелерді бұйырды. Солардың қатарында бүгінгі көпір де, бұлақ көзін ашу да бар. Екеуі де елге қызмет ететін, сауабы мол дүниелер, – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.
Аймағымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет атқарылатын жұмыстардың әлі де бар екенін атап өтті. Соның ішінде бүгінгідей науқанмен қатар, жерасты суы колонкасын орнату, баспанасы жоқ дін қызметкерлеріне үй әперу, зират-қорымдарды қоршау, қалалар сыртынан жерлеу орындарына учаскелер алу қатарлы істер бар. Биыл облыстық мешіттің ұйытқы болуымен жомарт азаматтардан қаражат жиналып, аудан-қалалардың ауруханаларына жасанды тыныс алу аппараттары берілді. Ал алдағы «Мектепке жол» акциясы, мұқтаж отбасыларға азық-түлік, қажетті заттар тарату жұмыстары жыл он екі ай үзілмейтін науқан.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Қостанай-Әулиекөл-Науырзым-Қостанай.