Уақ бармақ батыр
Торғайдың күн шығыс жақ бетінде Шеген ауылы мен Ақшығанақ ауылының ортасында, Торғай өзенінің арғы беті мен бергі бетін алып жатқан "Тосын" деп аталатын құмайт жер бар. Осы жерді бір кездері қалмақ жұрты мекендепті. Қалмақтың Садырбала деген батыры сол жердегі "Қарсақбасы" деген төбенің басына шығып алып, күнде қазақтарды жекпе-жекке шақырып мазалап, мазақ қыла берген екен.
Қалмақты елден көшіруді ойластырып жүрген батыр бабамыз Шақшақ Жәнібек тархан жекпе-жекке Уақ Бармақ батырды шығаруға ұйғарым жасап, оны алдыртуға адам жібереді. Бармақ батыр ол кездері қонысы Нарын құмы жақта болыпты. Шақыртуды естіген Бармақ батыр қос атпен жеделдетіп жүріп отырып үш күнде Жәнібек тарханға жетіпті.
Келгеннен кейін Уақ Бармақ батыр-ға Жәнібек тархан барлық болып тұрған мән-жайларын түсіндіріп:
– Жекпе-жекке демалып ертең шығасың ба, әлде бүгін айқасып көресің бе? – деп сұрайды. Бармақ батыр:
– Ұрыста тұрыс бола ма, не де болса қазір шығамын айқасқа, – дейді.
Жәнібек Бармақ батырға ырзалықпен қарап келісімін беріп:
– Сенің Сандалкөгің шаршап келді ғой, менің Қазмойын Қаратұлпарымды мін, – деп ұсыныс айтады.
Қалмақ жағымен алдын-ала сөйлесіп, қырғын қантөгіске жол бермеу үшін Жәнібек тархан келіссөз жүргізіп, екі жақ та былай деп келіскен екен:
– Екі батыр жекпе-жекке шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, сол жақтың дегені жүреді, – деп.
Қарсақбасының дәл төбесінде қазақтың батыры Уақ Бармақ пен қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке кездескен бетте, қалмақ батыры атын бұрып алып, кейін қарай қаша жөнеліпті. Бармақ батыр қашқан қалмақ батырының жолын кесіп, алдынан келіп шаншып түсіру үшін ұмтылғанда, астындағы аты Қазмойын Қаратұлпар жете алмай қалады. Қашқан жауды артынан соққы жасау қай батырға болмасын мін боп тағылатындықтан қашқан қалмақтың артынан соққы жасамай қалып қояды. Содан Бармақ батыр қайтып келіп өзінің Сандалкөк атын ерттетіп төбе басына қайта шығып қалмақ батырын жекпе-жекке шақырады.
Қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке шықпай қашып келгенін көрген қалмақтың қалың қолы " не болды" деп сұрағанда, Садырбала:
– Халқым, сендермен қоштасайын деп келдім. Осы жолы менің ажалым жеткен сияқты. Осы жекпе-жекке келген Уақ Бармақ батыр болса керек, – деп, бәрімен қош айтысып жекпе-жекке қайта шығуға кетеді.
Екінші рет жекпе-жекке бетпе-бет келуге қалмақ батыры Бармақ батырдың басып тұрған мысына шыдас бере алмай, қаймығып тағы қаша жөнеледі. Қаша жөнелетінін білгендей Бармақ батыр Садырбаланың алдын орап келіп қақ маңдайдан найзамен шаншып өлтіріп, аттан түсіреді. Жекпе-жекте қалмақ батыры жеңіліп содан қалмақтар:
Ақ шабағы май татыған
Қара суы бал татыған
Қайран Тосын қалдың ба, – деп қалың қалмақ жеріне ауған дейді.
Сол қалмақ батыры Садырбала өлген Қарсақбасыда осы күні "Садырбала сайы" деген сай бар екен.
Қалың қалмақтан босаған жерден Жәнібек бабамыз Уақ Бармақ батырға қалаған жеріңнен қоныс ал деп, таңдаған Тосынның Ырғыз жақ шетінен қоныс жер бөліп берген екен. Ол жер "Уақтың қызыл жары" деп аталыпты. Торғай жеріне қазіргі Уақ руының қоныстануына, міне, осы оқиға себеп болған деседі көнекөз қариялар.
Осы Уақ Бармақ батырды бірде жолаушылап келе жатқанда қалмақтар қоршап қолға түсіріпті. Қолға түскен қазақ батырын "енді не істейміз" деп ақылдасқанда барлық қалмақ "өлтіру керек" деп шуылдасады. Мұны естіген Бармақ батыр, қалмақ ханына қарап:
– Мен жолаушылап келе жатқанда, қолға түсірдіңдер, өлтірсеңдер өлтіре беріңдер. Мен үшін ағаларым бәрібір өш алмай қоймайды, – деп қасқайып тұрып алады.
Мұны естіп тұрған қалмақ ханы:
– Неше ағайындысыңдар?– деп сұрайды. Бармақ батыр оған:
– Бес ағайындымыз Жәнібек, Жәуке, Есет, Сәрке және мен бесеуміз, – деп жауап береді.
Қалмақ ханы қазақтың бірыңғай ығай мен сығай бас батырларының атын естіп, "бұлар бәрібір бізді тиыш қоймайды" деп:
– Сый-сыяпатын жасап босатыңдар, – деп қалмақтың бір қызын қосып беріп босатып жіберген екен.
Бармақ батырдың сол қалмақ қызынан "Қарабақ Уақ" әулеті тарайды екен.
Бармақ батырдың бес ағайындымыз деп айтқандағысы негізі өзі Уақ, Жәнібек пен Жәуке Арғын, Есет пен Сәрке кіші жүз батырлары. Сол кездегі аталарымыздың бірлігі мен ынтымағы, бір біріне қорғаны осындай болған екен. Қазіргі қазақ ағайындарға үлкен үлгі боларлық іс.
Уақ руы Торғай жерінде өсіп өніп тұтас бір ел болып қоныстанып отыр. Негізгі қоныстанған жері Ақшығанақ ауылы. Осы Уақ руының азаматтарының бір әңгімесін мысал қылып айта кетейін. Ақшығанақ ауылында Уақ руынан Жүніс деген кісі болған. Ол кісі бойы аласа, денесі шағын адам болса да үлкен күш иесі болған екен. Ертеде ауыл кұдықтарында қазіргідей биіктетіп домалақ тас қойылмайды екен. Жиегі лай батпақпен тайғанақ боп тұрған сәтінде Жүністің көршісінің ірі құнан өгізі құдық басына келіп қалып батпақтан тайғанақтап құдыққа түсіп бара жатса керек. Көріп қалғын Жүніс ақсақал құлап бара жатқан өгіздің құйрығынан шап беріп ұстап құдыққа өгізді түсірмей ұстап қалыпты. Құдық басына келген бір баланы өгіздің иесіне жіберіп хабар бергізіп, өгізді Жүністің құдыққа түсірмей ұстап тұрғанын айтқызады. Хабарды естіген малдың иесі Жүністің: "Құнан өгіздің құйрығынан ұстап құдыққа түсірмей тұр", – дегеніне наныңқырамай, Жүністің түр-тұлғасын ғана көріп жүрген көршісі табиғи күшін бұрын көрмеген болу керек:
– Е, Жүністің құйрығынан ұстап құдыққа түсірмей тұрған өгіз болса, қандай өгіз дейсің, жібере салсын деп айт, – деп келген баланы қайта жүгіртіп жіберіпті. Бала жүгіріп келсе Жүніс құнан өгізді құдыққа түсірмей әлі ұстап тұр екен. Бала Жүніс ақсақалға қарап:
– Ата, сіз түсірмей ұстап тұрған өгіз болса, жібере салсын, – деп айтты дейді. Әзілдері жарасқан кісілер болса керек Жүніс те:
– Өзіне керек болмаған өгіздің ендеше маған қажетіне не? – деп жібере салған екен.
Тұмсығымен құдыққа түскен құнан өгізі тұншығып өліп қалыпты. Құдық басында не болар екен деп қызықтап және Жүністің табиғи күшіне таң қалып қарап тұрған ауыл тұрғындары, у-шу боп өгіздің иесіне барып, құнан өгізін құдыққа түсірмей алып шығуға неге шықпағанын, оның үстіне "ұстап тұрған адамға неге қоя бер дедің" "енді құдықтағы өлген өгізіңді өзің шығарып, құдықты тазалап бер" деп ауыл адамдары дүрсе қоя бергенде барып иесі өзінің үлкен құнан өгізінің құдыққа түсіп кеткенін біліпті. Жүністің орасан күшіне таң қалған мал иесі өз ісіне көпке дейін ұялып жүрген екен. Осы Жүніс ақсақал өте қарулы адам болғандықтан ауылдың ауыр жұмыстарын да атқарып жүреді екен. Ауыр жұмыс атқарған кісінің тамақ ішуі де ірі болса керек. Құрдастары "Жүніс-ау, осы тамақтың бәрі қайда кетіп жатыр?" деп әзілдегендеріне:
– Бұл тамақты Жүніс жеп жатқан жоқ, жұмыс жеп жатыр ғой, – деп артында мәңгі өлместей сөз қалдырған сол Уақ Бармақ батырдың ұрпағынан осындай үлкен күш иесі Жүніс сияқты адамдар тараған. Ол Жүністің ұрпағы осы күнге дейін сол Ақшығанақ ауылында тұрып жатыр.
Жасұлан Сейітұлы.