Қазақ тілі – қаруы
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз!» – деп ұрандатқан патриоттар мен «ана тілінде тілдесуге мұрсат бермей жатыр!» – деп атойлаған өзге ұлт өкілдерінің жазбалары соңғы кездері әлеуметтік желілерде желдей есуде. Жазбаларды жүктегендердің шынымен де тілдің жанашыры, я болмаса, арзан ұпай жинауға ұмтылғандар екенін айқын аңғару мүмкін емес. Анығы – мемлекеттік тілді желеу еткендер діттегеніне жетіп жатыр. Тілге қатысты теке-тірестердің тұрмыстық деңгейден асып, әлеуметтік сипатқа ие бола бастағаны осының айғағы.
Елімізде тіл мәселесінің әсіресе, түрік азаматы Оғыз Доғанның әрекеттерінен кейін шиырлана түскені мәлім. Қазақ елінде қазақ тілінің құқығын қорғауды жөн көрген азамат қоғамдық орындар мен мекемелердегі мемлекеттік тілге қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтап, жауапты тұлғалардың әрекетін әшкерелейтін бейнебаяндарды әлеуметтік желілерде жариялады. Тіпті, еліміздегі алпауыт әуе компаниясымен соттасып, мемлекеттік тіліміздің мерейін үстем еткені ел есінде. Одан кейінгі екінші деңгейдегі банктердің біріндегі қызметкермен болған келеңсіз диалогы мемлекеттік тіл мәселесінің өзектілігін көрсетті. Оғыз Доған мен оған еліктегендердің осы тектес әрекеттерінен соң, мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сауда, өнер, қаржы іспетті қоғамдық орындарда да ана тілімізге ерекше мән беріле бастады.
Қазіргі заманның тілімен айтқанда – жұртшылықтың жанды жерін қасып, «хайп» жинауды жөн көргендер Доғанның сценариімен қолдарына камераларын алып, тілге шорқақтардың соңына түсті. Бір қызығы, мемлекеттік тілді жетік меңгермесе де, бұрынғы мәжілісмен, қазір блогер болып жүрген Тәңірберген Бердоңғаров та сол Оғыз Доғанмен бірігіп, тілге қатысты бірнеше жазбасын жариялады. Танымал тұлғалардың мұндай әрекеті – тіл проблемасын тіптен, әсерлендіріп жіберген еді.
Тілден теперіш көріп пе?!
Жалпы, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында, елімізде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шаралардың тындырылып жатқаны баршамызға белгілі. Мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданып, қазақ тілін меңгеру курстары жұмыс істеуде. Өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында, түрлі деңгейде қазақша сайыстар ұйымдастырылады. Осы істердің нәтижесінде, мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары жыл санап артып келеді. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10 жылдың көлемінде қазақстандықтардың 90% қазақша сөйлейтін болады.
Ал, 15-20 жылдың шамасында Қазақстан көп ұлтты мемлекеттен моно мемлекетке айналуы тиіс. (Кейбіреулердің жылы орынын суытуына мемлекеттік тіл мәртебесінің себепкер болатыны рас). Негізінде, ұлттық құрамның өсуіне қандастарымызды тарихи отанына қайтаруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық өсімі ықпал ететін болады. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының да өз қандастарын қайтаруға бағытталған бағдарламалары мұрындық болмақ. Болжамдарға сүйенер болсақ, алдағы он жылдың ішінде Қазақстанды мекен еткен орыс ұлтының өкілдері ұлттық құрам жағынан екінші орыннан 3-4 орындарға сырғуы тиіс.
Қазақ елін мекен еткен орыстардың тарихи отанына оралуы – заңды құбылыс. Оның бірнеше себебі бар. Көрші мемлекетте жүргізілген демографиялық зерттеулер бала туу көрсеткішінің ресейлік мұсылмандарда славяндардан үш есеге басым екенін көрсеткен. Демографиялық өсімнің тежелуі, ішкі экономикалық ахуалдың төмендеуі және сыртқы байланыстың үзілуі Ресейдің ұлттық құрамын күшейтуге бағытталған бірқатар бағдарламаларын қабылдауына түрткі болды. Аталған елдегі зейнетақы реформасы, «Отандастар» бағдарламасы – адами капиталды жетілдіру, демографиялық жағдайды түзеуге бағытталған жобаларының басы ғана …
Қазақстандық өзге ұлт өкілдерінің өре түрегелуіне осының өзі жетіп жатыр дерсіз… Бәлкім. Бірақ, әзірге, көрші мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып жатқандардан гөрі аңысын бағып отырғандар басым. Неге десеңіз, Ресей – әлем елдерінің экономикалық кәріне ұшыраған, қаржыдан қысылып отырған елдердің қатарында. Ал, Қазақстан – ТМД көлеміндегі экономикасы тұрақты, дамушы мемлекеттердің бірі. Ең бастысы, біздің елімізде нәсілдік, ұлттық, тілдік шектеу жоқ, анығы – жоқ еді. Бүгінгілердің біліп я болмаса білмей істеп жүрген тірлігі біздің осы басымдығымызға нұсқан келтіруде.
Қалыптасқан жағдайға сүйенген сарапшылар Қазақстанды мекен еткен өзге ұлт өкілдерін үш топқа бөліп қарастыруда: алғашқылары – "өзге тілге орын жоқ, тек, қазақ тілінде сөйлеу мүмкін емес" дейтіндер. Олар, осы бастан көрші елге қоныс аударуда. Екінші топ – "шеттетіліп, қысым көрген жағдайда кетуіміз мүмкін" дейтіндер. Ал, үшінші топ – өз болашағын Қазақ елімен байланыстырғандар. Бұл топтың өкілдері осы бастан мемлекеттік тілді меңгеріп, ұл-қыздарын қазақ мектептерінде оқытуда.
Қазақшаға кім қарсы?
Қазақ тілі қанатын кеңге жайған сайын, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің кейбірінің тынысы тарыла бастағаны жасырын емес. Мұндай құбылысты көрші елмен қоңсылас орналасқан Қостанай облысынан жиі байқауға болады.
Жасыратыны жоқ, тоғыз жүз мыңға жуық қана тұрғыны бар (оның 330 мыңы ғана өз ұлтымыздан), Ресейдің үш облысымен бүйірлескен Тобыл өңіріне көрші мемлекеттің ызғары алдымен сезіледі. Осыдан да болар, біздегі қаламмен қаруланған өзге ұлт өкілдерінің «жазғыштары» аракідік жергілікті басылымдарда өз тілдерінің қусырылып бара жатқанын айтып, атойлап қояды. Енді бірі тілге қатысты кәрін әлеуметтік желілерде төгеді. Жазбалардың дені тұрмыстық деңгейде, болмашы нәрсенің төңірегінде өрбіген. Халықтың жаппай дүрлігуіне ешбір себеп те жоқ.
Жалпы, қазақстандықтарға мемлекеттік тіліміздің Қазақ тілі екенін, оның Конституциямен айқындалғанын айтудың өзі артық болар. Дегенмен де, Елбасымыздың "өзара байланыс тілі есебінде өзге тілде сөйлесуге болады" дегенін біздің облыста «қызыл жалаудай» көтергендер көбейді. Арқалық қаласындағы емханалардың бірінде болған келеңсіз жағдай осының айғағы. Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбадан «жәбірлендім» деген жанның ақ халаттыны өзінің әурелеп тұрғанын анық аңғаруға болады. Тілге қатысты теке-тіресті тұрмыстық деңгейден әлеуметтік, халықаралық проблемаға айналдырмақ болған кісінің нені көксегенін, нені мақсат еткенін іші біледі.
Айтпақшы, қазақ елінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеремін деп жүрген Оғыз Доғанның Қырғызстанда қырғыз тілінің құқығын қорғап жүрген бейнежазбасы жарияланды. Мұнда да дәл Қазақстандағыдай, біздегі болған жағдай қайталануда. Тек, бұл жолғы кейіпкерден Оғыз Доған қырғызша жауап алуға талпынып жатыр. Қазақ тілінің көсегесін көгертемін деп жүрген көкеміздің бұл әрекетіне қарап: «әр істің басын бір шалып, арзан ұпай жинап жүргені несі?» – деген ойға қалады екенсіз.