Атқарар іс аз емес

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып, көптеген мәселенің шешілуіне бастамашы болды. Билік халыққа барынша жақын болуы керек дегенді алға тартып келеді. Президент Жолдауында айтылған пікірдің мәнісі шенеунік алдымен халық қамын ойлауға тиісті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін көтеріп, кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
«Nur Otan» – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия. Қазақстан үшін сындарлы сәттерде нұр-отандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келеді. «Біз ешқашан бір сәттік пайданы көздеген жоқпыз, орындалмайтын уәде беруден де аулақ болдық. Қоғамымыздың орнықты дамуы мен азаматтарымыздың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істедік. Заман алдымызға тартқан сан түрлі сауалдарға біздің жауабымыз да әзір. Соған қарамастан еңбектене жүріп үйрендік, қажетті тәжірибе жинақтадық» деп жауап қатады нұротандықтар.
Соңғы кездерде бетпе-бет келіп отырған қиындықтар партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан құндылықтардың ерекше маңыздылығын тағы да растады. Бұлардың қатарында – Адам, Бостандық, Заң үстемдігі, Әділдік, Бірлік, Болашаққа нық қадам, Отбасы мен дәстүр секілді қастерлі ұғымдар бар. Олар өз шешімдері мен әрекеттері барысында сара жолды саясатқа сүйене отырып, әрдайым ұлы мұраттар жолында жұмыла білді. Сарабдал саясат жүргізу және барша қазақстандықтардың мүддесін ескерудегі тұрақтылық пен бірліктің негізіне айналды.
«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы. Облысымызда осы ретте көптеген жұмыстар қолға алынған.
Партияның бағдарламасы негізінде Жол картасы әзірленген. Бұл жол картасында аймақ көлемінде келер 5 жылда атқарылатын жұмыс жоспары жасалған. Сондай-ақ, әр іс-шараның орындалу индикаторы бар, сол индикаторларға жауапты депутаттар да тағайындалған.
Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы облыстың базалық салаларында инвестициялық 42 жобаны іске асыру, ол арқылы 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, жоғары түсімді майлы дақылдардың егістігін 508 мың гектардан 2025 жылға 900 мың гектарға дейін ұлғайтып, егіс алқабының құрылымын әртараптандыру партияның алға қойған мақсаттарының қатарында бар.
Өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі автожолдардың сапасын арттыру, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесін 2025 жылға 95,0% -ке дейін жеткізу. Бұл елді толғандыратын мәселелердің бірі деп айтсақ қателеспейміз.
Партия алдағы бес жылда автожолдардың сапасын кезеңімен жақсарту үшін қол жеткізетін тізімді де ұсынып отыр:
• 2021 жылы – 480 км облыстық, аудандық және елді мекен ішілік автожолдарды жөндеу (барлық аудандар мен қалалар);
• 2022 жылы – 531 км облыстық, аудандық және елді мекен ішілік автожолдарды жөндеу (барлық аудандар мен қалалар);
• 2023 жылы – 572 км облыстық, аудандық және елді мекен ішілік автожолдарды жөндеу (барлық аудандар мен қалалар);
• 2024 жылы – 599 км облыстық, аудандық және елді мекен ішілік автожолдарды жөндеу (барлық аудандар мен қалалар);
• 2025 жылы – 621 км облыстық, аудандық және елді мекен ішілік автожолдарды жөндеу (барлық аудандар мен қалалар).
Нәтижесінде 472 мың адамды қамтитын 118 ауылдық елді мекендерде автожолдардың сапасы жақсарады.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы 2025 жылға облыс халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуді жоспарлайды.
300-ден артық адам тұратын ауылдарда орталықтандырылған су құбыры тартылады, 200-ден 300-ге дейін, немесе одан да көбірек тұрғын болса олардың келісімімен су тазарту және тарату нүктесі салынады. 200 адамға дейін халық тұратын ауыз суы сапалы құдықтары мен ұңғымалары жоқ шағын ауылдарда сумен қамтамасыз етілген шаққа дейін қажеттеріне қарай ауыз суды тасып беру ұйымдастырылады.
Нәтижесінде партия 93 ауылда сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына, 11 ауылда сумен қамтамасыз ету желісін қайта жабдықтауға ықпал етеді. Облыста мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы іске асырылуда. Тек, 2019 жылы «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бойынша 1 580 отбасы баспаналы болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. 2021-2022 жылдары Қостанай қаласының («Аэропорт», «Юбилейный», «Қонай», «Береке» мөлтек аудандары), Қостанай ауданының («Бәйтерек», «Астана», «Нұр Әлем» мөлтек аудандары), Амангелді және Меңдіқара аудандарындағы көппәтерлі тұрғын үйлер мөлтек ауданының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын әзірлеу мен құрылысына 11,5 млрд. теңге қаралған.
2021 мен 2022 жыл аралығында 280 мың ш.м. шамасында коммерциялық тұрғын үй (3,3 мың пәтер) және 230 мың ш. м. астам жеке тұрғын үйлер құрылысы (2 мың үй) жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде облыстың 18 305 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді және жақсарту шараларымен шамамен 400 мың тұрғын қамтылатын болады.
Елбасының тапсырмасымен «Бақытты отбасы» жобасы да жүзеге асырылып жатқандығын атап өтуге болады. Партияда бірыңғай әлеуметтік терезесі де жұмыс істейді. Осы ретте кез келген азамат партияның қоғамдық қабылдау бөліміне жүгініп, мәселесін шешуге мүмкіндігі бар. Немесе партияның әлеуметтік желідегі ресми аккаунтарына өтінім қалдырып, облыстық мәслихат депутаттарының қабылдауларына жазылуға мүмкіндіктері бар.
Партияның халық алдындағы беделі тек орталықтағы кең ауқымды акциялармен немесе іс-шаралармен ғана өлшенбейді. Партияның образы қарапайым қазақстандықтардың көз алдында жергілікті жерлердегі күнделікті жұмыстармен қалыптасады. Бастауыш партия ұйымдарының қызметі жергілікті жерлердегі және өңірлердегі мәселелерді оң шешуге қабілеттілігімен ерекшеленуі тиіс.
Айта кету керек, күнделікті мәселемен жүгінген азаматтардың әр проблемасы қараусыз қалған емес. Оған дәлел, облыстық филиалда өткен жылы 15 мыңға жуық азаматтың мәселесі оң шешімін тапқан.
«Nur Otan – халықтың партиясы», – деді Елбасы. Партия – қоғамның қиыс кетіп бара жатқан тұсын түзеп, жөнге салып отыратын, тікелей Президент тапсырмасымен жұмыс істейтін бірегей құрылым. Ұстанымы – татулық пен тыныштық, ұраны – береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Ендігі міндет – партияның абыройын аласартпау. Осы ретте партиялықтарға жүктелетін жүктің салмағы ауыр. Атқарар жұмыс көп.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓