“Жас Отан” ЕХРО-2017 көрмесін насихаттайды
Әлем назарын Қазақстанға аудартатын ауқымды жобалардың бірі, әрине, ол – EXPO-2017 көрмесі. Елордасы Астанада өтетін тарихи оқиғаға Қазақстанның барлық облысы барынша атсалысып, ел мерейін асқақтатқаны сөзсіз. Осы орайда, еліміздің әр өңірі түрлі жобалардың тұсауын кесіп келеді. «Нұр Отан» партиясының Қостанай облысындағы филиалының «Жас Отан» жастар қанаты өңірдегі бірқатар қалалар мен аудандарды аралап, ЕХРО-2017 көрмесінің бастау алғаны туралы насихат жұмыстарын жүргізбек. Бұл туралы тілшілермен өткен брифингте «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Ерлан Төлетаев хабарлады.
-Ел тарихында қалатын ең елеулі оқиғалардың біріне аз да болса өз үлесімізді қосқымыз келеді. ЕХРО – әлемдік деңгейдегі жоба. Бұл кез келген елде өте бермейді. Сондықтан, барша Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік көрсетсе екен. «Жас Отан» жастар қанаты қазіргі таңда еріктілерді жинауда. Жоғарғы сынып оқушылары мен ЖОО-ның студенттері қолға алған жобаларды жүзеге асыруда көп көмек көрсетеді. Бүгіндері белсенді жастар қатары жетерлік. Бәріміз бірігіп, облыстық өнертапқыштар байқауын өткізсек пе деген ойымыз бар,-дейді Е.Төлетаев.
Сондай-ақ, айтулы ұйым Ішкі саясат басқармасымен тізе қосып, Қостанай облысындағы қала-аудандарды араламақ. Мақсат – ЕХРО-2017 көрмесі туралы қалың бұқараға хабар жеткізу. Бұл турға облыстағы БАҚ өкілдері шақыртылмақ. Әзірге Рудный, Лисаков, Жітіқара қалаларына жол жүру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі. Сапар барысында жол бойындағы елді мекендерге де аялдайды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.