Тіл тазалығы үшін

Ана тіліміздің биік мінберлер мен үлкен жиындарда есіктен сығалап, «өгей баланың» күйін кешіп жүргені аздай, көшелердегі мекемелердің маңдайшалары, көше атаулары мен жарнамаларда да ана тіліміздің «сақау тілге» айналып жүргені жасырын емес. Дәл жанында орыс тілінде қатесіз, анық, дәл аудармасымен берілген сөздің қазақ тіліне келгенде ақсап шыға келетіні түсініксіз. Осы олқылықпен күресу мақсатында Рудный қалалық Тілдерді оқыту орталығының мамандары көшелердегі жарнамаларға рейд жүргізді.тил
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19-21 баптарына сәйкес, көшедегі көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда қазақ тіліндегі мәтін жоғарыда, орыс тіліндегі мәтін төменде орналасуы керек. Бірақ іс жүзінде барлығы керісінше екен. Қазақ және орыс тілдерінде қатар берілуі керек кейбір жарнамаларда қазақ тілі мүлдем ұмытылыпты. Көз сүрінтерлік грамматикалық қателер де көшенің әр бұрышында мен-мұндалап тұр. Әрине, бір ғана рейдпен түгел қаланы аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен бір ғана шағын ауданның өзінен мамандар 37 қате тапқан.
– Біздің мақсатымыз – біреуді жазалау, үркітіп, қорқыту емес, басқалардың көрнекі ақпаратты, жарнаманы дұрыс жазуына көмектесу, ескерту бере отырып дұрыстату, неліктен осындай қателер кетіп жатқанының астарына үңілу. Барлық жауапкершілікті жарнамалық агенттіктерге ысырып тастауға болмайды. Мәтінді «Гуглдан» аудара салмай, оны тіл маманына немесе біздің орталыққа тексертсін. Сонда ғана ісіміз алға басады. Тіліміздің мәртебесі артады, – дейді Тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Жанна Жаңбыршина.тилл
Тексеріс қорытындысы бойынша тіл сақшылары «Ономастика туралы» Заңға сүйене отырып қатесі бар ақпараттардың иелеріне ескерту жасады. Бүгіннің өзінде «Айсұлу», «Юничел» дүкендері мен «Magic Lamp» туристік агенттігі сол қателерді түзетіп, азаматтық танытты. Енді мамандардың ескертуіне құлақ аспаған қалған кәсіпкерлерге 50 айлық есептік көрсеткішке көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓