Республикалық «Жайдарман» сайысы Қостанайда өтті
Қазанның 9-10 аралығында облыс орталығында республикалық «Жайдарман» сайысы өтті. Бұл – республикалық «Торғай» орталық лигасының 1\2 финал ойындары. Ойынды Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысымен және «Қазақстан КВН одағының» Қостанайдағы филиалының ұйымдастыруымен өткізілді. Он команда қатысты. Оның ішінде Орал, Павлодар, Қарағанды, Астана қалаларынан келген топтар бар. Мектеп оқушыларынан және ЖОО белсенді жастарынан жасақталған жаңа топтар өнер көрсетті. Сайысшылар бес айналым бойынша сынға түсті. Оларға Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қалмақов, ардагер КВН-ші Қанат Шипин, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ақпараттық-сараптама бөлімінің бас маманы Ақмарал Құрманова, «Қазақстан-Қостанай» облыстық телеарнасының жүргізушісі Алла Гаврина, «Торғай» орталық лигасының бас редакторы Қасиет Кәрім және жас әртіс Ниязбек Шайсұлтанов әділ қазылық жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша алғашқы күні жалпы есеппен 1-орынды Орал қаласының «S-class» командасы жеңіп алды. ҚИнЭУ-лік «Депутат» құрамасы 2-ші тұғырдан көрінді. Ал үшінші орын – Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтынан келген «Ару.kz» қыздарының еншісінде. Сондай-ақ келесі күнгі сайыс нәтижелері бойынша астаналық «Алты белгі» командасы өзгелерден оқ бойы озық болды. Бұлардан кейінгі орынға Қостанай қаласының «Сөзжетпес» еркін құрамасы жайғасса, Қарағанды намысын қорғаған «Болашақ VIP» үшінші жүлдені қанжығаға байлады.
Ж.Балғынбекұлы