Өндіріс тұрақтылығы – жабдықтың сенімділігінде
Рудныйдың «ССКӨБ» АҚ базасында өндірістік жабдықтардың сенімділігін арттыру жөніндегі конференция өтті.
Ауқымды іс-шараға ERG құрамына кіретін «Еуразиялық Топ», «ВТS», «Қазхром ТҰК», «Евроазиаттық энергетикалық корпорациясы», «Қазақстан Алюминийі», «Шұбаркөл көмір», «Қазақстан электролиз зауыты», «ТрансКом» компанияларының жетекші мамандары қатысты.
Айта кетейік, «ССКӨБ» АҚ Еуразиялық Топ кәсіпорындары арасында жабдықтардың үздіксіз тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған «Сенімділік» жобасын табысты жүзеге асырып келеді. Сондықтан да конференцияда рудныйлықтар өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізді.
– Қазіргі қолданыстағы технологиялық регламенттердің көбі Кеңес кезеңінде қалыптасты. Сол себепті жабдықтарды күрделі жөндеу кезінде көп кемшіліктер шығып жатады. Бүгінде біз инвестициялық бағдарламамен жаңа жабдықтарды сатып алудамыз және жаңа технологиялық регламенттерді жүзеге асырудан жақсы нәтиже күтудеміз. Өйткені, біз үшін өндірістің тұрақтылығы – бірінші орында, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев
Кен алыбының техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі вице-президенті Жәнібек Байғабыловтың айтуынша, Еуразиялық Топта техника мен жабдықтың апаттық тоқтап қалу оқиғаларын болдырмас үшін алдын алу шаралары қолға алынған.
– Мысалға биыл пилоттық жобасы аясында Кен дайындау және байыту фабрикасындағы 65 жабдықтың негізгі желілер күйінің әртүрлі параметрлерін қадағалауға мүмкіндік беретін датчиктер орнатылмақ, – дейді ол.
Екі күндік кездесу барысында қатысушылар кәсіпорынның өндірістік алаңында жабдық пен техниканың сенімді жұмысын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын іздеді. Қордаланған өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ 2018 жылға нақты басым бағыттарды айқындап, стратегиялық мақсаттарды белгіледі.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ