Қыстың қамы
Енді екі аптадасын кезекті жылу маусымы басталады. Алда «азуын айға білеген» алты ай қыс тұр. Сондықтан, оған күні бұрын қамданбаса болмайды. Бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр. Өңірдің алдағы қысқа әзірлігі қандай? Неден ұттық, неден ұтылдық? Жылу мауысымына дайындық барысының ахуалы нешік? Қанша жерден жылда қайталанатын жағдай ғой десек те, қыстың аты – қыс. Облыс әкімі А.Мұхамбетовтың қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте науқанға әзірлік жұмыстары жан-жақты талқыланды.
-Бұл – өте маңызды мәселе, – деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов. – Сондықтан, уақытты құр жібермеу керек. 1-қазанға дейін барлық мекеме, кәсіпорындар, тұрғын үйлердің жылу маусымына әзірлік құжаттары сақадай сай тұруы тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қамбар Хайдаровтың баяндауынша, кезекті науқанға дайындық барысы жаман емес сияқты. Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталмағанымен, жалпы көрініс көңілге медеу.
– Өңірдің күзгі-қысқы жылу маусымына әзірлігі аяқталуға жақын. Тек, орақ науқанына байланысты электр қондырғыларын жөндеу жұмыстары қазан айына қалдырылды. Үстіміздегі жылы барлық жылу, бу қазандықтары мен турбиналарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу үшін, электр жүйелерін, әлеуметтік маңызы бар нысандарды әзірлеуге қазынадан 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғыдан аз. Былтыр салаға 10 млрд теңге бөлінген-тұғын. Дегенмен, мерзімді кезеңде атқарылған шаруа қомақты. Бүгінгі таңда облыстағы барлық жылу қазандықтары қысқа дайын.
Басқарма басшысы облыс әкіміне жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары алдын ала түзілген жоспардан артық орындалғанын хабарлады. Мәселен, есепті кезеңге дейін барлығы 23,4 шақырымдық жылу құбырлары қайта жаңартылған. Сондай-ақ, 76,8 шақырымдық су құбыры қалпына келтіріліпті. 1707 шақырымдық электр желісінің 1436-і жөнделген. Облыстағы бүкіл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мекемелері қысқы жылу беру маусымына сақадай сай отыр. Қостанайда 2625 тұрғын үй дайын.
Көктемге салым жылу жүйелерінен 140-тай ақау табылған еді. Соның бәрі қалпына келтірілді. Тіпті, көбісі жаңа құбырлармен ауыстырылды. Мұндай ағымдағы жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Өйткені, жылу маусымы басталар тұста барлық жүйелер қайта сынақтан өткізілетіндігі белгілі.
Облыста күні бүгінге дейін 136 қазандық жөнделген. Оның он сегізіне күрделі жөндеу жұмыстары істелді. Сегіз бу турбинасы жаңартылды. Тарану ауданындағы «Тобыл» МҚК-ы мен Арқалық жылу-энергетикалық орталығындағы әбден көнерген жылыту қазандықтарын жөндеу үшін облыс қазынасынан 133 млн.теңге бөлінген-ді. Қазіргі таңда жұмыс тиісті келісім-шарт пен бекітілген кестеге сай жүріп жатыр дейді Қамбар Хайдаров.
Биыл мемлекекттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша облыс орталығында құны 1 млрд теңгеге бағаланған үш бірдей ауқымды жоба қолға алынған болатын. Осыған сәйкес, 2,2 шақырымдық жылу магистралі қайта қалпына келтірілді. Яғни, жоба Қостанайдағы Павлов көшесінің бойындағы құбырларды ауыстыруға, №2 қазандық пен Әуежай шағын ауданындағы қазандықтың құрылысын аяқтауға мүмкіндік берді. Тағы бір тоқтала кететін жәйт, ол – қатты отын мәселесі. Облысқа барлығы 490 мың тонна көмір қажет болса, бүгінде соның 434 мың тоннасы тасылды. Оның ішінде халыққа керегі – 315 мың тонна. Жергілікті жерлерге жеткізілгені – 217 мың тонна. Бұл істе ширақтық танытпаса болмайды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан, қала әкімдеріне осыны қадап тапсырды. Әсіресе, оңтүстік өңірдегілер самарқаулық танытып отырған сияқты.
– Бізге енді бар болғаны 11 процент қана көмір қажет. Осыны әзірге жер қара, күн жылыда түгел тасып алу керек. Әйтпесе, Сіздер қыс басталғанда ғана қимылдайсыздар. Ол кезде боран басталады, көмір тиелген көліктердің талай рет жолда қалғанын былтыр көрдік қой. Қалайда қор жасап алудың артықтығы жоқ, – деді өңір басшысы.
Коммуналдық мекемелердің іркіліссіз жұмыс істеуіне тағы бір кедергі – қарыз мәселесі. Бүгінге текті облыс тұрғындары мен кәсіпорындарының берешегі 645 млн теңгеге жеткен. Соның ішінде екі айдан астам уақыт бойы төлем төлеуден жалтарып жүргендердің кесірінен 386 млн теңге қарыз қордаланып қалыпты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 105 млн теңгеге көп. Облыс аудандары мен қалаларында коммуналдық төлемді уақытылы жинауға аса мән берілмейді. Соның салқыны енді сезіліп отыр. Тарқатып айтар болсақ, облыс кәсіпорындары мен тұрғындарының жылуға берешегі – 215 млн теңге, суға 123 млн теңге берешек. Электр энергиясы үшін 31 млн теңге, ал көгілдір отынның 17 млн теңгесі жабылмай қалған. Қарызға белшеден батқандардың көшін облыс орталығы бастап тұр – 106 млн теңге. Рудныйда – 72 млн теңге. Жітіқара – 52 млн теңге, Арқалық – 27 млнтеңге. Лисаков – 21,8 млн теңге және аудандар 16 млн теңге берешек. Борышкерлермен күрес пәрменді жүргізіліп жатқанмен, коммуналдық қарыз бәрібір азаяр емес. Сондықтан, облыс басшысы бұған тиісті шаралар қолдануды тапсырды. Аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
– Сіздерден ешкім жауапкершілікті алып тастаған жоқ. Қандай жағдай болсын, бұған жеке-жеке жауап бересіздер, – деді Архимед Мұхамбетов өз бағыныштыларына. – Коммуналдық қарыз көлемін барынша азайтуымыз керек. Әсіресе, шағын қалаларда шығын үстіне шығын жамалуда. Егер бақылаушылардың күші жетпесе, қосымша адам тартыңыздар. Әйтеуір, бір амалын табу керек!
Архимед Мұхамбетов биыл да арқалықтық тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқтығын айтты. Әзірге қолда 2,5 мың тонна мазут бар. Бұл жылу маусымын еш уайымсыз бастауға жеткілікті. Жақын күндері Үкімет қосымша тағы 800 млн теңге қаржы бөлуді ұйғарыпты. Яғни, жыл соңына дейін қажетті мазут тасылып алынады деді өңір басшысы. Тек, қала әкімі Амантай Балғаринге тарифті үнемі бақылауда үстауға кеңес берді. Бәрі де қыстың қамы емес пе!
Әлібек ЫБЫРАЙ