Кәсіпкерден “нәсіп” көрген жемқор
Қостанайда ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызмет Комитеті аймақтық Департаментінің уақытша жетекшісі Өтегенова жемқорлықпен ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында айғақталғандай, айыпталушы Өтегенова жүйелік негізде бопсалау жолымен кәсіпкерлерден ақша алып келген. Ал олар облыс аумағында фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз етуді іске асырады. Өтегенова бұларға көрсетілетін ортақ қамқорлық үшін, тексеріс кезінде шыға қалуы мүмкін ережебұзушылық кезінде әкімшілік жазаға ұшырамас үшін заңсыз сыйақымен қалтасын майлап отырған.
"Өзінің қызметтік мансабын пайдаланып, жеке бас қамын күйттеп, Өтегенова жеке кәсіпкерлерден жалпы сомасы 400 мың теңге пара алған. Бұл тексеріс кезінде әшкере болды," – делінді ведомство баспасөз қызметі хабарламасында.
Мұның сыртында, айыпталушы департаменттің бас есепшісіне кейбір қызметкерлерге ақшалай сыйақы аудару туралы нұсқама берген. Бұл қаржыдан да Өтегенова еш негізсіз 150 мың теңге қымқырып, өз игілігіне жұмсаған. Жемқорлыққа қарсы ведомствоның мәлімдеуіне қарағанда, күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.