Жиһазға өрнек салған кәсіпкер
Мемлекет шағын және орта бизнесті белсенді қолдап келеді. Мәселен өткен жылы Рудныйда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 6 кәсіпкерге мемлекеттік грант бөлінді.
Бағы жанғандардың қатарында Вячеслав Костив те бар. Ол мамандығы есепші болса да, бала кезінен тұрмысқа қажетті заттарды құрастырып, жоқтан бар жасап жүрді. Содан болар, қолына дипломын алған жас маман өзін жиһаз жасау фирмасында сынап көргісі келеді.– Жеті жылдай жиһаздың түр-түрін құрастырып, мол тәжірие жинақтадым. Уақыт өте келе өзім де осы салада кәсіп ашуды мақсат етіп қойдым. Сөйтіп «Real RD» фирмасы дүниеге келді. Ағаш кесетін термовакуумды престі 2,5 миллион теңгеге сатып алмас үшін, оны өзім қолдан жасап шығардым. Бірақ, кәсібім «әу» дегеннен дөңгеленіп кеткен жоқ. Бәсекелестер көп. Түскен қаржының көп бөлігі арендаға, коммуналдық төлем мен жұмыскерлердің жалақысына кетіп жатты, – дейді Вячеслав.
Осы тұста кәсіпкер тыңнан түрен салып, қала нарығында жоқ өнімді шығаруға бел буады. Ғаламторды шарлап, ағаштың бетіне түрлі суреттер мен ою-өрнек салуға арналған компьютермен басқарылатын фрезерлік станокқа көзі түседі. Алайда, құны 3 миллион теңге тұратын жабдықты сатып алуға жас жігіттің қайдан ақшасы болсын.
– Теледидардағы жаңалықтардың бірінен кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттік гранттар бөлініп жатқандығын естідім. Еш ойланбастан «Даму» қорына бизнес-жоба жасап, оны сәтті қорғап шықтым. Қор мамандары «Сіз грант иегері атандыңыз!» дегенде сенбедім. Тек Қытайдан керекті станогым келгенде ғана бағымның жанғандығын түсіндім, – дейді кәсіпкер.Бүгінде рудныйлық фирманың бөлмеаралық есіктері, шкаф-купелері мен жиһаз қасбеттер зор сұранысқа ие. Өндірілген өнімнің үштен екісі Астанаға жөнелтіледі. Осының барлығы маманның шеберлігі мен станоктың сапасын аңғартса керек.
– Бұл құрылғы арқылы тиынға да қалаған өрнекті салып бере аламыз. Кез келген клиенттің тапсырысына үлкен жауапкершілікпен қарағандықтан бізге келушілер қатар көп. Әсіресе қазақтың ұлттық оюына деген сұраныс жақсы, – дейді Вячеслав.Қазір жиһаз фирмасы 6 адамды тұрақы жұмыспен қамтып отыр. Ендігі жерде кәсіпкер еңбектің өнімділігін арттырып, Ресейлік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ