Жалғыздық жанымды жегідей жейді
Құрметті редакция! Менің жанымды жегідей жеген бір сырымды сіздермен бөліспекпін. Өмір болған соң, сан алуан тағдыр болады екен. Бүгінде кәрі қыз атанып, жалғыз қалам деп мүлдем ойламаппын. Жасым 38-де. Тұрмысқа шыққан жоқпын. Жастық шағымның қалай зыр етіп өте шыққанын байқамай қалыппын. Жұрт сияқты керемет «карьера» қуғаным да шамалы. Облыстағы білім ошақтарының бірінде сабақ беремін. Бұйырған жұмыс пен жалақымды алып, жұмыс пен үйдің ортасында жүріп жатырған жайым бар.
Шынымды айтсам, жиырмадан асқанда араласатын жақын құрбыларым тұрмыс құрып, артынша сәбилі болып жатқанда ғана ойлана бастадым. Бірақ «тұрмысқа шық» деп қолқа салып жатқан ешкім де жоқ. Кейде жалғыздықтан да адам шаршайды екен, соңғы кезде өз өзімнен қуыстанып, шақырған жерлерге барудан да қалдым. Біреу маған табалап тұратындай көрінеді. Әлі де тұрмысқа шыққым келеді. Несін жасырайын, «тұрмысқа шығуым керек» деген ойдан да шаршап кеттім. Жұмысқа да құлқым жоқ. Әр құрбым келесі баласын көтергенін естігенде «өзім не бітірдім» деп жылап аламын. Қанша жерден түрің болса да, сымбатты болсаң да Алла бармақтай бақ бермеген соң қиын екен. Кәрі қыз атанғым келмейді. Өзімнен кейінгі сіңілілеріме айтарым, әр нәрсе өз уақытымен, сондықтан 25 жасқа дейін тұрмысқа шығып алыңдар, өмірде қыз бала үшін біреудің жары атанып, ұрпақ сүйіп, әйел бақытына бөленгеннен артық ештеңе жоқ екен!
Салтанат КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ
Айтшы, шырағым, не кедергі болып отыр? Түрің, ақылың бар.Ә, бармақтай бақ жоқ па? Мүмкін кінә өзіңнен шығар. Құрбыларға қызығып, оңашада жылағанша жер-жерді, қала-қаланы, ғаламторды шарлап күйеуді өзің тауып алсаңшы. Сосын психолог ретіндегі кеңесім: ешқашан ешкімнің пікіріне тәуелді болма. Адамның өз пікірі болу керек. Біреудің әйелі болу және бала табу өмірдің шыңы емес! Өмірде одан жоғары арман, мақсат бар. Бұл – кісі ретінде елге, қоғамға көмегіңді тигізу, адам ретінде өшпес із, мұра, жаңалық қалдыра алу. Педагогсың, Тұлға ретінде қалыптасқан адамсың. Байқауымша жаны жаралы, көңілшек, жұмсақ қыз секілдісің. Қазіргі көрсеткіштерге сүйенсек қыз-келіншек 45-50 жасқа дейін бала көтеруі мүмкін. Ал, бақыт әйелдікі, еркектікі болып бөлінбейді, балам. Бақыт-адамзатқа ортақ және салыстырмалы ұғым. Бақ қарасын, қыдыр дарысын, бағың жансын, жолың болсын! Қарағым, ісіңе Аллаһ береке берсін!