Сотталғандар Skype арқылы сөйлесе алады
ҚР Ішкі істер министрлігі сотталғандар үшін туған-туыстарымен Skype арқылы сөйлесу мүмкіндігін енгізуді жоспарлауда.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәлім етті-деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазіргі уақытта министрлік жобаны енгізудің бірнеше нұсқаларын қарастыруда: Skype немесе өзге де IT-технологиялар арқылы.
«Мысалы, сотталған Астанада тұрады, бірақ Оралда қылмыс жасап, сонда жазасын өтейтін болды. Сондықтан, туған-туыстары ары-бері жүрмеуі үшін, Skype орнатса, онлайн арқылы сөйлесе береді», – деді Р. Жақыпов тілшілерге берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, бұл сотталған азаматтар үшін жанұясымен байланыс үзбей, әрдайым сөйлесіп тұруға мүмкіндік ашады.
«Кездесуге тек екі адамнан келе алады, ал мында барлық отбасымен көрісуге мүмкіндік туады. Еш шығын да болмайды», – деді вице-министр.