Қатерге қарсы қам
Мемлекетте төтенше жағдайдың жариялануына байланысты Қостанай облысы Полиция департаменті қандай шаралар қабылдап жатыр? Тәртіп сақшыларының азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметі қалай жүруде? Жалпы, өңірдегі құқықтық ахуал қалай? Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің басшылығы брифинг өткізіп, ақпарат берді.
Қостанай облысы ТЖД жеке құрамы қызмет өткерудің ерекше режиміне ауыстырылды. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – карантин кезеңінде қоғамдық тәртіпті қадағалап, азаматтардың қауіпсіздігін қамсыздандыру. Мұның сыртында, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды қорғау да полицейлер міндетінде.
"Қазіргі таңда құқықтық тәртіпті күзету үшін мыңнан астам полицей және Ұлттық гвардияның 120 әскери қызметкері жұмылдырылды. Қоғамдық орындарды бейнебақылау құрылғылар арқылы қадағалау жұмыстары күшейтілді, – дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Құрмет Мәжікенов. – Тәртіп сақшылары медицина қызметкерлерімен тізе біріктіріп, індет ушыққан елдерден облысымызға келген азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізуге, карантиндік нысанда жатқан тұлғаларды күндіз-түні күзетуге барынша күш салып жатыр".
Қ.Мәжікеновтің айтуынша, жеке құрам медициналық бетперде, қолғап, арнайы костюм және залалсыздандырғыш сұйықтықпен қамтылған. Сондай-ақ, 1-ші желіде жүрген тәртіп сақшыларына қауіпсіздік толықтай жиынтығы көрсетіледі. Барлық аудан-қалада қызмет көрсетуге шектеу қойылған немесе жұмысы уақытша тоқтатылған нысандарға рейдтік шаралар өткізумен айналысатын жедел топтар жұмыс істеп жатыр. Басқарма басшысы қоғам қауіпсіздігі арнайы қызметкерлердің ғана емес, әр азаматтың қолында екенін де шегелеп айтты.
"Облыс тұрғындарына санитарлық тәртіпті бұзғандар, емделуден қашып, ауруды жасырғандар, сондай-ақ, төтенше жағдай туралы талаптарды сақтамағандар және анықталмаған, жалған, арандатушы ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық және әкімшілік жазаға тартылады", – дейді Қ.Мәжікенов.
Мұның сыртында, Елорда мен Алматы қаласы аумағында карантин енгізіліп, кіру-шығуға тыйым салынғаны белгілі болған еді. Осыған байланысты, басқарма басшысы аталмыш қалаларға сапарлауды кейінге қалдыра тұруды ескертеді. Сол жақта тіркеуде тұрған және қаланың тіршілік әрекеті үшін қажетті жекелеген тұлғаларға ғана Нұр-Сұлтан мен Алматыға кіруіне рұқсат беріледі. Бұл шектеудің азық-түлік және халық тұтынысындағы тауар таситін көліктерге де қатысы бар.
Сондай-ақ, мемлекет шекарасына енуге де шектеулер бар. Тек, азаматтар Қазақстаннан емделу мақсатында ғана шыға алады. Оның өзінде қабылдайтын тараптың медициналық мекемесінің тиісті құжаты болуы шарт. Ал, шетелден Қазақстанға осы елде тұруға рұқсаты бар адамдар және ел азаматының отбасына мүше болып саналатын тұлғалар ғана кіргізіледі. Сондықтан, мән-жайды білмей тұрып, байбалам салудың пайдасы жоқ.
"ХҚКО-на барып дау-шар көтерудің, паспорт алуға жанталасудың қажеті шамалы. Өйткені жеке мәселелер бойынша жол жүруге, туристік турларға, вахталық жұмыстарға, бір сөзбен, емделу мақсатындағы сапардың барлығына ТЖ режимі алынып тасталғанға дейін шектеу қойылды", – деп ақпарат берді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайтар Дүтпаев.
Ол облыс халқын қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады. Себебі, бұл ауыр сын әр азамат тәртіп пен ақылға жүгініп әрекет еткенде ғана еңсерілуі мүмкін.