А.Шпекбаев активпен жиын өткізді
Елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-ке жеткен. Олардың 29%-і басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Өйткені бүгінде әйел адамға деген сенім күшейген. Олар ер адамдарға қарағанда, адал әрі міндетіне тиянақты қарап, жемқорлық тәуекеліне оңайлықпен бара қоймайтын көрінеді. Бұл туралы өңірге сапарлап келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен өткен кездесуде айтты. – Жуырда Астанада «Азия-Тынық мұхиты» форумын өткіздік. Форумға келген шетелдік әріптестерімізбен пікір-тәжірибе алмастық. Бір түсінгенім – шетелде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басы-қасында көбіне әйелдер жүреді екен. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде де жандануы тиіс, – деді агенттік төрағасы.
Жиында мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне көшу барысы талқыланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен мемлекеттік қызмет саласында болып жатқан өзге де реформалық өзгерістер жайында сөз болды.
– Бүгінде мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту бағытында бірталай іс атқарылды. Мемлекет басшысының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы Жарлығы шықты. «Ұлт жоспары» шеңберінде 60-тан астам жаңа заң қабылданды. Ендігі міндет – осы заңдардың толыққанды үстемдігін қамтамасыз ету. Алда атқарылатын шаруа көп. Сондықтан бір орында тұрып қалмауымыз керек. Бізде кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктер бар. – деді Алик Жатқамбайұлы.
Жиын барысында мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің мақсаты мен міндеттері тағы бір пысықталып, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті жемқорлықтан қорғау шараларын күшейту керектігі айтылды. Агенттік төрағасының айтуынша, ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бұқаралық сипатқа ие болуы тиіс. Жаңа ғана басталған «Қостанай – адалдық алаңы» жобасы да осы мақсатты көздейді. Бүгінде Қазақстан қоғамы коррупциядан ада заманауи құқықтық мемлекет құруға күш салуда. Еліміздегі барлық мемлекеттік қызметтердің 47%-і электронды жүйеде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 90%-ке жеткізу көзделіп отыр. Қалған 10% сервистік ұйымдар, мемлекеттік корпорациялар арқылы атқарылады.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков