Кеншілер үйлі болмақ

Кез келген адамның отбасын құрғаннан кейін жеке баспанасы болғанын қалайтыны анық. Әсіресе, жастар үшін тұрғын үйлі болу – арман. Бірақ адамдардың бәрінің бірдей оны сатып алуға қалтасы көтере бермейді. Сол себепті соңғы жылдары елімізде арендалық тұрғын үйлерді салуға көп назар аударыла бастады.
Сондай үйлердің бірі Қостанай облысы әкімдігі мен Еуразиялық Топ арасындағы меморандумға сәйкес Рудныйда да бой көтеріп келеді. Бас мердігері «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ-нан бөлек құбыр, су және электр желілерін тартуға тағы да үш құрылыс компаниясы жұмылдырылған. Бүгінде 200-ге тарта жұмысшы ғимараттың іші-сыртын әрлеп, қасбетті жаңартуда.ZFV_1946
– Құрылыс барлық қауіпсіздік және техникалық талаптарға сай жүріп жатыр. Алла қаласа, 1-қарашаға дейін аяқтап, кен алыбының кезекте тұрған 75 жұмыскеріне пәтер кілттерін табыстауда жоспарлап отырмыз. Баспана 20 жылға дейін жалға беріледі және барлық ай сайынғы төлемдер үйді сатып алатын кезде есепке алынатын болады. Қазақстан Ипотекалық компаниясы бекіткен жылдық сыйақы мөлшері – 3,5 пайыз ғана. Бұл – қазіргі нарықтағы ең тиімді ұсыныс, – дейді «ССКӨБ» АҚ капиталдық құрылыс бөлімінің басшысы Валерий Полешко.ZFV_1960
 
ZFV_1983Качарская көшесінде орналасқан осы үйді толығымен жаңғыртуға 560 миллион теңге бөлінген. Қосымша 35 миллион теңге тұрғын үйдің аумағын қоршап, балалардың ойын алаңы мен футбол, баскетбол алаңдарын салуға жұмсалмақ.
«Үйі бардың күйі бар» демекші, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Еуразиялық Топ алдағы 1-2 жылдықта жұмыскерлерінің баспана мәселесін шешуге 2,2 миллиард теңге бағыттап отыр. Бұл қаржыға кеншілер қаласында тағы да 90 пәтерлік, Лисаков және Қашар елді мекендерінде 60 пәтерлік тұрғын үй салынбақ.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓